Бүгін Жаңалық ауылында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өткен сенбіліктің ұраны осындай болды. Акцияға Қайнар ауылдық округінде орналасқан Жаңалық ауылы бекер таңдалмады, өйткені мұнда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемориалы орналасқан және бұл жер оның қатысушылары үшін қасиетті болып есептеледі.
Алматы облысы басшысы қатысқан ел көлеміндегі «Киелі мекен» апталығында бірқатар шаруаның шеті қайырылды. Өңірлерге тазалық жұмыстары жүргізіліп, қап-қап қоқыс шығарылды. Экологиялық акция аясында тек көшелер мен ғимарат маңайы тазартылып қоймай, тарихи-мәдени ескерткіш айналасындағы қалдықтар да жинастырылды.
Акция шеңберінде бір апта ішінде тарихи-мәдени ескерткіштерді абаттандыру жұмыстарын орындау жоспарлануда. Бастама Алматы облысына берілді, себебі облыс тарихы бай. Еліміздің тарихи-мәдени мұрасын бейнелейтін ең ірі қасиетті ескерткіштердің қатарында Қайнар ауылдық округінің Жаңалық ауылында орналасқан саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған мемориал да бар. Дәл осы жерде 70-ке жуық адам жиналды. Алматы облыстық филармониясының өнерпаздары, Талғар ауданы мәдениет бөлімінің қызметкерлері, Саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының қызметкерлері, Талғар ауданының «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ ұжымы тазалық шарасына біркісідей атсалысты. Қуғын-сүргін музейінің меңгерушісі Мейіржан Мұсабаев, Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрбол Есенбаев бастаған топ бірнеше сағаттың ішінде тарихи орын аумағын жайнатып шығарды. Қатысушылар өз белсенділіктерін көрсетті, аумақты қоқыстардан тазартты, жақын маңдағы ағаштарды әктеді, қыста жиналған қураған жапырақтар алынды, ағаштар кесілді.
Талғар ауданының «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ басшысы Жұмақыз Бұтабаеваның айтуынша, бұл акция уақытылы өтті әрі тарих және археология ескерткіштері болып табылатын қасиетті орындар тазартылып, абаттандырылды. Ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева сенбілікке барлық қызметкерлерін белсене тартып: «Бүгінгі іс-шара жай ғана акция емес, бұл жерде жерленгендерді еске алуға арналған құрмет. Біз өзіміздің игі істерімізбен ұрпақтарымызға таза ескерткіштер, біздің мақтанышымыз болып табылатын нағыз мәдени орындар қалдырғымыз келеді», – деп пікір білдірді.
Сенбіліктің жастарды тәрбиелеудегі маңыздылығын атап өткен мұражай меңгерушісі Мейіржан Мұсабаев: «Біздің мұражай – қасиетті орын, мұнда қуғын-сүргінге ұшыраған 4 219 мың адам жерленген. Біздің мұражайда қуғын-сүргінге ұшырағандардың жеке басын қалпына келтіру, олардың ел үшін қайғылы оқиғаларға қатысуы бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілуде, сәйкестікке ДНҚ талдауы жүргізілуде, сондықтан бізге күніне көптеген адамдар келіп, көптеген қонақтар келеді. Мен бұл жердің өзінің жаңашылдығымен көзді тарта отырып, сәйкесінше көрінгенін қалаймын. Мемлекет басшысы бастамашылық еткен акция өскелең ұрпақ өкілдері үшін ата-бабаларын мақтан тұтып, олардың естеліктерін құрметтеуі үшін нағыз тәрбие деп ойлаймын», – деді.
Акция барысында 40 көшет отырғызылды. 100-ге жуық ағаш әктеліп, қалыпқа келтірілді. Акция сол күні қасиетті «Талхиз» археологиялық аумағында жалғасын тапты. Бұл жер ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мәдени мұра тізіміне енген. Мұндағы тазалық акциясына Талғар қаласы әкімінің аппараты, Жастар ресурстық орталығы және Қоғамдық келісім және даму орталығы бастаған 50-ге жуық адам қатысты.
Фатима ЕРЖАНОВА
Талғар ауданы