Тәңіртаудың етегіндегі Кеген ауданы көпке мыңғырған малы және сұлу табиғатымен танымал. Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев жиырмадан аса бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, ауданның бүгінін көрсетіп, болашағы туралы баяндады.
Кеген ауданы – ауыл-шаруашылықтан тыс туризм мүмкіндіктеріне жол ашатын ерекше аймақ. Ауданды ғана емес облыстың экономикасына драйвер болатын жағдайда. Өткен тоғыз айда ауданға 213 мың турист келіп, 71 млн теңге салық түскен. Мұнда қай салада болмасын инвесторларсыз іс алдыға баспайды. Н.Теңізбаев қазір осы бағытқа күш салып, ауданға қаражат, инвестиция тартуға күш салып отыр. Аудан бюджеті – 9 млрд теңге. Ол әлеумет, білім, мемлекеттік органдардың жалақысынан артылмайды. Сондықтан кәсіпкерлерге, осы ауданнан шыққан азаматтардан елге жұмыс орындарын ашуға, кәсіп жасауға мүмкіндік жасалмақ. Басы артық жерлер қайтарылып, шын жұмыс істейтін инвесторларға кәсіпорын салуға берілмек. Былтырдан бері 7 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Кеген ауданында біраз шаруа қолға алынып жатыр. Жақында екі кәсіпорын пайдалануға толық беріледі. 2021 жылы «Кеген Мяспром» ЖШС – ет комбинатының құрылысы басталған болатын. Қазіргі таңда 85 пайызы жұмыс аяқталды. 2023 жылдың желтоқсан айында іске қосылу жоспарда бар. Жобаның құны 2, 5 млрд теңгені құрайды. Мұнда 115 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жобаның қуаттылығы – ауысымына 10 тонна ет. Оған қосымша жүн, тері, тіпті сойылған малдың сүйегіне дейін терең өңдеп, кәдеге жаратамыз деп отыр. Болашақта сойылатын малдың жеткіліксіздігі туындаған жағдайда Кегенге жақын орналасқан Райымбек, Ұйғыр, Панфилов, Еңбекшіқазақ аудандарындағы шаруалар да малын өткізе алады. Бағасы нарықтан жоғары болады екен. Зауытта жылына 2542 тонна ет, 331,5 тонна шұжық, 66 тонна консерві өнімін өндіру жоспарланған.
«Great Steppe Heritage» КТ — Бестөбе су қоймасында форель шаруашылығын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда 80 пайыз жұмыс аяқталды. 2023 жылдың қазан айында толықтай іске қосылу жоспарлануда. Жоба құны 400,0 млн теңгені құрайды. Мұнда 18 жұмыс орны бар. Жобаның қуаттылығы – жылына 500 тонна форель. Жобаны іске асыру кезеңі – 2021-2023 жж. Мықты жоба жүзеге асса, Көлсай мен Қайыңдыны жағалап жүрген туристер түгел осы жаққа тартылады деген жоспар бар.
Одан кейін аудан орталығындағы мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан үйлердің құрылысымен таныстырылды. Жалпы 50 баспапаның биыл 20-сы пайдалануға берілмек. Олар ауданда қызмет ететін жас отбасылар мен баспанасыз мамандарға үлестіріледі. Жобаның жалпы құны – 737,9 млн теңге. Мердігер «Универсалстройсервис» ЖШС-гі, құрылыс жұмыстарын сәуір айында басталды. Келесі жылы толық аяқтамақ. Журналистер қауымы Қарқара ауылындағы Мәдениет үйі мен Кегендегі күрделі жөндеуден өтіп жатқан 2 мектепке барды. Кеген ауылындағы К.Нұрпейісұлы атындағы мектеп-лицейінің күрделі жөндеу жұмыстарының жалпы құны – 867,5 млн теңге. Ал, Ө.Жаңабаев атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарының жалпы құны – 1122,1 млн теңге. Білім ошағындағы құрылыс жұмыстары 69 пайызға аяқталды. Шенеуніктердің айтуынша, келесі тоқсанда оқушылар жаңа мектепке кіреді.
Қарқара ауылдық округіндегі «Құмтекей» магистралды каналының құрылысы да таныстырылды. 1 шаруашылықаралық және 9 ішкі шаруашылық каналдарын күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық құны – 8 581,2 млн теңге. 2022 жылы республикалық бюджеттен 1366,4 млн теңге бөлініп, бірінші кезекте Құмтекей, Қарқара және Мөңкебай каналдарының күрделі жөндеу жұмыстары басталды. 2023 жылға күрделі жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 1 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 100 млн теңге бөлінді.
Қарқара ауылдық округіндегі «СПК Талас» АӨК 2020 жылы Чехия мемлекетінен сүт бағытындағы 80 бас «Симментал» тұқымды ірі қара малын, 2022 жылы сүт бағытындағы 35 бас «Алатау» тұқымды ірі қара малын алып келген. Қазір Түркия мемлекетінен әкелінген «Шырша» сүт сауу аппаратымен күніне 400 литр сүт өндіріп, 15 адам жұмыспен қамтылуда.
Аудандағы жолдың 32 пайызы тозған. Жөндеуді қажет етеді. Кеген асуындағы жол қазір жөнделіп жатыр. Журналистер барған күні АО «НК «ҚазАвтоЖол» басшылары келіп, Қайқы асуынан Кеген ауылына дейінгі аралық жолдары қар түскенше жамалатынына уәде берді.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.