Қайта қалпына келгеніне 5 жылға таяған Кеген ауданында бүгінде жақсылық мол. Анығын айтар болсақ, Кеген аудандық ауруханасының ескі ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, салтанатты түрде пайдалануға берілді. Суы да, дәретханасы да, жылу жүйелері де өз мәнінде жұмыс істемейтін ғимаратты заманға лайық жөндеуден өткізу жөнінде көп жылдардан бері ауыл тұрғындарының ұсыныс, тілегі айтылып келген болатын. Ауыл тұрғындарының ұсыныс-тілегін орындаған «Құрылыс ТБС» ЖШС-нің құрылысшылары мерзімінде сапалы аяқтап шықты. Көзіміз көргендей аудандық аурухананың ескі ғимараты толықтай жаңарған. Жылыту жүйелері жақсы істеп, әр бөлмеден жылылық есіп тұр. Су жүйелері, әр қабаттағы дәретханалар жақсы жағдайда. Есік, терезелері түгелдей жаңарған, едендері жарқыраған ғимаратты ескі деуге келмейді. Аурухана қажетті материалдық-техникалық базамен қамтылған. Лифт жұмыс істейді.
– Күрделі жөндеуден өткізіліп, заманға лайық жаңғырып, жайнаған ғимаратымызда 120 төсектік орын бар. Оның сыртында 3 қабатты мекенжайға перзентхана, балалар бөлімі, хирургия, терапия, гинекология, жан сақтау, ота бөлімдері орналастырылған. Жылы да жайлы мекенжай мұнда жатып емделетін сырқаттарға да тиімді болды. Барлығы алғыстары айтуда. Аудандағы денсаулық сақтау салаларын күрделі жөндеуден өткізуге негіз қалап отырған аудан әкімдігіне, облыс әкімдігіне, облыстық денсаулық басқармасына аудан тұрғындарының атынан алғысымызды айтамыз, – дейді ШЖҚ «Кеген аудандық ауруханасы» КМК-ның директоры, бас дәрігері Алмас Тілеулиев.
Аудан тұрғындары үлкен қуанышқа ие болды. Бұдан 5-6 жыл бұрын аудан орталығынан жаңадан күніне 250 адам қабылдайтын емхана салынып, игілікке айналаған болатын. Сол әдемі жаңа нысанның жанынан сәулетті аурухана ғимараты көз тартты. Ақ халатты абзал жандардың жұмысына сәттілік тілейміз.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
КЕГЕН АУДАНЫ.