Ақпан айының алғашқы бейсенбісі – Дүниежүзілік сайлау күні болғандықтан, жақында айтулы датаға орай, Қарасай ауданының аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен аудан бойынша округтік және учаскелік сайлау комиссиясының мүшелеріне семинар өткізілді.
Жиын барысында Қарасай ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалия Аманова сөз сөйлеп, «Сайлау комиссияларының кәсібилігі мен тәуелсіздігі» тақырыбында баяндама оқыды. Оның барысында сайлауға қатысты маңызды қағидаттар айтылды.
Сайлау комиссияларының кәсібилігі мен тәуелсіздігі – демократиялық сайлаудың негізі. Осы қағидаттарды нығайту арқылы ғана ашық, әділ және сенімді сайлау өткізуге болады. Бұл өз кезегінде азаматтардың сайлау институтына деген сенімін арттырып, құқықтық мемлекет қағидатын жүзеге асыруға ықпал етеді.
Сайлау – демократиялық қоғамның негізгі институттарының бірі. Сайлау процесінің әділ, ашық және заңды өтуі сайлау комиссияларының кәсібилігі мен тәуелсіздігіне тікелей байланысты. Сондықтан бұл екі қағидат сайлау жүйесінің сенімділігін айқындайтын басты факторлар болып табылады.
Сонымен қатар Ғалия Матанқызы өз сөзінде сайлау комиссияларының кәсібилігіне тоқталып, оның мүшелеріне қатысты құқықтық білімі, тәжірибесі, ұйымдастырушылық қабілеті және заң талаптарын нақты орындау деңгейімен сипатталатынын айтты. Одан кейін кәсібиліктің негізгі элементтеріне тоқталып, әрбіріне түсінік берді. Олар – заңнаманы білу, практикалық дағдылар, үздіксіз оқыту, жауапкершілік пен этика
Кәсіби сайлау комиссиясы қателіктерге жол бермей, сайлау процесінің әр кезеңінде заңдылықты қамтамасыз етеді. Сондықтан олардың тәуелсіздігі де маңызды. Яғни, ол дегеніміз сайлау комиссияларының мемлекеттік органдардан, саяси партиялардан, кандидаттардан және өзге де мүдделі тараптардан еркін қызмет атқаруын білдіреді.
Бұл жиында, сондай-ақ саяси бейтараптық, қысымға жол бермеу, алқалылық, заңға ғана бағыну сияқты тәуелсіздіктің негізгі қағидаттарына да түсінік берілді.
Дәл осындай өзекті тақырып талқыға түскен жиынның тағы бірі осы аптаның сәрсенбісінде өтті. Ғалия Матанқызы төрағалық еткен бұл басқосу да Дүниежүзілік сайлау күніне орай ұйымдастырылып, оған «AMANAT» пен «Ауыл» партияларының Қараса ауданы бойынша филиалдарының төрағалары, «Жігер», «Тірек», «Қуат» деп аталатын қоғамдық бірлестіктердің өкілдері шақырылды.
Жиын барысында «Инклюзивті сайлау ортасы: барлық азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету» тақырыбында әңгіме өрбіп, сайлау кезінде барлық азаматтың, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың, жастардың, қарттардың және әлеуметтік осал топтардың тең әрі кедергісіз қатысуын қамтамасыз ету жолдары айтылды. Тренинг барысында инклюзивті сайлау ортасының негізгі қағидаттары, ұлттық заңнама мен халықаралық стандарттар, сайлау учаскелерін бейімдеу талаптары және қолжетімді ақпарат ұсыну тәсілдері қарастырылды. Сонымен қатар саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктің өкілдері де пікір білдіріп, азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етуге қатысты ой бөлісті.
Өз тілшіміз.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
