Тіршілік атаулыға жылылық әкелетін молшылықты Наурыз мейрамын Жамбыл ауылындағы №2 орта мектебі де кең ауқымда атап өтті. Мерекелік іс-шара ауылға қонаққа келген сал-серілерді қарсы алумен басталып, сахнаға шыққан Қыдыр баба көрінісімен жалғасын тапты. Наурыз тойына аудандық білім бөлімінің бас мамандары Б.Абишева және А.Еркинбаева, «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы, ұлағатты ұстаз Ақлима Рахымбердіқызы, Жамбыл округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Қосақбайұлы және округтің бас имамы Марат Әмірұлы, «Топжарған» этно-өнер орталығының директоры Ғабит Бердібайұлы, «Сазген сазы» ансамблінің солисі Саят Нұрғазин қатысты.
Мерекелік кеште қонақ болған ҚР мәдениет қайраткері Сәуле Қаниева халық күйлерін орындап, көрермен ризашылығына бөленді. Концерт мектеп оқушылары мен ұстаздарының орындауындағы халықтық және дәстүрлі әндермен жалғасын тапты.
–Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті Наурыз жасампаздықтың жарқын жолымен жүріп келе жатқан елімізге жаңа жетістіктер, әр шаңыраққа ынтымақ пен шаттық, бақыт пен молшылық әкелсін! – деп мектеп директоры Шолпан Оспанова ауыл тұрғындарына, оқушыларға құттықтау сөзін арнады. Сонымен қатар, мектеп оқушыларынан құралған, бірнеше облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпазы – «Жеңіс» таэквандо клубы өз өнерін көрсетіп, көрерменді тәнті етті. Мұнан бөлек ұстаздар ұлтымыздың «Сырға салу» дәстүрін сахналап, дәстүрді құрметтеуді үйретті.
Ұлттық болмыс пен салт-дәстүрді ерекше айшықтап көрсете білген мерекелік іс-шара жоғарғы деңгейде өтті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.