Осы аптаның сейсенбі күні орталық кітапханадағы «Коворкинг» орталығында, аудандық білім бөлімі мен «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен, IT-сыныптарында білім алушылар арасында аудандық «KASKELEN OPEN CUP» атты робототехникадан алғашқы байқау өтті. Оқушыларды озық ойға жетелеп, зияткерлік қабілетін шыңдайтын шара Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жүзеге асыру, жастар мен балалардың инновациялар мен жоғары технологияларға қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды. «Балаларға арналған тегін IТ-сынып» жобасы аясында ұйымдастырылған шараға жеті мектептен 15-ке жуық оқушы қатысып, өздерінің жаңа заманға сай білім өрісі мен өнертапқыштық дәрежесінің деңгейін байқатты. «KASKELEN OPEN CUP» робототехника байқауында қатысушылардың алдында сөз сөйлеген аудандық білім бөлімінің аға әдіскері Бағлан Абишева Қазақстанда балаларды жан-жақты дамыту үшін бар жағдай жасалғанын атап өтті.
– Жалпы, әрқашанда табиғи ресурстарды емес, білімді меңгерген елдердің болашағы зор. Бүгінде елімізде өскелең ұрпақтың заманауи біліммен қамтамасыз етілуіне көп жағдай жасалған. Ауданымызда өткізіліп отырған бұл жарыс IT-технологиялар саласында ғылымның, озық ойлар мен шығармашылықтың дамуына арналған алғашқы баспалдақ деп айтуға болады. Балаларымыздың болашағына және ауданымызда робототехника саласының дамуына қосар үлесі зор байқауға қатысатын барлық талапкерлерге сәттілік тілеймін, – деді ол. Сонымен қатар, Жамбыл ауданы «Өнер» мектебінің робототехника орталығының жетекшісі де сөйлеп, балаларға аталмыш саланы елімізде дамыту керектігі, облыстық, республикалық дәрежеде өтіп жатқан сайыстар туралы айтып өтті. Сондай-ақ, ауданымызда осы алғашқы өтіп отырған байқау болашақта үлкен жетістіктерге алып келсін, деген тілек айтты.
Жалпы, екі кезеннен тұратын жарыстың ережесі бойынша бірінші айналымында командалар өздері құраған роботтарды көрмеге қойып, олардың қоғамға пайдалы жақтарымен жиылған қауымды таныстырып өтті. Екінші кезеңде оқушылар «лего» бөлшектері арқылы құрастырған роботтарын арнайы дайындалған алаңда сызық бойымен жүргізіп, өздерінің роботтарының ішіндегі бағдарламалардың дұрыс жазылғанын және дұрыс құрастырылғанын көрсетті. Байқаудың қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды жиналғандарды әуе кеңістігінде 55 минутқа дейін ұшатын мүмкіндігі бар ұшақ және бағдарламаға енгізілген белгілі бір түс бойынша бағыт-бағдар алып жүретін роботкөліктерімен қызықтырған Қырғауылды орта мектебінің «Smart Robot» тобы жеңіп алды. Екінші орынды ултрадыбыс жіберу арқылы алдында тұрған кедергілерден өтетін роботкөлік пен 3D принтері арқылы сабақтарда пайдалануға болатын әртүрлі пішіндер жасаған Ғабдуллин мектебінен келген «Кибернетика» командасы иеленді. Ал, үшінші орынды бейнекамера орнатылған және түспен бағыт-бағдар ұстайтын роботкөлікті жасаған Әлімқұлов орта мектебінің «Тұлпар» командасы алды.
Түйіндеп айтқанда, екі кезеннен тұрған байқауда оқушылар көпшілікті өз қолдарымен жұтындырып жасаған робототехникаларымен, өзгеше ой өрістерімен таңғалдырып, барлығы дерлік Алғыс хаттармен марапатталды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.