2026 жылы Қаскелең қаласында жалпы аумағы 4 гектарды құрайтын «Karasay Plaza» атты заманауи сауда-ойын-сауық кешені өз есігін ашатын болады. Қарасайлықтар үшін жақсы жаңалыққа айналатын бұл кешен ауданды жаңа әрі заманауи сауда және демалыс орнымен қамтасыз етіп қана қоймай, сондай-ақ 300-ге жуық адамға тұрақты қызмет етуге мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы ауданымызда өзге ауқымды инвестициялық бастамалармен бірге заманауи сауда кешенімен байланысты жалпы құны төрт млрд. теңгені құраған жоба бастау алған еді. Жергілікті әкімдік тарапынан бірден қолдауға ие болған жаңа жоба ретінде Қаскелең қаласында «Karasay Plaza» атты заманауи үлкен сауда-ойын-сауық кешеннің құрылысы басталды. Алайда көп уақыт өтпей жатып құрылыс жұмыстары бәсендеп қалған. Инвестор Олжас Каримовтың айтуынша, оның өз себебі бар, яғни бұл нысанның құжаттары бойынша мәселелер туындаған. Анығырақ айтқанда, ғимараттың эскиздік жобасы Қарасай ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан «түзетулерді қажет етеді» деген сөзбен мақұлданбапты.
– Жобаны іске асыра бастағанда бізді аудан әкімі Жасұлан Естенов бірден қолдап, қызметкерлеріне барынша көмек көрсетуді тапсырған еді. Аудан әкімінің мақұлдауымен құрылыс жұмыстарын бастадық. Бастапқы кезеңінде жалпы аумағы 4 га жер телімінің бір бөлігіне бүгінде 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған мейрамхана мен жалға беруге арналған бірнеше қабатты жеке нысан тұрғызылды.
Бірақ сауда орталығының құрылысына келгенде бюрократиялық мәселелерге тап болдық. Бұған қоса құрылыстың жобасын жасайтын компания оны бастапқыда айтылғандай жарты жыл емес, бір жыл жасағандықтан құрылыс қарқыны біраз бәсеңдеп қалды, – деді кәсіпкер О. Каримов.

default
Кәсіпкердің сөзіне сүйенсек, құжаттарға байланысты мәселе біраз уақытқа созылып кеткендіктен облыстық әкімдікке жүгініп, көмек сұрауға мәжбүр болған.
– Облыс басшысы өтінішімізді назардан тыс қалдырмай, бірден бұл мәселені шешуге қолдауын көрсетті. Сол кісінің арқасында құжат мәселесі тез шешіліп, 2024 жылдың желтоқсан айында толықтай құрылыс жұмыстарын жандандырдық. Осы жерде облыс басшысы Марат Сұлтанғазиевке ерекше алғысымызды білдіргіміз келеді. Ол облысымызға келгелі осындай инвестициялық жобаларды іске асыру жеңілдей түсті.
Қазірдің өзінде аптасына кем дегенде бір рет бізге облыстан мамандар хабарласып, жүріп жатқан жұмыс барысын қадағалап, қолдауларын көрсетуде, – деді инвестор О.Каримов.
Бүгінде үш қабаттан тұратын нысанның құрылыс қарқыны көз қуантарлықтай. Қазіргі таңда ұзындығы 8 метрлік қазаншұңқырдың жұмыстары аяқталып, ғимараттың монолит қатты тақтадан жасалған іргетасы тұрғызылуда. Инвестордың айтуынша, ғимарат бір-бірінен тәуелсіз 8 блоктан тұрады. Жалпы ауданы – 23 мың шаршы метр. Кешеннің ішінде 100 адамға арналған екі залы бар кинотеатр, боулинг орталығы, тез тамақтануға арналған орындар, отандық және шетелдік бренд тауар өндірушілері ұсынған өнімдерге арналған сауда нүктелері, тұрмыстық техникалар сататын дүкендер орналастырылады. Сондай-ақ кішкентай балаларға арналған ойын-сауық орталықтары мен ойын бөлмелері де болады.
Жоба бойынша сауда ойын-сауық кешені толықтай инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, оның аумағы абаттандырылады. Сонымен қатар, нысанның аумағына қала тұрғындары мен қонақтарына қыдырып және демалып жүруіне арналған саябақ та салынады. 400-ге жуық көлікке арналған автотұрақ, балаларға арналған спорт алаңдары да қарастырылады.
«Karasay Plaza» көп функционалды сауда-ойын-сауық кешенінің құрылысы 2025 аяқталып, 2026 жылы қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Іске қосылған соң мұнда 300-ге жуық тұрақты жұмыс орындары ашылады.
Бұдан бөлек Олжас Каримовтың айтуынша, алдағы уақытта кешен аумағына «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» қолдауымен шағын индустриялық аймақ салу да жоспарда бар. Жақын манда тұрып жатқан тұрғындарға кедергі келтірмеу үшін индустриялық аймақта тек экологиялық таза өндіріс жүргізілмек. Яғни мұнда түйе, ешкі және бие сүтін өңдейтін, сондай-ақ жақсы ұйқы мен сау жүйке жүйесінің үйлесімді жұмысына көмектесетін мелатонин гормонын өндіретін кәсіпорындар жұмысын жүргізетін болады. Бүгінде құрылыс жұмыстарымен қатар осыған байланысты жаңа жоба әзірленуде. Индустриялық аймақ өз жұмысын бастаған сәтте 200-ге жуық жергілікті азамат тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
– «Karasay Plaza» сауда-ойын-сауық кешені заманауи тенденцияларды ескере отырып, жобаланған және орналасқан қала аумағы инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтылып, аудан тұрғындарына тиімді, қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсетеді. Ең бастысы біз «Karasay Plaza-ны» адамдардың күйбең тіршіліктен бір сәт босап, көңіл көтере алатындай жақсы демалыс орны ретінде жасауға бар күшімізді салып жатырмыз.
Алдағы уақытта «Karasay Plaza» сауда-ойын-сауық кешені Қаскелең қаласын көрікті етіп, аудандағы ең ірі қайталанбас сауда орталығы болады деп сенеміз, – деді Олжас Каримов.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.