Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Елбасы Н.Назарбаевтың соңғы жарияланған Жолдауында осы жыл – Жастар жылы деп айқын атауы бекер емес. Өйткені, Президент үнемі жастар саясатын дамытуға барынша ден қойып, қолдау көрсетіп жүргені баршаға мәлім. Мемлекет тарапынан осы уақытқа дейін оларға арналған 63 түрлі тиімді бағдарламалар қабылданған. Соның бірі – 2017 жылдан бастап жүзеге асырыла бастаған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы. Басты мақсаты – еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптік біліктілікті меңгерудің тиімді жүйесін дамытуға бағытталған. Оның аясында табыстың тетігін тауып, шаруаларын дөңгелетіп жүргендер де жетерлік.
Аудандық жұмыспен қамту орталығының берген мәліметіне сүйенсек, аталған бағдарлама аясында былтыр ауданымызда қолға алған шаруасының ауқымын кеңейте түсу мүмкіндігіне ие болған 60 адамның жетеуі жастар. Сол жастардың қатарында Шамалған бекетінің тұрғыны Жамбыл Қашқынбаев та бар.
1997 жылы туған Жамбыл биыл Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық зерттеу институтын «радиотехника, электроника және телекоммуникация» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қолына дипломын алғаннан кейін ауыл халқының тыныс-тіршілігімен, әлеуметтік жағдайымен жақын таныса келе әкесімен бірге тұрғындарға да, өздеріне де пайдасы болар бір шаруаны қолға алуды ұйғарады.
Бүгінгі таңда, әсіресе, жас кәсіпкерлерге жақсы көңіл бөлінетінінен хабардар болған олар бірден «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Қарасай аудандық филиалына келіп, алдымен Жамбыл іскерлік әлемінің қыр-сырына қанығу үшін үш ай «Бизнес-кеңесші» курсына қатысады. Қолына сертификаты тиген соң аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021жылдарға арналған бағдарламасының» екінші бағыты бойынша, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» несие алған.
Жобасын қорғап, қолына тиесілі сомасы тигеннен кейін қаражатына екі жүк көлігін сатып алады. Қазіргі таңда жиһаз, құрылыс материалдар және басқа да осы сынды заттарды тасымалдаумен айналысады. Тіпті, бірігіп тұрақты жұмыс істейтін мекемелері бар. Олардың бұл кәсібі Шамалған бекетінің тұрғындары үшін де ыңғайлы болған. Себебі, көршілері арнайы тапсырыс беріп заттар алдыратын кезде алыстан көлік іздеудің қажеттілігі туындамайды. Бұндай жағдайда бірден Қашқынбаевтар отбасына жүгінеді.
– Елімізде кәсіпкерлерге қолдау шын мәнінде де бар, — дейді жас кәсіпкер өз сөзінде. – Бірақ, жоспарың анық, ісің нық болуы тиіс. Бұл ретте «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бағыттайтын оқу курстары жақсы жол көрсетеді. Тек қорықпай кірісіп, басын бастап, аяғынан ерініп қолды бір сілтей салмай алға мақсат қойып ұмтылу қажет. Ал, мемлекеттен берілетін несие өте тиімді, 5,9 пайыз ғана. Осы ісімнің арқасында отбасымды асырап отырмыз, әкеме де жұмыс табылды. Алдымен күш-қуат берген Аллаға, сосын осындай тиімді мүмкіндіктер ұсынып, кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп отырған Елбасына ризашылығымды білдіргім келеді. Менің ойымша, бұл тек қаражатты ұсына салу емес – еңбекке ынталандыру!
Жоғарыда айтқан кейіпкеріміз тек мемлекет тарапынан көмек алып отырған жалғыз адамның жетістігі. Биылғы жылы Жамбыл сынды еңбекқор жастарға мұнан да зор мүмкіндіктер мен түрлі бағдарламалар ұсынылмақ.
Жастар жағынан игілікті іске деген құлшыныс оянып жатса, ал, мемлекет тарапынан болатын қолдаудың арқасында олардың келешегі жарқын болатыны сөзсіз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.