Ақпарат және байланыс қызметкерлерінің кәсіби мерекелеріне орай аудандық «Заман жаршысы» газеті редакциясы ұжымы мен облыстық «Жетісу», «Огни Алатау» газеттерінің және «Жетісу», «СТВ» телеарналарының тілшілеріне өткен жұмада құрмет көрсетілді. Аудандық әкімдіктің кіші залына жиналғандар алдымен биыл 85 жылдық мерейтойын қарсы алғалы отырған «Заман жаршысы» газетінің тарихы, тыныс-тіршілігі жайындағы бейнероликті тамашалады.
Аталған мереке иелерін аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева салтанатты жағдайда қабылдап, аудан әкімінің сәлемін жеткізді. Қазыналы Қарасай жерінде қолға алынып жатқан қаншама игілікті істі көрсетіп, жақсылықтың жаршысы болып жүрген журналистер қауымына ризашылығын білдірді. Мемлекеттік бағдарламаларды халық арасында насихаттап, ауданның әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүргені үшін бірқатар мереке иелерін аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Атап айтқанда, мұндай құрметке «Жетісу» телеарнасының операторы А.Жөнкешов, аудандық «Заман жаршысы» газетінің дизайнері А.Қыстықбаева мен менеджері Ғ.Балабекова лайықты деп табылды. Өзгелеріне де аудан әкімі атынан сый-сияпат ұсынылды.
Салтанатты жиын барысында аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы С.Мәсімақынов та сөз алып, халық пен билік арасындағы «алтын көпір» саналатын БАҚ саласының қызметкерлеріне жақсы тілегін жеткізді. Сонымен қатар, кәсіби мерекелерінің қарсаңында, облыстық қос басылымның ғасыр тойына орай, ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін алған «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің Қарасай ауданы бойынша меншікті тілшілері Қ.Қайранбаев пен Т.Мұхтарова, жергілікті «Заман жаршысы» газетінің бас редакторы А.Исаева сөйлеп, журналистер қауымына көрсетілген құрмет үшін аудан басшылығына алғыстарын айтты.
* * *
Жалпы, бұл күні аудан журналистерін басқа да бірқатар мекеме өкілдері құттықтап, ұжымына ризашылықтарын білдірді.
Бұл ретте, жыл сайын тілшілердің төл мерекесінде арнайы келіп, ақ тілегін ақтаратын Сағындық Жұмабайұлы басқаратын аудандық кәсіподақ ұйымын атап кеткен орынды. Ал, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы атынан филиал кеңесшісі Ералы Рахметқожаев және сектор меңгерушісі Абылай Манабаев басылым қызметкерлеріне жақсы тілектерін жолдай келе, жас тілші Бақдәулет Талиповқа облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғ.Сарыбаевтың Алғыс хатын тапсырып, сый-сияпаттарын тарту етті.
Сол сияқты, Қарасай аудандық соты да БАҚ саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, аудандық «Заман жаршысы» газетінің тілшілерін құттықтап, марапаттады. Атап айтқанда, кеңсе меңгерушілері Б.Жаманбалина мен М.Қожатаева сот төрағасы Мәди Көшікбаевтың атынан басылым тілшілері Т.Мұхтарова мен К.Көпбаеваға сот жүйесінің қызметін ақпараттық жариялаудағы жұмысын белсенді атқарғаны үшін Алғыс хат тапсырды. Мереке иелеріне деген жақсы тілегін жеткізіп, алдағы уақыттарға шығармашылық табыстар тіледі. Жаңа реформаларды жүзеге асырып, сот жүйесіндегі ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған ортақ істе ынтамақтастық арта беретініне сенім білдіріп, гүл шоқтарын ұсынды.
Клара КӨПБАЕВА.