Қарасай ауданының аумағы арқылы өтетін «Алматы-Бішкек» тасжолының бойындағы ең басты мәселе – көлік кептелісі. Темір тұлпарды тізгендеушілердің сабырын қашырған осы проблеманы шешу мақсатында келешекте жолды кеңейту жұмыстары қолға алынбақ. Қазіргі уақытта оның жобасы пысықталып, жүзеге асыру барысы талқыға салынуда. Ал оған дейін көлік ағынын реттеп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тасжолдың бойында уақытша амалдар қарастырылуда.
Жақын күндері күре жолдағы кептеліс жиі болатын екі жерге бағдаршам орнатылмақ. Оның бірі тасжолдың 21-шақырымында, екіншісі Долан мен Алмалыбақ ауылын жалғайтын жаяу жүргіншілер жолағында болады.
«QazAvtoJol» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Дінмұхамед Нұрмұханбеттің сөзіне сүйенсек, жергілікті халық пен әкімдіктің сұранысы бойынша трассаның 21-шақырымында (көбісі 19 км деп атап кеткен) Алматы қаласына тікелей бағыт алатын бұрылыс жолағы салынады.
– «Алматы-Бішкек» тасжолындағы көлік кептелісін азайту мақсатында үш жолақты айналма бұрылысын жасап жатырмыз. Сондай-ақ бұл жерде жол қозғалысын реттейтін бағдаршам болады. Мұның бәрі уақытша екенін айта кету керек. Өйткені тасжолға қатысты ауқымды жоба жүзеге асқаннан кейін бәрі қалпына келеді, – деді «QazAvtoJol» ұлттық компаниясының өкілі.
Ал Долан мен Алмалыбақ ауылдарына ортақ орналасқан жаяу жүргіншілер жолағында бағдаршам басқа жүйеде істейді. Қарасай аудандық Полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Баукен Баймбетовтің айтуынша, бұл жерде батырма арқылы басқарылатын бағдаршам болады. Яғни, ары-бері өтетін тұрғындар тетікті басу арқалы қарсы бағытқа өте алады. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бір-екі күнде жүйе толықтай іске қосылады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
