Елімізде соңғы жылдары жиілеп өтіп жатқан «Мерейлі отбасы» байқауы қоғамдық өмірімізге әжептеуір қозғау салып, сілкініс тудырған сияқты. Осынау игілікті істердің кеңінен қанат жаюының арқасында елді мекендерде де бұл бағыттағы ізденістер өзіндік өрнегін таба бастады. Әрине, бұл қуана құптауға тұрарлық бастаманың жақсы жалғасы іспеттес.
Күре жолдың бойындағы таудың қапталына қоныс тепкен О.Жандосов ауылындағы осы аттас мектепте өткен «Берекелі отбасы – мемлекет тірегі» атты мәні мен маңызы зор тәрбиелік іс-шараның атап айтуға тұрарлық өзіндік ерекшеліктері болды. Бұған ауыл тұрғындарымен қатар аудан ардагерлері және ұстаздар мен мектеп оқушылары қатысты. Мұнда қазақ және түрік отбасылары шақырылған екен. Олар – осындағы тұрақты тұрғындар, ерлі-зайыптылар, көпбалалы отбасылар Көшали – Фатима Асратовтар мен Бекболат – Сәуле Байтиковтер.
Сахна төрінің екі жағына екі отбасының бала-шағалары мен немере, шөберелері жайғасқан. Сол сияқты қазақ пен түріктің әлеуметтік тұрмыстағы ұлттық құндылықтары да басты назарға алынған. Екі жақтың да ежелден келе жатқан салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, салт-санасы мен жәдігерлері де мықтап ескерілген. Соның бәрі де сөз бен істің бірлігіндей болып көрсетілді. Бір атап айтарлық жайт, екі жақтың ата-аналары мен бала-шағалары да өнер жағынан құры-алақан емес екен. Ұлттық нақыш мақамымен орындаған әндері мен билері, музыкалық аспаптардың құлағында ойнайтын шеберліктері де көрермендер қауымын таңдай қақтырып, тамсандырып тастады.
Кез келген отбасы үшін олардың үлгі аларлық үрдістері үлкен тәлімді тәрбиенің таптырмас құралы деп айтуға болады. Аталған екі отбасын да көпшілік үшін бекер сарапқа салмапты. Бұл орайда ауылдық ардагерлер ұйымның төрағасы Молдағали Бейсебаев, әжелер алқасының төрайымы Елена Дадан, мектеп директоры Жұлдыз Қиқымова, тәжірибелі ұстаз Камшат Орашаевалар көп еңбек сіңірген. Олардың күнделікті тұрмыста пайдаланатын ұлттық тағамдары да тіл үйірер дәмділігімен жиналған қауымды риза етті.
Сөйтіп, ауыл арасында ауызға алынып жүрген Асратов пен Байтиковтердің отбасылары қойылған талаптардың бәрін мінсіз орындап, сынақтардан сүрінбей өтті. Абырой арқалаған отбасылардың бұл еңбектері де елеусіз қалған жоқ. Ауылдық әкімшілік тарапынан Алғыс хаттармен және ауыл кәсіпкерлері тарапынан ақшалай сы-заттай сыйлықтармен марапатталды.Қалың қауымның атынан оларға ақ ниетті алғыстар айтылды.
Қанат ТҰРСЫНҰЛЫ,
Қаскелең қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Қарасай ауданы.