Талғар қаласында тұратын көпбалалы ана Жанерке Темірғалиеваның жаңа кәсіп ашуына мемлекет қолдау көрсетті. Ол «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында 1 220 970 теңге грантқа қол жеткізді. Тиісті қаражатқа тігін машиналарын сатып алып, жұмысынабелсене кірісті.
Кәсіпкердің қолынан шыққан бұйымдарға көпшілік дән риза. Ол тіккен көрпе-жастықтың тыстары, перделер, мектеп оқушыларының киімдері сапа жағынан ешкімненкем емес. Ісінің ілгері басуына тігін машиналарымол мүмкіндік беріп отыр.
Жанеркенің бұл салаға бет бұруына қыздары себеп болыпты. Гимнастикаға қатысатын Әмина мен Алуаға спорт киімдерін тігіп жүріп, осы өнерге машықтанған.
— Екі қызым да гимнастикамен айналысады. Жарысқа барғанда спорт киімдерін жалға аламыз. Оның бір күндік бағасы – 15000 теңге. Кейде спорт додасы 4-5 күнге созылады. Сондай кездерде қалтаң көтермейді. Осы киім-кешектерді неге өзім тігіп көрмеймін деген ой келді. Бастамамды қыздарым қуана құптады. Қолдан шыққан бұйымдар оларға бірден ұнады. Бірте-бірте біздегі жаңалықты айналамыздағы жұрт естіп, тапсырыстар түсе бастады, – дейді Жанерке Темірғалиева.
Көпбалалы ана тігін технологиясын меңгерген соң, кәсіп ашуды көздейді. Сол мақсатпен аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, «Бизнес бастау» жобасына қатысады. Комиссия тарапынан оның жұмыстары оң бағаланып, жоғарыда айтқан грантқа ие болады.
— Мемлекеттік қолдаудың арқасында шағын бизнесіме жол ашылды. Таяуда кәсіпкерлікке даярлау курсын толық тамамдаймын. Ол жерде көп нәрсеге қанықтым. Ары қарай бастаған істі өрістетіп, дамытуға күш саламын, – дейді Жанерке.
«Ізденген жетер мұратқа». Кәсіпкер келіншектің іскерлігіне біз де тәнті болдық. Жаңадан жұмысын бастаған «Арафат» ательесініңүлкен тігін цехына айналатын күні де алыс емес деп ойлаймыз.
Болат МӘЖИТ
Талғар ауданы, Алматы облысы.