Қай қоғамда болсын мәнін де, өзектілігін де жоймайтын бір құндылық бар екені рас. Ол – қайырымдылық. Адамдардың бір-біріне қайырымдылығы кейбір жандарға қол ұшын созып, жасайтын қайырымдылығы, тіпті, оған қатысы жоқ адамның да көңіліне жылу сыйлайды. Неге десеңіз, ондай жағымды жаңалықтың, игі істің жақсы шарапаты болады. Осы негізде елімізде аз қамтылған көпбалалы және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға кәсіпкерлік дағдыларды дамыту және өз ісін ашуға қолдау көрсетуге бағытталған «Менің кәсібім» атты жоба бастау алған болатын. Аталған жоба аясында ауданымыздағы Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны, көпбалалы жалғыз басты ана Гүлвира Шасаитоваға көмек көрсетілді.
Нақтырақ айтқанда, өткен аптаның жұма күні Райымбек ауылдық округінің әкімі Елжан Төленбаев, аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Эльмира Тасырова, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Қилыбаева және жеке кәсіпкер Ариф Аслановтың демеушілігімен, 47 жастағы Гүлвира Әлиакбарқызына заманауи үлгідегі тігін машинасы және азық-түлік берілді. Енді үшінші деңгейлі тігінші көпбалалы ананың үй жағдайында кәсібін жүргізуге толықтай мүмкіндігі бар. Ол ең жеке кәсібін бастауға жол ашып, қажетті жабдықты сыйлаған қайырымды жандарға алғысын жеткізді.
Нарық заманы орнап, адамдардың адамгершілік қасиеті төмендеді, азайып барады деп жиі айтып жүрсек те, осындай жандардың тірліктері көкейге үміт ұялатады. Қайырымдылықтың ірі-ұсақ болып бөлінбейтінін көрсетеді. Ал, қайырымдылық жасау қашанда ғанибет!
Бұрым ОРЫНБАСАР.