Аптаның алғашқы күні Қарасай аудандық мәслихатының кезектен тыс 37-ші сессия өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Адис Сейдакматов, сондай-ақ қала мен ауылдық округтің әкімдері, бірқатар бөлім басшылары қатысты.
Ал сессияны аудандық мәслихаттың төрағасы Бауыржан Айнабеков ашып жүргізіп отырды. Ол алдымен мәслихат депутаттарының талқылауына ұсынылатын күн тәртібіндегі жеті мәселені атап өтіп, оған қосымша ретінде әріптестерінің алып-қосары бар-жоғын нақтылады. Осы ретте аудандық мәслихаттың депутаты Атлана Исаева өз тарапынан «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР Заңының 20-бабы, 6-тармағына сәйкес, сондай-ақ тұрақты комиссия төрағасының құқығын пайдалана отырып, осы уақытқа дейін қаралмай келе жатқан «Қаскелең қаласының шекарасын өзгерту туралы» мәселесін алға тартып, оны осы сессияның күн тәртібіне қосымша енгізуді сұрады. Бұл ұсыныстың қаралу немесе қаралмауы депутаттар арасында біраз талқылауға ұшырады. Аталған пікірталасқа Қарасай ауданының сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Ерлан Сұлтанов та араласып, қаланың шекарасының бекітілуі маңызды екенін алға тартты. Ол өз кезегінде дәл осы мәселеге қатысты халық қалаулыларының бірқатар сұрақтарына тиісті дәрежеде жауап берді.
Сонымен Қаскелең қаласының шекарасын өзгерту жөніндегі ұсыныстың күн тәртібінде қарастырылуы дауысқа салынды. Оның қорытындысы бойынша басым көпшілік Атлана Жанатқызының бастамасын қолдады. Осылайша аталған мәселе сессияның күн тәртібінде сегізінші болып енгізілді.
Жиын барысында алдымен Қарасай аудандық мәслихатының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы «Қарасай ауданының 2025-2027 жылдарға арналған бюджеті туралы» №29-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралып, оған қатысты Қарасай ауданының экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Ноғайбаев баяндама оқыды. Осы ретте ауданның бюджеттік көрсеткіштеріне қатысты Самат Толықбай, Орынбай Жанәділ сынды депутаттар бірқатар сұрақтарын қойып, бөлім басшысынан тиісті жауап ала білді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе болып Қарасай ауданындағы коммуналдық қалдықтарды басқару бойынша 2024-2028 жылдарға арналған бағдарламасы туралы шешім жобасы қаралды. Бұл жайында Қарасай ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Нұрбол Жүнісбек ақпарат берді. Одан кейін Қарасай ауданы білім бөлімінің 2024-2025 жылдарға арналған балалардың жазғы демалысы талқыланды. Алдымен ол жайында аудандық білім бөлімінің бас маманы Гүлнар Бихожаева баяндама оқып, депуттаттардың сауалдарына жауап берді.
Сонымен қатар сессия барысында Алмалыбақ ауылының және Қаскелең қаласының жаңа көшелеріне атау беру туралы мәселе қаралды. Оған қатысты Қарасай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Дүйсенова тиісті құжаттама негізінде хабарлама оқыды.
Сондай-ақ талқылауға тағы екі мәселе ұсынылды. Атап айтқанда, Қарасай ауданы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссиялардың құрамына өзгерістер енгізу туралы сөз болды. Оның да шешім жобасы мәслихат депутаттары тарапынан мақұлданды.
Ал сессияның күн тәртібіне сәйкес соңғы болып жоғарыда атап өткен Қаскелең қаласының шекарасын өзгерту туралы мәселе дауысқа салынды. Нәтижесінде бұл шешім жобасы осы жиын барысында халық қалаулыларының қолдауына ие болды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ