Адамзат тарихындағы ең қасіретті майдандардың бірі – Ұлы Отан соғысы. Бейбіт заманның тыныштығын бұзған бұл қарулы шайқастың жеңісі оңайшылықпен келмеді. Қаншама батырлар құрбан болды! Сәбилер әкесіз қалып, ерін зарыға күткен жұбайлар жесір қалды. Алаңдаумен өткен аяулы аналарымыз ұлдарын жоқтады. Бұл алапат кезең еш ұмытылмайды.
Осы бір соғыс жылдарында жауынгерлерді киім-кешекпен, азық-түлікпен, қару-жарақ сияқты қажетті заттармен қамтамасыз еткендердің қатарында әйелдердің бар екені айтпасақ та белгілі. Олар елден қалған қарттарына қарайласып, бала-шағаның қамын ойлап, майдандағы жақындарынан жырақ жүрсе де жеңіс туын желбіретуге зор үлес қосты. Сондай нәзік жандылардың бірі, тыл еңбеккері – Зәкен Сығаева. 98 жастан асқан кейуана бүгінде ауданымызға қарасты Абай ауылында тұрады. Сұм соғысты әлі күнге дейін санасынан өшірмеген әжеміз өткен күнге көз тастап, ескірмеген естеліктерімен бөлісті.
Зәкен Зарықпайқызы – Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданының тумасы. 1923 жылы, қазақтың әз Наурызы тойланатын 22 наурызда дүниеге келген. Ата-анасы қолөнерге жақын шебер адамдар болған. Зәкен апамызға да осы қасиеттер әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған десек артық айтқандық емес. Әлі күнге дейін құрақ көрпе, сырмақ тігумен айналасады.
Әкесінен екі жасында айырылған Зәкен апамыз бүгінде соғыс жылдарын да, оған дейінгі күндерді де ауыр күрсініспен еске алады.
– Ауылдан 5-6 шақырым жерде орналасқан мектепке сай-сайды аралап, тау-тасты кезіп жаяу барып-келіп оқитынбыз. Алғашында латын тілінде, кейін 5 сыныпқа көшкенде орысша білім алатын болдық, – деп апамыз балалық шаққа саяхат жасап, қан майдан басталған кезеңді былай еске алды:
– Соғыс басталған кезде бүкіл ел азаматтары қару асынып, Отан қорғауға аттанды. Ел-жұрт болып азан-қазан күйде абдырап қалдық. Ауылда өңкей кемпір-шалдар мен алапат алаңына жарамсыз жандар ғана қалды. Біз соларға бас-көз болып, азаматтардың амандығын тіледік.
Атыс-шабыстың алаңынан «қара қағаздың» келуі қабырғаларын қайыстырыпты. Осындай жаңалықтарды Тоқтажан Садықов деген апамыздың жақын туысқаны жеткізіп тұрған.
Ешқандай жоқшылық, қиыншылық дегенді сезбеген бұл отбасына ауыртпашылық бірден түсті. Сынаққа төзіп, шыңдала білді. Зәкен апамыздың әпкесі киім тігумен айналысса, анасы алаша тоқып, тері илеп, шұлық, қолғап тоқыған. Олардың барлығын соғысқа аттанған азаматтарға жіберіп отырды. Осылайша қарулы ұрысқа жарамайтындар жауынгерлерін керек-жарақтармен жабдықтаған.
Уақыт өтіп, тірі адам тіршілігін жасайтын шақта Закен әжеміз «Алтай золота» деген өндіріс орнында қызмет істеді. Онда алтын қазып, ел қатарлы еңбек етті.
– Кен орнында таңнан күн батқанға шейін аяғымызбен тік тұрып, ұзын етіктен ызғар қарып өтсе де шыдадық.Қымбат металды ағаш астауда жуып тазалап, керексіз артық заттарын сынап арқылы бөліп отырдық. Кейін соғысқа қажетті алтынның орнына қола өндіретін іске де кірістік. Дем алмай, үздіксіз жауапты міндетті бұлжытпай орындадық. Тылда осылайша еңбек еттік. Біз жақсы жұмыс атқарған сайын көп қиыншылық артта қалып, жақындарымыз тезірек оралып, аңсап күтетін жеңіс күніміз жақындайтындай көрінетін, – дейді тағы да бір ғасырға аяқ басқан әжеміз көрген қиын күндерін еске алып.
Соғыс жылдары Зәкен Сығаева еңбек еткен өндіріс орнында радиохабарлағыш жұмыс істеп тұрған екен. Құрылғы анда-санда майдан алаңынан жаңалық таратып, кеншілерді атыс-шабыстың ортасындағы жағдайдан хабардар етіп отырған. Апамыздың айтуынша, бір күні «Советтер жеңді» деген дауыс естілгенде барлығы бір-бірімізді құшақтап, көз жасына әбден ерік берген.
Міне, осылайша жеңіс туы желбіреп, қарулы арпалыстан аман-есен қалғандар Отанына оралды. Көбісі жарақат алып, мүгедек күйде жақындарымен қауышты. Елде бейбітшілік орнап, қалыпты өмір жалғасып жатты.
1947 жылы жылы Зәкен Зарықпайқызы тағдыр қосып соғыс даласындағы майдангер Мүтән Сығаевқа тұрмысқа шықты. Жеңістің жауынгері де жаралы күйге түскен азаматтардың бірі болатын. Ол соғыс даласында керемет техника болып саналатын «Катюшаны» басқарып, оң қолынан жарақат алған.
Сығаевтар отбасы үлкен әулетке айналды. Зәкен апамыз бен Мүтән атамыз 9 ұл-қызды тәрбиелеп, бағып-қақты. 1995 жылы денсаулық жағдайларына байланысты туған өлке – Шығыс Қазақстан облысынан Жетісу өңіріне қоныс аударды. Ардагер ата Мүтән Сығаев 1996 жылы 72 жасқа қараған шағында дүниеден өткен.
Қазыналы қарияға айналған Зәкен Сығаева бүгінде 98 жасқа келді. 22 немере, 30 шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Ол кісіден осылай ұзақ жасаудағы сыры неде деп білгенімізде, қимылы ширақ әже бұның барлығын табиғи өніммен байланыстырды. Айтуынша, туған өлкенің таза ауасы, қымыз-шұбат қана ішіп, саламатты өмір салтын ұстану адамды қашанда сергек жүруге септігін тигізеді.
Кітапқұмар кейуана әлі күнге дейін қазақтың ақын-жазушыларының туындыларын сүйіп оқиды. Тіпті, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын бірнеше рет оқыған.
Құрақ көрпе тігіп, іскерлік ісін де әлі тоқтатқан емес. Көрші-қолаң, туған-туысқанға осы қолөнерлік туындыларын сыйға тартқаны да бар екен. Осы бір ісмерлікті апамыз немере-шөберелеріне де үйретуден жалыққан емес.
Аяулы да ардақты анамыз осылайша Ұлы Жеңістің оңайшылықпен келмегенін айтып, тағдыр талқысына ұшыраған ауыр күндерді бастан-аяқ баяндады.
Көпті көрген қария әңгіме барысында үнемі жағдайына алаңдап, сый-құрметімен ерекшеленіп жүретін аудан әкімінің орынбасары Айдын Әуесбайға, Райымбек ауылдық округінің әкімі Елжан Туленбаевқа, жергілікті әкімдіктің қызметкерлеріне, аталмыш ауылдық округтегі аналар кеңесінің төрағасы Бәтима Үрпеджанова мен басқа да осы ұйымның мүшелеріне ризашылығын білдіре келе, Қазақстан халқына деген ыстық ықыласын жеткізді.
– Ел іргесі тыныш болып, бейбіт заманымыз мәңгілік болсын! Халқымыз аман болып, түрлі қиындықты еңсеріп, жақсы күндермен қауышып жүре берейік. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құтты болсын! Егемен еліміздің ертеңі жарқын, кемел келешегіміз жақсы күндермен жалғаса берсін. Ұрпағымыз ұлағатты, бақытты ғұмыр кешсін, – деп ақ жаулықты әжеміз ақ батасын арнады.
Үлкен кісіге біз де бар жақсылық тілейміз! Майдан кезіндегі ерен еңбегіне шексіз алғысымызды білдіреміз. Өнегелі өмір жолы көпке үлгі бола берсін дегіміз келеді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.