Еріктілер бастаған «Біз біргеміз!» акциясы көптеген қазақстандықтың жүрегіне мейірім ұялатып, талай жанға қол ұшын созуға шақырды. Ел болып қолдаған акция біздің де ауданымызда өз жалғасын табуда. Нақтырақ айтқанда, өткен аптаның жұмасы күні ауданымыздың Төтенше жағдайлар бөлімінің өкілдері, жастар ресурстық орталығының ұжымы мен аудан еріктілері атсалысып, «Көмек қолы» акциясын өткізіп, тұрғындардың мұржалары мен аулаларын тазалау мақсатында жұмыс атқарды.
Қазақстанда қазір еріктілер қозғалысы дамудың жаңа кезеңінде. Нақтырақ айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында азаматтық қоғамды нығайтуда ерекше орын алатын волонтерлікті дамыту мақсатында 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялаған болатын. Осы ретте Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен «Nur Otan» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының Алматы облысы филиалы арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Аталмыш келісім және де еліміз бойынша өткізіліп жатқан «Біз біргеміз!» атты акция аясында Елтай ауылында ауданымыздың Төтенше жағдайлар бөлімінің өкілдері жастар ресурстық орталығы және аудан еріктілерімен бірігіп «Көмек қолы» акциясын өткізді. Игі шараға бөлімнен 13 қызметкер, 7 волонтер, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Оның барысында бөлім қызметкерлері мен еріктілер тұрғындардың мұржалары мен аулаларын тазалап, көмектерін көрсетті.
Шарада аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Самат Кенжехан қатысушыларға алдымен қысқаша нұсқаулық өткізіп, тазарту және де түсіндіру жұмыстарын қалай жүргізу керектігін түсіндіріп өтті. Мұнан кейін «Көмек қолы» тобының мүшелері Елтай ауылының тұрғыны, бүгінде 5 баланы тәрбилеп отырған бір жанұяның үйіндегі пешін қарап, оның мұржасын тазалап берді. Сондай-ақ, олар осы ауылдың тұрғыны әрі Ұлы Отан соғысының ардагерінің үйіне барып, атамыздың мұржасымен қоса, ауласын қардан тазалап, қысқы отындықтарын дайындап берді.
Мұнан бөлек шара барысында қатысушылар екі топқа бөлініп, тұрмыстық жағдайы төмен отбасылар, көп балалы жанұялар және жалғыз басты қариялар тұратын тұрғын үйлерді аралап, жылу беру маусымындағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, газбен уланудың алдын алу және тұрғын үйлердегі жылыту пештерін дұрыс пайдалану, жылыту құрылғыларының құрылыс нормалары мен ережелерінің сәйкестігіне назар аудару жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, елтайлықтардың көкейінде жүрген сұрақтарға түсінікті жауаптар беріп, арнайы дайындаған жаднамаларын таратты.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, төтенше жағдайлар бөлімі өкілдерінің айтуынша, олар еріктілермен бірлесіп, алда әлі талай игілікті іс-шаралар өткізетін болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.