Жаны жабырқау адамдарға жүрек жылуын сыйлап, мейіріммен қарау, қолынан келген көмегін беру –халқымыздың қашаннан қанына сіңген асыл қасиетінің бірі. Ел жағдайына әрдайым жіті назар аударып отыру – халық қалаулыларының да басты парызы дегеніміз жөн.
Осы орайда Қарасай аудандық мәслихатының депутаты, «Дәулет-серпін 603» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Жалғасқан Домбаев жуырда аудан орталығы – Қаскелең қаласындағы Н. Әлімқұлов атындағы орта мектепке арнайы барып, осында білім алып жатқан он оқушыға көмегін берді. Бәрі де әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасының балалары болатын.
Атап айтқанда, Жалғасқан Серікұлы өз атынан олардың барлығына қыстық киім, аяқ киім тапсырды.
– Айналайындар, – деді осы жерде аудандық мәслихаттың депутаты балаларға жақсы тілегін білдіріп, – жақсы оқыңдар, тәрбиелі болыңдар, үлкен азамат болып өсіңдер! Өйткені, тәуелсіздік туын жоғары көтерген егемен еліміздің ертеңі – сендерсіңдер.
Өз кезегінде балалардың ата-аналары да осындай қайырымды да ізгі ісімен көрініп отырған Жалғасқан Серікұлына шын жүректен шыққан алғыстарын айтып, депутаттық жұмысында табыс тіледі.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.