Жалпы әйел адамдардың жаратылысы нәзік, болмысы бөлек болып келеді. Дегенмен сырт көзге жібектей жұмсақ көрінетін арулардың қайтпас қайсарлығы мен ерлігі, ермінезді төзімділігіне қайран қалмасқа болмас. Қазіргі таңда ер адамдармен бірдей кез келген темір тұлпарды бағындырып, түрлі көлікті айдап жүрген нәзік жандыларды жиі кезіктіруге болады. Тіпті көлікті тануда ер азаматтардан асып түсетін қыздар да аз емес. Әйтсе де, осыдан 10-15 жыл бұрын таксиге, қоғамдық көліктерге отырған кездері рөлде отырған әйел адамды көру тансық жағдай еді. Бірақ бұл стереотиптік көзқарас Бекболат ауылының тумасы Айгерім Жензаковаға үшін кедергі бола алмаған. Бүгінде автокөлікті бес саусағындай білетін аруымыз осыдан 10 жыл бұрын Қаскелеңдегі автобус паркіне шағын қоғамдық көліктің жүргізуші болып жұмысқа орналасып, қазіргі уақытта ауыр жұмысты ер адамдармен қатар еңсеріп келеді.
Бұл қадамға ол қажеттілік немесе жай ғана қызығушылықтан емес балалық арманын жүзеге асыру үшін барған. Өйткені, өзімен жасты кішкентай қыздар құмнан торт пісіріп немесе резеңкеден секіріп, қуыршақтармен ойнап жүргенде алты жасар Айгерім бос уақытын 25 жылдан артық қоғамдық көліктің жүргізуші болған әкесі Қайдар Жензаковтың қасында өткізген. Әкесімен бірге гаражда көліктерін жөндеп, тізесінде отырып басқаруды үйренген, жұмыс кезінде қасында кондуктор болып қолғабыс еткен. Осылайша, бос уақытын әкесінін жанында өткізген кейіпкеріміз бала кезінен көліктерге қызығып, кейіннен өзі де жүргізуші болуды армандай бастаған.
– Көлік жүргізуге қызығушылығым бала кезімде басталды. Оның себепкері – менің әкем. Өйткені бала кезімнен әкеммен уақыт өткізгенді ұнататынмын. Көлікте оның алдында отырып, машинаны өз қолыммен жүргізетін кезді армандайтынмын. Көліктің тежегіші мен газы қайда орналасқанын, басқыштарды шатастырып алмау керектігін шыдамдылықпен түсіндіретін әкемнің әңгімелерін мұқият тыңдайтынмын. Ол кісі ылғи да: «Қызым менің айтқанымды мұқият тыңдап, есіне сақтап ал болашақта бұл саған керек болады» деуші еді. Міне, айтқан сөзі айдай келді, – деп еске алады Айгерім Қайдарқызы.
Отбасында Айгерім ағасынан кейінгі үйдің екінші перзенті болғандықтан, бетінен қақпай өсірген анасы оның көлік жүргізушісі болғанын құптамаған. Орта мектепті ойдағыдай тәмамдағаннан кейін анасының ақылын тыңдап, Шамалған округінде орналасқан Үшқоңыр су шаруашылығы колледжіне «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығына оқуға түскен. Қалауы басқа болғандықтан оқуды аяқтап, дипломын қолына алғанымен бұл сала бойынша жұмысқа орналаспаған. Одан кейін де анасының қалауымен компьютерлік сауаттылық секілді бірнеше арнайы курстарды да оқыған. Алайда олар бойынша да жұмыс істемеген. Уақыт өте келе анасы қызының ойынан қайтпайтының түсініп, рұқсатын берген. Осылайша Айгерім көп ойланбастан бірден әкесі істеген, өзі бес саусағындай танитын Қаскелең автопаркіне жұмысқа орналасып, алдымен кондуктор, кейіннен жүргізуші болып істей бастады.
Бүгінде Айгерімнің артында 10 жылдық қоғамдық көліктің жүргізушілік тәжірибесі, екі мерседес спринтері бар (біреуін өзі айдаса, екіншісін жалға беріп қойған). Жұмысына, оқуына немесе жеке жұмыстарымен асығып, қоғамдық көлікке отырған кезде оны айдап бара жатқан нәзік әйелді көргенде тұрғындардың бірі таңғалса, енді біреуі оның жұмысы үшін алғыс айтады екен. Қоғамдық көліктің рөлін тізгіндеген аруды көргендердің ешбірі бейжай қалмайды. Дегенмен, 10 жылдан астам жұмыс істеп, мыңдаған шақырымды артта қалдырған кейіпкеріміздің жұмысында жолаушылармен күрделі қақтығыстар орын алмаған.
– Жалпы қоғамдық көлікті тізгіндеу үлкен жауапкершілік пен батырлықты талап етеді. Оның үстіне мінезің де соған сай болу қажет. Себебі қай қызметте болмасын адамдармен жұмыс істеу оңай шаруа емес. Өйткені, олардың мінезі әртүрлі және көңіл-күйіне де назар аударуы керек. Сөйлесу барысында адамның түріне қарап оның қандай екенін түсіне білуі аса маңызды, қажетті қабілет. Бір сөзбен айтқанда, психологияны жақсы білуің керек. 10 жылдың ішінде әртүрлі жолаушыларды көрдім. Бірі болмайтын нәрсеге ұрсысуға дайын тұрса, енді бірі ризашылығын білдіріп жатады. Олардан алғыс, мақтаныш естіген сәтте көңіл-күйін жақсарып, бойында күш қуат пайда болады, – дейді жүргізуші ару.
Ештеңеге қарамастан балалық арманына қол жеткізіп, бүгінде өзінің жанына жақын салада еңбек етіп жүрген Айгерім болашақта жүргізушінің мамандығын таңдағысы келетіндерге ең бірінші кезекте мұқият жол ережесін үйренуге кеңес береді. Оның айтуынша, қауіпсіздік ережелерін бәрі де сақтауы қажет себебі ол ең алдымен өзінің, яғни жүргізушінің қауіпсіздігі үшін.
– Бұндай көліктер жай жеңіл машиналарға қарағанда қиындау. Себебі мұнда сен тек өзіннің ғана емес, сондай-ақ саған мінетін адамдардың да өмірі үшін жауап бересің. Оның үстіне жолдың үстінде бұзылып қалсаң ол да бір үлкен мәселе. Әрине көлігім бұзылып қалған жағдайларда әріптестерім көмекке келеді, оның үстіне өзімнін де бала кезден жинақтаған тәжірибем жеткілікті. Дегенмен жағдайлар әртүрлі болады. Осылайша жаратылысы нәзік жандар үшін қоғамдық көлік айдаудың қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Жүргізуші болу үшін алдымен жүйке жүйең мықты болу керек. Қазір болатын жол апаттарының 90 %-на жүргізуші кінәлі. Сондықтан әрбірі Жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауы тиіс. Оның ішінде ең маңыздылары: ережелерді толықтай білу, қауіпсіздікті сақтау, жол жүру мәдениетін сақтау, жүргізуші алкогольдік, есірткілік, мас күйде көлікке отырмағаны дұрыс. Жүргізуші көлік тізгінін қолына алмас бұрын өзінің ғана емес, басқа да жолаушылардың жауапкершілігін ойласа келеңсіз жағдайлар болмас еді, – дейді кейіпкеріміз.
Айгерім – автопаркте ер адамдардың арасында жұмыс істеп жүрген жалғыз әйел адам. Ұжымында жалғыз нәзік жанды болғандықтан емес, еңебексүйгіш, жарқын мінезінің арқасында зор құрметке ие болған. Әріптестері оның қайсар мінезіне қарап еркелетіп «Гера» деп атап кеткен. Басшылығы да ол жайында тек жақсы сөздер айтып, «кішкентайынан өзіміздің қасымызда өскен қарыңдасымыз ғой» дейді.
– Мен жұмыста қатты шаршаймын деп айта алмаймын», – дейді кейіпкеріміз. – Жалпы өзім беймаза адам болғандықтан кеңседе бір орында отыратын жұмысты істей алмас едім. Қазіргі жұмысым маған арналып жасалғандай. Сондықтан болар өзімнің жаныма жақын жүргізушілікті ештеңеге айырбастауға дайын емеспін. Өмірде өз орнымды тауып, ұнатқан саламда еңбек етіп жүргендіктен бүгінде мен өзімді бақытты адаммын деп сеніммен айта аламын.
Ерте жасынан еңбекке араласып, ерлермен бірге иық тіресе қызмет еткен болмысынан мықты, қажырлы, еңбекқор Айгерімнің алдағы жоспары сүйіп таңдаған ер азаматы Абай облысы Ақсуат ауылының тұрғыны Айдын Бияхметовқа тұрмысқа шығып, отау құру болып отыр. Бүгін таңда Айгерімнің әулетінде тойға деген қызу дайындық жүргізіліп жатыр.
Олай болса келе жатқан Халықаралық әйелдер күні мерекесімен жүргізуші аруымызды құттықтай отырып, бізге айтып берген жоспары орындалып, бақыты отбасы құруына тілектестес екенімізді білдіргіміз келеді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.