«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Қарасай ауданы үшін расымен жайлы болып тұр. Биылғы оқу жылы басталғалы жаңа білім ошақтары бірінен соң бірі қолданысқа беріліп, аудандағы үш ауысымда білім беру мәселесі шешімін тауып келеді.
Аталмыш жобаның тағы бір сәтті нәтижесі – Көкөзек ауылындағы жаңа мектеп. Аптаның алғашқы күні осы білім шаңырағы ел игілігіне берілді.
Жайлы мектептің салтанатты түрде ашылуына Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Ляззат Тұрлашов, облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева, Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов және ардагер-ұстаздар, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты.
Игі шарада алғашқы құттықтау сөз сөйлеген Нұрлан Ерғалиұлы ауыл халқын мектептің ашылуымен құттықтап, Президент бастамышыл болған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының арқасында облыстағы үш ауысымды оқыту мәселесі шешіліп жатқанын жеткізді.
– Облысымызда білім саласындағы басты проблема үш ауысымды оқытумен орын тапшылығы екенін жақсы білесіздер. Проблеманы шешу мақсатында ағымдағы жылы облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 16, жеке инвестор арқылы 4 және жергілікті бюджет есебі 2 мектеп қолданысқа берілу жоспарланған. Оқу жылының басынан бері Қарасай ауданының Қошмамбет, Елтай, Долан елді мекендерінде және Алатау қаласындағы Еңбек ауылында «Жайлы мектеп» жобасымен салынған мектептер пайдалануға берілді.
Бүгін жаңа білім ордасы өз ауылдарыңызда ашылып, үш ауысымда оқыту проблемасы шешіліп отыр. Болашақ жастарымыздың жаһандану кезеңіне сапалы білім мен саналы рухани тәрбие беретін білім ордасының ашылуымен құттықтаймын! Құрметті ұстаздар, білім алушылар мен ата-аналар, «Біз Қазақстандағы барлық балалардың бақытты болашағы қамтамасыз етуіміз керек» деп Қ.Тоқаев атап өткендей, сіздер үшін қолда бар барлық мүмкіндіктерді қарастыратын боламыз. Алдағы уақытта да сіздердің жарқын болашақтарыңыз үшін игі істеріміз жалғаса бермек, – деді Н.Әбдірахым.
Осылайша облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ерғалиұлы ізгі тілегін білдірген соң, Көкөзек ауылындағы білім ошағының құрылысын жүргізген «BI Global» компаниясының өкілдерін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев-тің Алғыс хатымен марапаттады.
Ал осы мектептің бой көтеруіне жауапты мердігер мекеменің жоба жетекшісі Айтбай Абенов жаңа білім ұясының директоры Жанна Шайхиеваға салтанатты түрде ғимараттың кілтін, сондай-ақ сыйлық ретінде 1 млн теңгенің сертификатын табыс етті.
Шара барысында әуезді әндер айтылып, шашу шашылды. Одан кейін құрметті қонақтар мектеп ішін аралап, оның жай-күйімен танысты.
Көкөзек ауылындағы жайлы мектеп 3 га аумақта орналасқан. Үш қабатты, 1500 оқушыға арналған. Құрылыстың тапсырыс берушісі – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ.
Мектепте сапалы білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Ғимараттың іші соңғы үлгідегі жиһаздармен жабдықталған. Ерекше білім алушыларға арналған инклюзивті орталық, шеберхана, кітапхана, робототехника, модификациялық кабинеттер, екі спортзал, асхана, мәжіліс залы балалар игілігіне қызмет етеді. Сондай-ақ мектептің айналасы абаттандырылып, көгалдандырылған.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін Көкөзек ауылында 600 оқушыға арналған мектепте 2500 бала үш ауысымда білім алып келді. Енді ол жақтан жаңадан ашылған жайлы мектепке 1700 білім алушы қабылданды. Сонымен қатар 66 мұғалім ауысу тәртібімен жұмысқа орналасты. Осылайша ауылдағы ескі білім ошағындағы үш ауысымда білім беру мәселесі шешілді.
Қарасай ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп салыну жоспарланған болса, соның төртеуі, яғни Қошмамбет, Елтай, Долан, Көкөзек ауылдарындағы білім ошақтары ел игілігіне берілді. Алдағы уақытта Қаскелең қаласы мен Кемертоған, Алмалыбақ елді мекендеріндегі мектептер ашылады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
Суреттерді түсірген Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.