Жаңа оқу жылының қарсаңынжа ауданымызға қарасты Әйтей ауылдық округінде орналасқан, мыңдаған шәкіртті қанаттандырған көп жылдық тарихы бар Б.Қосынов атындағы мектептің жаңа ғимараты өз есігін ұстаздар мен оқушыларға айқара ашты. Аптаның алғашқы күні өткен жаңа нысанның салтанатты ашылуына аудан әкімі Жандарбек Далабаев пен облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова арнайы қатысып, жергілікті тұрғындардың қуанышымен бөлісті.
Бұл нысанның пайдалануға берілуі ұзақ уақыт бойы осы мәселенің шешімінің күтіп жүрген Әйтей округінің тұрғындары үшін ең үлкен қуаныштың бірі болды.
Тек ауданымыз бойынша ғана емес, сондай-ақ, облысымыз бойынша үш ауысымдық мектептердің санын азайту мақсатында салынған білім ұясының жаңа ғимараты мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы тұрғызылған. 1200 балаға лайықталған үш қабатты ғимараттың құрылыс жұмыстарын мердігер компания «U-Con-Two» ЖШС-і жүргізген. Құрылысы 2019 жылы басталған үш қабатты білім ордасы заманауи талаптарға сай салынған. Мектептің алдыңғы жағында үлкен алаңнан бөлек мұғалімдердің көліктерін қоюға арналған көлік тұрағы да бар. Ал, ғимараттың артқы жағында оқушылардың денешықтырумен айналысуларына арналған стадион орналасқан. Сондай-ақ, оның аумағында футбол, баскетбол, волейбол ойнайтын кіші алаң да бар.
Ал, заманауи мектептің ішкі жағында үлкен спорт залымен қатар, 320 орындық жиынзалы, 200 орындық асханасы, медициналық бөлме, шет тілдерін үйретуге бағытталған жеке сыныптар, робототехника кабинеті мен биология, химия, информатика пәндеріне арналып, интерактивті тақтамен және компьютермен толықтай жабдықталған жалпы саны 60 кабинет орналасқан. Сонымен қатар, толық компьютермен жабдықталған тек ұстаздарға арналған медиакабинет те жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда, жаңа мектепте білім алушылар мен ұстаздар үшін барлық жағдай жасалған.
Ашылу салтанатына қатысып, алғашқы сөзді алған аудан басшысы Жандарбек Далабаев жиналғандарды ауданымызда жаңа оқу жылының қарасаңында қазіргі заман талабына сай тағы бір мектеп бой көтергенімен құттықтады. Өз кезегінде аталмыш жиынға келіп, әйтейліктердің қуанышын бөліскен облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова биыл облысымыз бойынша 55 білім ордасы жөндеу жұмыстарынан өтіп, биылғы жылы заманауи 6 жаңа мектеп қолданысқа берілетіндігінен жиналғандарды хабардар етіп, ыстық лебізін жеткізді. Келесі сөз кезегін Әйтей округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Шәріпқұлов алып, өзінің ақ батасын берді.
Мұнан кейін мердігер компанияның өкілі Бексұлтан Ерғалиев ғимараттың символикалық кілтін табыс етіп, аудан әкімі мен Майгүл Омарова қызыл лентаны салтанатты түрде қиды.
Тәттіден шашу шашылып, қонақтар жаңа мектептің ішін аралап шықты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.