Ардақ Назаровтың есімі спорт сүйер қауымға жақсы таныс. Ол 1980 жылы 14 қазанда Алматы облысының Райымбек ауданы Қақпақ ауылында дүниеге келген. Сол мекенде өсіп, сол жерде бұғанасын бекіткен нағыз қазақ батыры.
1999 жылы джиу-джитсудан Қазақстанның чемпионы, Еуразияның екі мәрте чемпионы болған. Ережесіз жекпе-жектен әлемнің екі дүркін чемпионы және әлем кубогының иегері, Азия чемпионы, Еуропа–Азия матчтық кездесуінің жеңімпазы, Еуропа чемпионы, Санкт-Петербург, Бішкек, Владивосток, Сеул қалаларында өткен халықаралық турнирлердің жүлдегері.
Еліміздің көк байрағын жоғары ұстау үшін аянбай тер төгіп жүрген Ардақ Назаров «AlemFighters» атты спорт клубын құрған еді. Бұған дейін оның Алматы, Талғар, Қарағанды, Атырау қалаларында бөлімшелерін ашқан. Атауы – әлемдік жекпе-жекшілер деген мағына береді.
Алты алаштың абыройын асқақтатып жүрген Ардақ жуырда «AlemFighters» деген атаумен бесінші спорт мектебінің бөлімшесін біздің Қаскелең қаласында да ашты.
Аталмыш клубтың ашылу салтанаты Ардақ Назаровтың әкесі Құттықожа Назаров, Жақсылық Үшкемпіров, Сабыржан Махметов, Тұрарбек Асанов сынды мығымы мықты мырзалардың батасымен басталды. Одан соң каратэшілер мен ережесіз жекпе-жек саңлақтары ел алдында өнер көрсетті.
Белгілі болғандай, мұнда әртүрлі бағыттағы спорт үйірмелері ашылып, оларда шәкірттерді баптайтын мықты ұжым жұмыс жасамақ.
– Жалпы, «AlemFighters» мектебі ашылғалы бері, оннан аса әлем чемпиондарын тәрбиелеп шықтық, – дейді Ардақ Назаров бізге берген сұхбатында. – Біздің мектебімізге келген әр қазақтың баласы шылым мен арақтан алшақ болып спортпен айналысқанының өзі біз үшін үлкен жеңіс! Негізгі мақсатымыз – елі мен жерін және Отанын сүйетін мықты азаматтарды тәрбиелеу. Әрбір қазақтың жігіті – біздің болашағымыз. Сондықтан, оларға жастайынан жақсы тәрбие берсек, келешегіміз кемел болмақ.
Ардақтың спортқа деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Тау жағалап табаны күс болған, өзен кешіп, шақырымдап жүгірген баланың ынтасын Назаровтар отбасының отанасы байқап, алғаш рет грек-рим күресіне апарады. Бала Ардақтың спортқа деген бірінші қадамы сол болған.
Осылайша болашақ чемпион өзінің өмірі мен қажыр-қайратын спортқа арнауға бел буады. Жекпе-жектегі айла-амалдар мен сан түрлі тәсілдерді санасына тоқып, жаттықтырушының қасынан бір елі ұзамай өткізген жастық жалыны мен күш-жігерінің арқасында бүгінгі тамаша жетістіктеріне қол жеткізген.
Әр сөзі мен ісінен алашына деген сүйіспеншілігі жақсы байқалатын керемет спортшының жастарды жаттықтырып қана қоймай, оларға қашан да ақыл айтып, әдептілікке шақырып жүретіні де жан сүйсінтеді.
Осының бәрін де ел ертеңі – жас ұрпаққа деген шынайы қамқорлық, шын жанашырлық деп те түсінгеніміз жөн!
Жұмабек СМАМҰТОВ.