Тамыздың 16-сы күні, Халықаралық жастар күніне орай Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен, Талдықорған қаласында «Jetisy Style» жастар фестивалі өтті. Бұл іс-шараның мақсаты – жастардың шығармашылық әлеуетін арттырып, өнер мен спортқа баулу, жаңа талант көзін ашу. Жетісу жерінде өткен жастар мерекесіне біздің ауданның да жас әншілері, бишілері, ақындары қатысып, өз өнерлерімен көпшілікті тәнті етті. Қарасайлық жастарды белсенділік танытқандары үшін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов дипломмен марапаттады.
Қаратал өзенінің жағалауында өткен бұл шараға облысымыздың жан-жағынан 200-ге жуық талант иелері жиналды. Мерекелік кеште бас қосқандарды қалалар мен аудандардан келген 100-ге жуық домбырашы балалар қазақтың атақты күйшілерінің күйлерімен қарсы алды. Мұнда поэзия кеші ұйымдастырылып, «Newzhetisy» конкурсының үздік фотосуреттері, робототехника көрмелері мен ағаш ою өнерінің үздік үлгілері ұсынылды. Жастар караокемен ән салып, қарбыз party шарасына қатысты, балалар «Армандар тақтасына» армандарын жазып, асфальтқа сурет салып көңіл көтерді.
«Jetisy Style» жастар фестивалінде ілмекпен тоқыма тоқу ісінің шебері Нұрлан Жартыбеков үш күн тоқыған ұзындығы 35 метр жүн бөкебаймен әлемдік рекорд жасады. Бұл үшін Нұрланды облыс басшысы дипломмен және «Jetisy Style» жастар фестивалі атауы жазылған арнайы мүсіншемен марапаттады.
Фестивальда ерекше көзге түсетін 12 қанатты киіз үй болды. Киіз үй жабдықтары М. Тынышбаев атындағы өлкетану музейі жәдігерлерінің арқасында қазақ мәдениетін толықтай көрсете алды. Интерьерлер символикалық және тарихи маңызда ұсынылды. Жастар үшін алтыбақан да орнатылды. Келушілер аңға салатын қыран бүркіттер мен жүйрік тазыларды да тамашалады. Олардан қазақтың этникалық ерекшелігі айқын көрінеді.
Мерекелік бағдарлама соңыңда Raim&Artur дуэті «Самая вышка» атты жастар арасында хит болып кеткен әнді орындап, фестиваль отшашумен түйінделді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.