Елімізде әйелдер мен қыздарды зорлық пен зомбылықтан, тұрмыстық зорлықтан құтқаруға арналған «Әйелдерге қарсы зорлық пен зомбылықсыз 16 күн» деп аталатын науқан басталды. Бұл науқанға Қарасай аудандық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы да үн қосып, іс-шара өткізді.
Аудандық «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында әйелдерге көрсетілетін зорлық пен зомбылыққа қарсы халықаралық күнге орай, өткізіліп отырған бұл жиынға отбасылық кикілжің мәселелерімен айналысатын өкілетті органдардың қызметкерлері қатысты. Онда қазіргі кездегі әйелдер мен қыздарға көрсетіліп отырған кейбір келеңсіз, тіпті, аюандық әрекеттер жөнінде сөз болып, оның алдын алу шараларын қатаң қолға алудың маңыздылығы әңгіме арқауына айналды.
Жиынды ашқан Қарасай аудандық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі әйелдердің зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Эльмира Есенбаева бүгінгі таңда бұл мәселе қоғамымызда өзекті болып отырғанын айтып, әлеуметтік тұрғыда түрлі келеңсіздіктерге тап болып отырғанымызды жеткізді. «Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі – әйел құқығын бұзатын құбылыс қана емес, сондай-ақ, өскелең ұрпаққа тәрбие беруде кері әсерін тигізетін құбылыс. Өкінішке қарай, қазіргі кезде отбасыларына зәбір көрсетіп, күштеу жайттары көптеп кездеседі. Бұл адамның бүкіл ғұмырына қара таңба болып қалады. Сондықтан да отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою жолында құқықтық және практикалық шараларды іске асырып, оның себептерін кешенді түрде анықтап, тоқтатудың амалын жасауымыз қажет», – деді.
Бұдан кейін аудан әкімінің орынбасары Гүлжан Дүйсенова, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының кеңесшісі Ералы Рахметқожаев, «Шанс» орталығының директоры Шайзат Букаева, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ділдә Ұланқызы мен аудандық білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрғалимов сөз алып, қазіргі қоғамда орын алып отырған әйелдер мен қыздарға қарсы көрсетіліп отырған зорлау, күш көрсету сияқты жағымсыз әрекеттердің күн өткен сайын көбейіп бара жатқандығына алаңдаушылық білдірді. Әсіресе, сәби жасындағы, кәмелетке толмаған бүлдіршін қыздардың ер азаматтар тарапынан қорлық пен зорлыққа ұшырауы әйел-аналарды қатты алаңдататындығын жеткізген жиынға қатысушылар ата-аналарға қыз баланың тәрбиесі, қоршаған ортадағы қауіп-қатерлерден қорғану жөнінде түсіндірмелік жұмыстар жүргізу қажеттілігін атап өтті.
Сондай-ақ, жиынға қатысушылар күн тәртібіндегі осы өзекті мәселеге қатысты өз пікір-ұсыныстарын ортаға салды. Мысалы, мұндай жағдайларда мұқтаж аналарға материалдық-моральдық тұрғыдан көмектесіп, оларды қандай да бір еңбекпен қамтитын, психологиялық жағынан сауығуына көмектесетін, қалыпты өмір сүруіне жәрдемдесетін дағдарыс орталықтарының қажеттілігі туралы әңгіме қозғалды. Отбасындағы кикілжің құрбандарының көпшілігі моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Осыған орай, әйелдер мен қыздар арасында олардың құқықтық сауаттылығын арттырып, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық іс-шараларды көптеп жүргізу керек екендігі де айтылды.
Сонымен қатар, осы проблеманы шешу үшін құқық қорғау органдары ғана емес, мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының күшін біріктірудің қажеттілігі де әңгіме арқауына айналды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.