Бүгінгі нарық заманында құрамында қоспасы жоқ сүт өнімдерін табу өте қиын. Айран, ірімшік, сары май және басқа да тағамдарды Бірінші Май ауылдық округі Бекболат ауылының тұрғыны Жарқын Түменбаева тек табиғи жолмен дайындайды. Оған қоса, кәсіпкер заман ағымына сай «tik tok» және «instagram» сынды әлеуметтік желілерді белсенді жүргізіп, ол жерде табиғи және жасанды сүт өнімдерін қалай ажыратуға болатыны жайлы пайдалы ақпараттармен жиі бөлісіп отырады. Кеңестерін қысқа әрі нұсқа видео эксперименттер арқылы көрсететін Жарқын Байділдәқызы оқырмандардың зор ықыласына бөленіп жүр. Қазіргі уақытта оның аталған әлеуметтік желілерінің әрқайсысында 30 мыңға жуық оқырманы, 6 миллиондай қаралымы бар. Осы жолғы мақаламыз сүт өнімдерімен тұтынушыларын тәнті етіп, көптің ықыласына бөленген кәсіпкер жайлы болмақ.
Ол бұл саладағы өз кәсібін бес жыл бұрын Бекболат ауылына көшіп келген соң бастаған. Жер телімін алып, үй тұрғызып, шаруашылық құрылыстарын жүргізіп, сол арқылы жеке кәсіптерін дамытуға өндірістік база қалыптастырды. 2019 жылдың тамыз айында «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы арқылы жылдық сыйақысы 6 % болатын алты жылға 3 миллион 700 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Оларға 12 бас ірі қара сатып алдық.
Шағын фермасында әжесі мен анасынан үйренген әдіс-тәсілдерге сүйене отырып, мұнда сүт өнімдерін дайындаудың жеке технологиясын жасады. Мысалы, құрамында құнарлы заттар көп болатын сол ірімшікті тек жаңа, әлі салқындатылмаған сүттен алты-жеті сағат қайнатады, бұл өте маңызды. Осылайша, жаңа өнімдері алғашында көршілер, таныстардың сұранысына ие болды. Қазіргі таңда әлеуметтік желі арқылы сатып алушылардың қатары көбейген.
Алғашында Жарқын Байділдәқызы сүт өнімдерін тек отбасы мүшелері үшін әзірлейтін. Өйткені, осыдан бірнеше жыл бұрын күйеуі Марат Кенжебаев ауыр инфаркті бастан өткізген.
– Менің жолдасым жүрек ауруынан бөлек, қант диабетінің екінші типімен ауырады. Үлкен ұлым аллергия, қызымда дисплазия бар екенін білдік. Қай дәрігерге барып қаралсақ та бәрінің айтатыны бір – аурудың бәрі астан. Күнделікті дұрыс тамақтанбаудың салдарынан міне осы жағдайға алып келді. Күйеуімді қараған кардиохирург-дәрігер диета сақтап, синтетикалық тағамдарды, шемішке мен пальма майын ас мәзірінен алып тастап, тек қана табиғи өнімді қолдануға кеңес берді. Мәселен, маман күйеуіме күніне 1 ас қасық сұйық май немесе қолдың майын 80 гр тұтынуға болатынын айтты. Мә, осы уақытқа дейін не жеп жүргенбіз деп таң қалдық. Болған оқиғаның бәрін бізге жоғарыдан келген белгі ретінде қабылдап, дұрыс тамақтануды жолға қойдық. Шүкір, Құдай қолдап, күйеуім бірте-бірте аяққа тұрды, – дейді кәсіпкер.
Жарқын Байділдәқызының айтуынша, бастапқыда бәрін сатып алу қымбат болыпты. Мәселен, 2013 жылы табиғи сүзбенің келісі 800 теңге тұратын. Ас мәзірін толықтай табиғи өнімдерге ауыстарған бес адамнан тұратын қарапайым отбасы үшін мұндай бағалар қалтаға салмақ салары сөзсіз. Барлығын бағамдай келе отанасы осы істі өз қолына алып, бастапқыда қолдың сүтін сатып алып майын шайқап, айранын отбасы мүшелеріне беретін. Осылайша аурудан айығып, дұрыс тамақтанудың қаншалықты пайдалы екенін кәсіпкердің отбасы өз тәжірибелерінде көз жеткізді. Мұндай жағдайды өзгелер де бастан кешпесе екен деген ниетте, басқа адамдар үшін де экологиялық таза және пайдалы өнімдер шығаруға тырысу керек екенін түсініпті. Жоғарыда атап өткендей, 2019 жылы мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алып кәсібін жүргізуді бастаған. Әрбір өнімді бастамас бұрын әжесі мен анасынан үйренген ежелгі әдіс-тәсілдерді еске түсіріп, кітаптардан оқып зерттеп қана іске кіресетін. Жарқын әпкеміздің сүт өнімдерінің бір ерекшілігі оны дайындау үшін құрамында бір немесе екі қоспа ғана болады. Мәселен, дайын айран шығуы үшін ұйытқы (дайын айранның аз мөлшері) және сүт қажет. Осылай тек табиғи жолмен жасалатын кәсіпкердің өнімдері сатылымға шыққанда тұтынушылардан «сіздікі қымбат екен», «басқа орыннан арзан екенін көрдім», «бұндай бағаға кім алады?» дегенді жиі ести бастады.
– Шыны керек еңбегімнің бағаланбауы басында көңіліме тигені рас. Кәсіпті бастадым, ал пайда жоқ. Өз бағасына сатып жүрсем, қашан несиемді төлеп бітемін деп ойладым. Сөйтіп, басқа орындарда табиғи деп сатылатын сүт өнімдердің неге арзан екенін зерттей бастадым. Кәдімгі эсперт-маман болып кеттім ғой (күледі). Қаскелең базарларға барып бағамдасам, рас қолдың майы, айраны менің өнімдерінен кәдімгідей арзан. Таң қалғанымды жасыра алмадым. Оларға айтсам, менің бетіме қарап күледі. «Сен пайда тапқың келсе, бірге-бірді қосу қажет. Мысалы, сары майға маргарин, құртқа шикі ұн, жұмыртқа қосасың, ірімшікке әдемі түс беріп, формада болу үшін кола мен қант қосады екен. Осының бәрін мен халықтың әрқайсысына жеткізе алмаймын. Сондықтан түрлі мамандармен ақылдасып, олардың тәжірибелеріне сүйеніп әлеуметтік желі арқылы табиғи немесе жасанды өнімнің айырмашылығы жайлы әлеуметтік желіде парақшамды жүргізе бастадым, – дейді кейіпкеріміз.
«Тik tok» және «instagram» парақшаларын бақылау барысында көптеген эксперименттерді байқадық. Мәселен, табиғи жолмен жасалған май пышақпен жұмсақ кесілсе, жасанды өнім морт сынады. Жарқын әпкеміз тағы бір видеосында әдемі формасы бар ірімшіктен бас тартуға кеңес береді. Өйткені, құрамында қоспасы жоқ ірімшікті бір қалыпқа келтіру мүмкін емес екен. Осы және тағы да басқа пайдалы кеңестері оқырмандардың тиімді жағына пайдаланып жатқаны сөзсіз.
Сөз соңында кәсіпкер өз өнімдеріне сертификат ала алмай жүргенін айтып налыды. Қай мекемеге барып қолдау табарын білмейді. Барлығы талапқа сай келмейтінін айтып жауаппен қайтарды. Мүлдем сапасыз өнімдерде сертификат бар екенін білгенде іші ашитынын айтып өз мәселесімен бөлісті. Тауарға берілетін сертификат ірі дүкендердің сөрелеріне «Jarkyn milk» өнімін сатылымға шығаруға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта Жарқын Байділдәқызы өз кәсібін кеңейтіп жолдасы екеуі үлкен фирма ашуды армандайды. Біз де табиғи өніммен әзірлеп жүрген кәсіпкерге еңбегіне береке тілейміз!
Бұрым ОРЫНБАСАР.