Жазушы Ғұсман Жандыбаевтың: «Оттан түспеген ойлар» атты терең философиялық ойларға толы кітабын оқып шыққаным бар еді. Сол кітаптың бір тарауында: «Өмірді мәнді өткізу – адамдардың жүрегінде қалу. Егер адамдардың жүрегі пейіш десек, оның төріне бара алатын сенің шыбын жаның, ізгі жақсылықтарың ғана. Тозаққа түсу дегеніміз адамдардың жүрегінен орын тимей қалу» – деп жазғанына көзім түсіп, ойға қалғаным бар. Ұлы Фирдаусидің: «Қаншама адам көрдім, үстінде киімі жоқ, қаншама киім көрдім, ішінде адамы жоқ» – деп ой түйгеніндей, адамның артықшылығы – басқа пенделермен салыстырғанда ғана айқындалады екен. Қарапайымдылық, кішіпейілділік, адами мінезі бойындағы басты қасиеті екені көрініп тұратын жандар болады. Мен солардың қатарына Қызыл-Қайрат ауылындағы ақсақалдар алқасының мүшесі, Талғар ауданының Құрметті азаматы, Талғар ауданы ұйғыр этнос-мәдени орталығының төрағасы Тохтахунов Имин Әкбарұлы (суретте) атты ел ағасын жатқызар едім. «Ұлық болсаң кішік бол»- демекші, Талғар ауданы ғана емес, республика көлемінде өтетін түрлі іс-шаралардың ортасында жүретін Имин ағаны қашан да қайнаған жұмыстың ортасынан көрер едіңіз. Талғар ауданының түрлі мекенінде қоныс тепкен 18 мың 600-ден астам ұйғыр ұлтын үнемі бірлікке, достыққа, туған Отаны Қазақстанды сүйіп, сол үшін қызмет етуге үндейтін жүрегі кең, мінезі байсалды Имин аға қалпынан айныған емес.
«Қилы- қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар» деп бабаларымыз айтқандай, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Ресейдегі «Қазан төңкерісінен» кейін, ел іші дүрбелеңге түсіп, Жетісу жерін мекендеген қазақ, ұйғыр, қырғыз жұрты Қытайға қарай босқындаған тұста Иминнің әкесі Әкбар да солай қарай көш басын бұрып, Құлжа қаласы маңында барып қоныстанған еді. Еті тірі, өзі аңшы, астына жүйрік ат мініп жүретін Әкбар қайратты жан еді. Оны туған ауылы «батыр» деп әспеттейтін. Қытайда ұйғыр, қазақ жұрты ауыр күн кешті. Таудағы әк өндіретін шахтада ұзақ жыл жұмыс істеп, коммунаның үш мезгіл беретін тамағымен күн көретін жұрт ауыр тірлікте өмір сүрді. 1959 жылы Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға көп жұрт үдере көшкенде, анасы сол жақта көз жұмғанда Имин жеті жасар бала болатын. Үйелмелі-сүйелмелі үш ұлдың үлкені Имин бауырларына өзі пана болды. 1959 жылы Алматы іргесіндегі «Достық» ауылынан Талғар ауданының Қызыл-Қайрат ауылына көшіп келген Тохтахуновтар осы жерде тұрақтап қалды.
1967 жылы Қызыл-Қайрат ауылындағы мектептің сегіз жылдық класын бітірген Имин Тохтахунов Алматыдағы №90 кәсіптік техникалық училишесін аяқтаған соң, қаладағы ет өндіретін комбинатта жұмыс жасайды. Қолынан ұйғыр ұлтының дутар, тамбыр, «дап» сияқты музыкалық аспаптары түспейтін Имин ойын-тойдың көркі еді. Ауылдағы ұйғыр ұлтының жас өнерпаздары түрлі мерекелердің шырай болып, халық қошеметіне бөленетін. 1971-1973 жылдары Отан алдындағы борышын Тараз қаласында өткерген жас солдат елге оралысымен ұйғыр қызы Дильбар Илахуновамен отау құрды. «Патриот-Отанның мерейін жолында қолда барын, өмірін аямайтын адам», – деп Мирза Фатали Ахундов айтқандай, қырық жылдан шыққан Имин аға бұл күндері де қоғамдық жұмыстан бас тартқан жан емес. 2012 жылы Алатау округіндегі ұйғыр мәдени орталығының төрағасы болып сайланса, қазіргі уақытта Талғар ауданындағы ұйғыр этно-мәдени орталығының төрағасы болып жемісті еңбек етуде. Ауданның 11-елді мекенінде қоныс тепкен 18 мың 600-ден астам ұйғыр халқын ауызбіршілік пен бірлікке шақыратын Имин Тохтахуновты Жетісу өңірі жақсы біледі. Кеудесінде: «Қазақстан Халықтары Ассамблеясына-20 жыл», «Ел ардақтысы», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл», халық батыры Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты», Қазақстан ұйғырларының республикалық этно-мәдениет орталығының «Сахават» медалі жарқыраған Имин Тохтахунов ел ықыласына бөленген жанның бірі. Халықты ортақ іске жұмылдырып, ауданда өтетін «Наурыз» мерекесі, 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні және түрлі Қайырымдылық шараларына мұрындық бола білетін ел ағасы Иминді алғыс арқалаған жан десе жарасатындай.
Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,
журналист, ҚР журналистер одағының мүшесі.
Талғар ауданы.