Жақында аудандық әкімдік ғимаратының үлкен мәжіліс залында «Ауданның 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының орындалу қорытындысы және 2023 жылы атқаратын міндеттері туралы» алқа мәжілісі өтті. Оған ауыл әкімдері, аудандық мәслихаттың депутаттары, басқарма, бөлім, мекеме басшылары қатысты. Алқада бірқатар өзекті мәселелер қаралып, ауыл әкімдерінің жұмыстары сараланды, аудан бойынша 2023 жылы бірнеше жобалар жүзеге асатыны мәлім болды.
Алқа мәжілісінде ауданның 2023 жылдың І жарты жылдығындағы әлеуметтік және экономикалық даму қорытындылары және ІІ жарты жылдықта алда тұрған міндеттер туралы мәселе қаралды. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Нұрмаханов Ертай Сұлтанәліұлы баяндама жасады.
Күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Абдыманапов Бек Берікұлы сөз сөйлеп, сала бойынша атқарылған істерге тоқталды.
Алқа мәжілісінің жұмысын аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев қорытындылады. Бөлім басшыларына тиісті тапсырмаларын беріп, алда тұрған міндеттерді атап көрсетті. Ауылшаруашылық бағытындағы аудан болғандықтан, осы салаға көбірек көңіл бөлу қажет. Мал тұқымын асылдандыру, лизингке ауылшаруашылық техникаларын сатып алу, тұқым ауыстыру, ауылшаруашылық жерлерін толық игеру, жер түгендеу, оны электрондық картаға түсіру, тауарлы сүт фермаларын іске қосу жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізу керек. Бұл мақсатқа жету үшін шаруа қожалықтарын ірілендіру жұмыстарын одан әрі жалғастыра беру қажет. Шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, кіріс көздерін көбейту бойынша жоспарлы түрде жұмыстар ұйымдастыру керек.
Алқа қорытындысы бойынша, аудан әкімінің қаулысы шықты. Барлық мекеме басшылары және ауылдық округ әкімдеріне тапсырмалар берілді.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.