Талдықорған қаласының журналистер үйінде «Әйел бақытының формуласы» тақырыбында семинар-тренинг өтті, деп хабарлайды Алматы облыстық өңірлік коммуникация қызметі.
«Қоғамның даму барысын өмірде – нәзік, көңілде биік, ал істе мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес» деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әйел азаматтарына үлкен үміт артады. Сенімді арқалап жүрген іскер нәзік жандылар жетерлік. Солардың қатарында жүрген белгілі журналист, теле-видение және радиожүргізуші, «Astana Kids» сән көрсетілімінің ұйымдастырушысы, «Kazakhstan Kids Fashion Show 2014» байқауының ұйымдастырушысы Махаббат Есен мен «Jeff Tailor» тігін үйінің иесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Жыл кәсіпкері-2017» байқауының үздігі Гаухар Утелбаеваны ерекше атап өту керек.
Қолға алған кәсіпкерлік істердің жетістігі мен қиын тұстарымен бөліскен нәзік жандылар әйелдер қауымының экономикалық белсенділігін арттыру тақырыбында ойларын ортаға салды.
– Табысты болу үшін ең алдымен сол кәсіпке деген қызығушылық болуы қажет. Оның даму жолдарын іздеп, бар күш-жігерін бизнесінің өркендеуіне жұмсайды. Табысты әйел болу оңай емес, себебі, отбасы мен кәсіпкерлікті қатар алып жүру өте қиын. Дегенмен шыдамды, мақсаты айқын адам әркезде де өз биігін бағындырады, – деді Г.Утелбаева.
Елімізде жыл басынан бері жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, 600 мыңға жуық нәзік жандылар өз кәсібін жүргізіп, жетістікке жеткен.