Егеменді еліміздің дамуы, тұрақты қалыптасуы, қоғамдық келісімінің беріктігі, сондай-ақ мемлекет ішіндегі бұқара мен билік арасындағы өзара іс-қимыл жүйесінің реттілігі ішкі саясатқа негізделетіні белгілі. Ал оның негізгі құндылықтары, мақсат-міндеттері мемлекеттік саясаттың сабақтастығын қамтамасыз етеді. Сондықтан осы бағытта атқарылатын жұмыстардың жүйелі жүруі әрі нәтижелі болуы үлкен жауапкершілікке негізделеді. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, әр өңірде ішкі саяси ахуалды қадағалау мақсатында қағидаттар айқындалып, атқарылатын қызметтер нақтыланған. Сол себепті маңызы жоғары болып саналады.
Салмақты саланың айналасында атқарылған жұмыстарға біз де мән беруді жөн көрдік. Мәселен, өткен жылы аудандағы ішкі саяси ахуал қаншалықты тұрақты болды? Межелі міндеттер өз деңгейінде орындалды ма? Осы және басқа да сауалдардың жауабын білу үшін Қарасай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлнар Молдамсеитовамен әңгімелескен едік. Аталған бөлімнің негізгі қызметімен таныса келе, оның барысында атқарылған істерге байланысты айқын ақпараттарға көз жеткіздік.
– Гүлнар Құсаинқызы, әңгімеміздің әлқиссасын Сіз басқарып отырған бөлімнің қызметінен бастасақ. Оның негізгі бағыттары қандай?
– Ішкі саясат бөлімі – бұл мемлекеттік мекеме болғандықтан, басқалары сияқты өзіне жүктелген міндеттемелері нақтыланған. Қызметтік тұрғыдан алып қарасақ, оның негізгі бағыттары бар. Атап айтар болсақ, қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты қадағалау, ҚР мемлекеттік рәміздерін қолдану мен сақталуын бақылау, Діни бірлестіктердің қызметін қадағалау, үкіметтік емес ұйымдармен белсенді ынтымақтастықты орнату, сондай-ақ ардагерлер ұйымдармен тұрақты жұмыс жүргізу. Міне, осындай бағыттармен жұмыс істей отырып, тұрғындардың сенімін арттырып, Қарасай ауданының өркендеуіне, әлеуметтік экономикалық дамуына үлес қосу бағытында қызмет етудеміз,
– Аталған бөлімнің басшылық қызметіне келгеніңізге көп болмаса да, Сіздің жетекшілігіңізбен атқарылған жұмыстар аз емес. Өзіңіз бұған дейін қала әкімінің орынбасары ретінде халықпен тығыз жұмыс істеп үйренгенсіз ғой. Қазір аудан тұрғындарымен байланыс орнату қалай болып жатыр? Бүгінгі таңда аудан аумағында саяси ахуал қандай?
– Иә, өте дұрыс айтасыз. Бұрын тек қалалықтармен байланыста болатын едім. Қазір түгелдей аудан ахуалына назар аударамыз. Мемлекеттік қызметші болғандықтан, елге қызмет ету ортақ міндет болып табылады.
Бүгінгі таңда Қарасай ауданының аумағында бір қала, 10 ауылдық округ, 47 елді мекен және 207 саяжай орналасқан. Халық саны 352 735 адамға жетіп, жыл сайын тұрақты өсім көрсетуде. Мысалы, 2025 жылдың 1 қаңтарындағы статистикалық мәліметке сүйенсек, тұрғындардың көрсеткіші 2024 жылмен салыстырғанда 337 990 адамнан 14 745 адамға артқан. Бұл ретте айта кету керек, 2014 жылы ауданымыздың төрт ауылдық округіне қарасты 15 елді мекені 68 282 тұрғыны мен 16 070 гектар жер көлемі Алматы қаласының аумағына берілген болатын. Осыдан кейінгі 11 жыл ішінде аудан халқының саны 131 170 адамға өскен (2014 жылы 221 565). Мұның негізгі себебі – Қарасай ауданының Алматы қаласына жақындығы, тұрғындардың жұмыс және табыс көздерін іздеп мегаполис іргесінде орналасқан ауданға шоғырлануы.
Сонымен қатар, аудан тұрғындарының сұранысы мен қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында қоғамдық пікірді бақылау жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Әлеуметтік желілерде жарияланған теріс ақпараттар күнделікті мониторингтен өтіп, барлық шағымдар мен өтініштерге Ішкі саясат бөлімі тарапынан уақтылы кері байланыс қамтамасыз етілуде. Бұл – аудан тұрғындарының құқықтарын қорғау мен қоғамдағы сенімді арттыруға бағытталған нақты қадам.
Қарасай ауданы халқының тұрақты өсуі, әлеуметтік сұраныстың артуы және тұрғындармен кері байланысты тиімді ұйымдастыру ауданның дамуы мен халықтың өмір сапасын арттырудағы маңызды көрсеткіш болып табылады.
– Гүлнар Құсаинқызы, енді әңгімеміздің бағытын атқарылған шараларға қарай бұрсақ. Жалпы, сіздер үкіметтік емес ұйымдармен де тығыз жұмыс істейтіндеріңіз белгілі. Бұл бағытта атқарылған шаруалар қалай жүзеге асуда?
– Қарасай ауданының ішкі саясат бөлімінің 2025 жылы үкіметтік емес ұйымдарға арналған әлеуметтік жобалар аясында бірнеше маңызды бағыттар айқындалған. Атап айтқанда, «Ауданда жастар саясатын жүзеге асыруға бағытталған шаралар», «Қарасай ауданының халқына сыбайлас-жемқорлық деген ұғымды түсіндіру және пайда болу жағдайлары жайлы түсінік беру», «Қарасай ауданы бойынша қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайтуға арналған кешенді шаралар», «БАҚ және әлеуметтік желілерде ақпараттық жұмыстар жүргізу» бағыттарына арналды. Осы аталғандар бойынша жұмыс жоспары бекітіліп, әр тақырыптың маңыздылығына ден қойылады.
– Ендеше, алдымен өткен жылы қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытына тоқталсақ. Оған қатысты қандай жұмыстар атқарылды?
– Қарасай ауданының ішкі саясат бөлімі мемлекеттік мекеме болғандықтан, кез келген іс-шараны мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында орындайды. Мәселен, 2025 жылы үкіметтік емес ұйымдарға арналған әлеуметтік жобалардың «Қарасай ауданы бойынша қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайтуға арналған кешенді шараларды ұйымдастыру» тақырыбы бойынша «Жетісу жастары ұйымының Конгресі» жастар қоғамдық бірлестігі тапсырыс орындаушы ретінде анықталды. Одан кейін біздің бөлім мен аталған бірлестік бірігіп, Қарасай ауданында әлеуметтік тұрақтылықты нығайту, қоғамдық келісімді сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және әлеуметтік қолдауды күшейту бағытында бірқатар маңызды іс-шаралар атқарды.
Сондай-ақ 2025 жылы Қарасай ауданында әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларды, жалғызбасты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мақсатында ауқымды әрі қайырымдылық бағытында азық-түлік тарату акциялары ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне, 1 қазан – Қарттар күніне және Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қайырымдылық шаралары өткізіліп, аудан аумағында әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға 100-ге жуық азық-түлік себеті таратылды.
Отбасылық құндылықтарды насихаттау бағытында да бірқатар мазмұнды шаралар қолға алынды. Атап айтқанда, мектеп оқушылары арасында «Менің отбасым» атты шығармалар байқауы ұйымдастырылып, жас ұрпақтың бойына ата-анаға құрмет, бауырмалдық пен ұлттық құндылықтарды сіңіру көзделді. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Ал өткен жылдың жаз айында Қарасай ауданында дәстүрлі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңі өтіп, өнегелі отбасылар марапатталды. Аудандық кезеңде жеңіске жетіп, үздіктер қатарында Алматы облысының атынан қатысқан Қарасай ауданы, Қаскелең қаласының тұрғындары — Бекдайырлар әулеті де бар. Өнегелі отбасы республикалық кезеңде облыс намысын абыроймен қорғап, зор құрметке ие болды. Бұл жеңіс — ұлттық мұраны қастерлеп, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеп жүрген барша жан үшін ортақ қуаныш.
Ұлттық рух пен мәдени мұраны дәріптеу мақсатында 1 шілде күні Домбыра мен Астана күндеріне арналған ерекше шара өткізілді. Оның барысында аудан басшылығы аудандық перзентханаға барып, 15 жас ана мен жаңа туған сәбилерге домбыра және арнайы сыйлықтар табыстады. Бұл бастама ұлттық құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің айқын көрінісі болды.
Одан бөлек басқа да қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жүзеге асырылды. Сәуір айында аудандық кітапханада «Татулық пен бірлік» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп, ұлттық тәрбие мен рухани жаңғыру мәселелері талқыланды. Ал 2025 жылдың соңғы айында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында «Ынтымақ пен сенімнің 30 жылы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, этносаралық келісім мәселелері мен алдағы жоспарлар қарастырылды.
Жалпы алғанда, 2025 жылы Қарасай ауданында өткізілген барлық іс-шаралар аудан тұрғындарының әлеуметтік қолдауын арттыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталып, қойылған мақсаттарға толықтай қол жеткізді деп сеніммен айтуға болады.
– «Жастар – қоғамның қозғаушы күші» деп жатамыз ғой. Олардың саясатын жүзеге асыру қалай болып жатыр?
– Бұл бағытта да атқарылған шараларды жоғарыда атап өткен «Жетісу жастары ұйымының Конгресі» жастар қоғамдық бірлестігімен бірлесіп атқардық. Жұмыстардың басым көпшілігі әлеуметтік, патриоттық, зияткерлік, спорттық және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталды. Солардың ішінде ең маңыздыларына тоқталуға болады.
«Жылулық сыйла» атты қайырымдылық акциясы өтті. Оның барысында жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында блиц-сауалнама ұйымдастырылып, қатысушылардан қайырымдылыққа деген көзқарастары, өздері қатысқан қайырымдылық іс-шаралары, қаржылық көмек көрсетуге қатысты ойлары және акцияға қосатын үлестері сұралды.
Мемлекеттік рәміздер күнінің маңыздылығын да жас өрендер арасында дәріптеуді ұмыт қалдырмадық. Осы мақсатта 4 маусым күні салтанатты-патриоттық іс-шара ұйымдастырылып, Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі, патриоттық әндер, флешмоб, жас буын өкілдерінің өлең оқу және қойылымдар көрсетілді.
Маусым айында оқушылар арасында патриоттық тәрбиені күшейту мақсатында «Жас Ұлан» әскери-спорттық байқауы өткізілді. Бұл жарыс саптық дайындық, әскери-қолданбалы спорт түрлері, алғашқы медициналық көмек көрсету сайысы, тарих және әскери білім бойынша блиц-турнир және «Мен – Отан қорғаушымын!» атты шығармашылық көрініс кезеңдерінен тұрды. Байқау жастардың патриоттық сезімін нығайтып, Отанға деген сүйіспеншілігін және жауапкершілік сезімін арттырды.
2025 жылдың қазан-қараша айларында колледждер бойынша құқықтық бағытта 20 кездесу ұйымдастырылды. Оған Қарасай аудандық Полиция басқармасының өкілі спикер ретінде шақырылды. Кездесу барысында 600 шақты студент қамтылып, құқық бұзушылықтың алдын алу, саламатты өмір салтын сақтау және әлеуметтік жауапкершілікті арттыру бойынша ақпарат берілді.
Спорттық шаралар мен көңілді тапқырлық сайыстар да белсенді түрде ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, қараша айында мемлекеттік қызметшілер арасында футболдан жарыс өтсе, колледждердің студенттері «Нашақорлықсыз болашақ» атты жайдарман турнирінде бақ сынады.
Ал өткен жылдың соңғы айында Долан ауылындағы «Келешек мектеп» базасында аудандық «QAZ INTELLEKT» интеллектуалды-зияткерлік сайысы ұйымдастырылды. Мұнда оқушылардың логикалық ойлау қабілетін, білімді талдай білуін, стратегиялық шешім қабылдау дағдыларын және топтық жұмыс мәдениетін дамытуға бағытталды. Сайыс соңында қатысушылардың әрбіріне ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталды.
Жалпы алғанда, ауданда жастар саясатын жүзеге асыруға бағытталған шаралардың негізгі мақсаты жастарды қоғамға пайдалы болуға, әлеуметтік жауапкершілік пен көшбасшылық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Осы жұмыстар ауданның әлеуметтік тұрақтылығын нығайтып, білімді, саналы, отаншыл жас ұрпақ қалыптастыруға негіз болады деп ойлаймын.
– Қазіргі қоғамда өзекті тақырыптардың бірі – сыбайлас жемқорлық. Ел дамуына кері әсер ететін бұл жайтқа қаншалықты алаңдаушылық білдіресіздер? Әсіресе, жастар арасында оған қарсы күрес шаралары қамтылған ба?
– Бұл бағытта атқарылған жұмыстар үнемі назарымызда. 2025 жылы «сыбайлас жемқорлық» деген ұғымды түсіндіріп, оның пайда болу жағдайлары жайлы түсінік қалыптастыру мақсатында көптеген іс-шара атқарылды. Атап айтар болсақ, балалар мен жасөспірімдер арасында «сыбайлас жемқорлық» тақырыбында эссе жазу байқауы өткізілді. Оған мектеп оқушылары мен колледж студенттері белсенділік танытты. Олардың жұмыстары лайықты бағаланып, дипломдармен, алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Бұл іс-шара жас буын арасында адалдық, әділдік және жауапкершілік қағидаттарын қалыптастыруға оң ықпал етті деуге болады.
Дәл осы бағыттағы жұмыстар Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында одан кейін де жалғасын тапты. Нақты айтар болсақ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасы, Қарасай ауданының ішкі саясат бөлімі және «Жетісу жастар конгресі» бірлесіп, «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» атты кең көлемді ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізді. Алты күн ішінде барлық ауылдық округте 20 кездесу ұйымдастырылып, 600 адамға сыбайлыс жемқорлықтың салдарына қатысты ақпарат берілді.
Сонымен қатар жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында қосымша 15 кездесу ұйымдастырылып, 450 адам қамтылды. Бұл жиындарға полиция басқармасының инспекторлары, ішкі саясат бөлімінің мамандары және «Жетісу жастар конгресінің» өкілдері қатысып, жастарға құқық бұзушылық түрлері, олардың алдын алу жолдары, заңға құрмет пен жауапкершілік қағидаттары туралы кеңінен ақпарат таратты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы насихат жұмыстары БАҚ пен әлеуметтік медиа арқылы да кеңінен жүргізілді және аудан аумағындағы көрнекі жерлерде баннерлер қойылып, ЛЭД-экрандар арқылы бейнематериалдар көрсетілді. Бұл ретте тағы бір айта кетерлігі, жемқорлықтың алдын алу бойынша арнайы екі бейнеролик түсіріліп, әлеуметтік желілерге таратылды.
Одан бөлек жақында мемлекеттік қызметшілер арасында топтық зияткерлік ойын ұйымдастырылып, жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталды. Ал оқушылар арасында тақырыптық дебаттар өткізіліп, мұндағы оза шапқандарға да ақшалай сыйлық берілді.
9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай, Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбектің төрағалығымен және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Нұрсұлтан Сейдалиевтің қатысуымен мемлекеттік қызметшілерге және басқа да мекеме басшыларына арналған сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша семинар-тренинг өткізлді.
Осы аталған шаралардың бәрі қоғам дертіне айналған сыбайлас жемқорлықты жоюға қарсы бағытталды.
– Гүлнар Құсаинқызы, БАҚ өкілдерімен жұмыс қалай жүргізілуде?
– Журналистер қауымымен біздің қызметіміз етене жақын деуге болады. Түрлі шарада басымыз бірігіп, ақпараттық кеңістікте бірлесе жұмыс атқарып келеміз.
Әсіресе, аудан экономикасына үлес қосатын кәсіпорындарды таныстыру мақсатында баспасөз турын ұйымдастырып, сол кезде көптеген БАҚ өкілдерімен жақын тілдесеміз. Мәселен, осындай басқосулардың бірін жақында біздің бөлім мен «Желтоқсан» мәдени-танымдық орталығы ұйымдастырды. Оның барысында республикалық, облыстық, аудандық БАҚ-тың журналистері Қарасай жеріндегі бірнеше кәсіпорынды аралап, жақын танысты. Атап айтар болсақ, Көкөзек ауылындағы «Burunday Container Terminal» логистикалық кешенінің, Жармұхамбет ауылындағы «Алматы тұрмыстық техника зауыты» компаниясының, Қаскелең қаласындағы «7 o’clock» минералды су зауытының және Шамалған ауылындағы «Қазақстандық құбыр арматурасы зауытының» жұмыс барысы, өнімдері, аудан экономикасына деген пайдасы жайлы жан-жақты ақпарат таратылды.
Сондай-ақ журналистер қауымының кәсіби мерекелері де біздің назарымызда. Өткен жылы айтулы күннің қарсаңында аудан әкімі Жасұлан Тоққожұлының қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оған құрметті қонақ ретінде республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» және облыстық «Алатау арайы», «Огни Алатау» мерзімді басылымдардың меншікті тілшілері, «Алатау» және «Жетісу» телеарналарының өкілдері, аудандық «Naqty» газетінің ұжымы және басқа да қоғам белсенділері арнайы шақырылды. Аудан басшысы аталған БАҚ өкілдеріне ізгі тілегін арнап, әрбірінің қажырлы еңбектеріне баға беріп, өз тарапынан құрмет көрсетті.
– Жалпы, біраз саланың дамуына серпін беріп, әрбірінің маңыздылығын көрсету үшін түрлі шараларды атқарып келе жатыр екенсіздер. Біз білмейтін тағы қай бағыттар бар?
– Дұрыс айтасыз, біздің бөлімнің жұмысы әр саламен байланысты. Саяси ахуал тұрақты болуы үшін жан-жақты жұмыс атқарамыз. Мәселен, «Заң мен тәртіп» бағыты бойынша атқарылған істеріміз жетерлік.
Өткен жылы Қарасай ауданының аумағында қоғамдық тәртіп пен құқықтық мәдениетті арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын көтеру мақсатында бірқатар іс-шара атқарылды.
Аудандық прокуратурамен бірлесе 27 жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында «Халық заңгері», «Заң керуені», «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ», «Көлеңкелі нарық», «Әрбір азаматтың үні естіледі» жобалары бар. Аталған іс-шаралар тұрғындарға құқықтық кеңес беру, балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлеңкелі экономикамен күрес және халықтың заң алдындағы жауапкершілігін арттыру бағытында түсіндіру жұмыстары қамтылды.
Сонымен қатар, аудандық полиция басқармасымен және Алматы облысы заңгерлер палатасымен бірлесе біраз бастама қолға алынды. Олардың көбісі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, қоғамда құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауға, сондай-ақ тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталды.
Ал өткен жылдың соңында заң мен тәртіп идеологиясы аясында Қаскелең гуманитарлы-техникалық колледжінде «Заң, бірлік және руханият» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілді. Шара барысында жастар арасында заңға құрмет көрсету, мәдениетін қалыптастыру, этносаралық келісімді нығайту, қоғамдық тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау, діни сауаттылықты арттыру, сондай-ақ жастарды нашақорлыққа, интернет-алаяқтыққа, құқық бұзушылыққа және радикалды діни ағымдардың ықпалынан қорғау бағытында ақпараттар кеңінен насихатталды.
– Гүлнар Құсаинқызы, ішкі саясат бөлімінің тағы бір бағыты – діннің айналасында тұрақтылықты қалыптастыру. Бұл бағыттағы ахуал қалай?
– «Дін» тақырыбы өте нәзік болғанымен, соңғы уақытта өзектіге айналғаны жасырын емес. Сол үшін ондағы ахуал үнемі қадағалауда.
Бүгінгі таңда Қарасай ауданында діни өмір тынысы ерекше өркендеп келеді. Аудандағы барлық діни бірлестіктер саны 76 болса, оның ішінде басым көпшілігі мұсылмандық бағытында. Одан бөлек протестанттық, православтық, рим-католик, «Иегова куәгерлері», «Кришна санасы» қоғамы бар.
Ауданның діни инфрақұрылымын дамытуға келгенде ислам діні бойынша жұмыстар жақсы жалғасып келеді. Бұл ретте ауданның бас имамы Дәуренбек Жандосұлының еңбегін ерекше атап өтуге болады. Ол көбінесе жауапты бөлім басшыларымен, округ әкімдерімен бірлесіп, соңғы үш жылда 16 мешітті тіркеді. Бұл көрсеткіш облыс бойынша ең жоғары сан болып табылады. Қазіргі таңда аудан бойынша 11 жаңа мешіттің құрылысы жүріп жатыр.
Сонымен қатар, Алмалыбақ ауылындағы №091 есептік квартал, №548 учаскеде орналасқан мешітке қатысты құжаттар Алматы облыстық Әділет басқармасына тіркеу үшін жолданған кезде жоғалып кеткендігі тіркелді. Ауданның бас имамы барлық қажетті құжаттарды қайта жинақтап, ішкі саясат бөлімі демеушілердің көмегімен мемлекеттік баж салығын төлеуге қажетті қаражатты қамтамасыз етті. Қалған мешіттер бойынша жұмыстар алгоритмге сәйкес жүйелі түрде жүргізілуде.
Аудандағы діни ахуал, міне, осындай. Бұл саланың тұрақтылығын сақтау біздің негізгі бағытымыз болғандықтан, мұндағы жағдай жіті бақылауда деп айта аламын.
– Сөз соңында мемлекеттік рәміздер жайлы атқарылған жұмыстарға тоқталсақ. Елдіктің белгісіне айналған нышандарымыздың қолданылуы мен насихатталуы қалай жүзеге асуда?
– Мемлекеттік рәміздердің қолданылуы мен насихатталуы – мемлекетіміздің идеологиялық саясатының маңызды бағыттарының бірі. Оларды құрметтеу, заң талаптарына сай пайдалану және жас ұрпаққа кеңінен таныту баршамыздың ортақ міндетіміз болып табылады.
Бүгінгі таңда Қарасай ауданының аумағындағы мемлекеттік мекемелерде Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Гимн және мемлекеттік рәміздер бейнеленген ақпараттық материалдардың дұрыс орналастырылуы тұрақты бақылауда ұсталып, оларды жаңарту бойынша жүйелі мониторинг жүргізілуде. Осы мақсатта аудандық ішкі саясат бөлімінде, сондай-ақ қала және ауылдық округ әкімдіктерінде аталған бағыт бойынша жауапты бір маман бекітілген. Олар аудан көлемінде мемлекеттік рәміздердің белгіленген стандарттарға сәйкестігін тексеріп, әдістемелік көмек көрсетеді.
Рәміздеріміздің дәріптелуіне келер болсақ, ол бағытта кешенді жұмыстар жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Білім беру мекемелерінде түрлі шаралар ұйымдастырылса, әлеуметтік желілердегі челлендждер белсенділік ешқашан төмендеген емес. Мәселен, осы мақсатта 50-ге жуық бейнематериал және 60 ақпараттық жазба әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
Осындай жұмыстардың реті алдағы уақытта да жалғасатын болады. Рәміздерді ұлықтау – әрдайым жарасымды іс. Сондықтан бұл бағыттағы шаралар ұлттық құндылығымызды одан сайын асқақтады деген ойдамын.
– Гүлнар Құсаинқызы, уақыт бөлгеніңізге көп рақмет! Ішкі саясат бөлімінің атқарып жатқан жұмысының бәрін айтпасақ та ең маңыздыларын таныстыра алдық деп ойлаймын. Жұмыстарыңыз жақсы жағынан жалғаса берсін! Жаңа жылыңыз құтты болсын!
Тілдескен Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
