ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов кеше жанармай нарығындағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, ел күтпеген ақпаратты таратты. Министрдің дерегіне сүйенсек, алдағы уақытта бензин мен дизель отынының бағасы артады. Бұл өзгерістің аграрлық салаға тікелей қатысы бар екені айтпасақ та белгілі. Сондықтан аталған жайтты саралауды жөн көрдім.
Әрине, қымбатшылық қай кезде де халыққа оңай соқпайтыны анық. Десе де кез келген шешімнің астарында үлкен мән барын да саралау қажет деп ойлаймын.
Жанар-жағармай бағасының бірден өсуі алдымен ішкі нарықты тұрақтандыру, реттеу деп түсінуіміз керек. Министр айтқандай, шынымен егер қазір баға айырмашылығындағы мәселені қолға алмасақ, келешекте үлкен тапшылыққа әкелуі мүмкін. Бұл дегеніміз экономикамызға кері әсерін тигізбесе, пайдасы бар деп айту қиын.
Тағы бір айта кетерлігі, біз дамушы елдердің қатарында болу үшін өзге елдермен иық тірестіруді де ойлау керек. Болат Ақшолақов атап өткендей, іргелес елдердегі жағдай Қазақстанның ішкі нарығына да әсер етіп отырады. Мысалы, өткен жылдың наурызында Ресейдегі бөлшек саудадағы дизель отынының бағасы Қазақстандағы бағамен теңесіп, арзандаған болатын. Нәтижесінде біз Ресеймен шекаралас жанармай станцияларында отынды сату көлемі азайғанын байқадық, демек Қазақстаннан жанармай шығару экономикалық тиімсіз болды.
Біздің еліміз қай кезде де қиындықты еңсеріп үйренген. Елдің ынтымағы, бірлігі бекем болса, бұл күрделі үдерістен де өтеміз. Мемлекеттің саясаты елдің ахуалын арттыруға бағытталатынын ұмытпауымыз керек.
Жанат ИСАҒҰЛОВ,
«Жетісу» өндірістік кооперативінің басшысы,
Қарасай аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы.