Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Іргелі ауылдық округінің тұрғындары үшін салынған дәрігерлік амбулатория ашылды. Салтанатты рәсімге арнайы қатысқан аудан әкімі Жандарбек Далабаев осы қуанышты оқиғамен құттықтады. Жандарбек Ермекұлы ізгі тілегін білдіре келе, денсаулық сақтауда, жастардың репродуктивтік денсаулығын жақсарту бойынша үлкен жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, Қаскелең қаласында 200 орын стационар мен 1000 емделушіге арналған емхана ашу жоспарда тұрғанын да тілге тиек етті. Одан кейін ағымдағы жылдың 6 маусымынан бастап іргетасы қалана бастаған нысанның құрылыс жұмыстарын толықтай жүргізген «Құрылысшы-ТБС» ЖШС-нің директоры Батырхан Тохтаев символикалық кілтті аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Мәулен Малғаждаровқа салтанатты түрде тапсырды. Жаңадан ашылған медициналық амбулатория үшін көпшілік атынан Іргелі ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеу Айдарбекұлы алғысын білдіріп, ақ батасын берді. Жандарбек Ермекұлы және Төлеу Айдарбекұлы қатысқан дәстүрлі лентаны кесу рәсімінен кейін шараға қатысушылар жаңа ғимаратқа кіріп, оның құрылымымен танысты.
Аталған дәрігерлік амбулатория «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында салынған. Нысан құрылыс жобасына сәйкес екі қабатты, 866 шаршы метрді қамтиды. Оның маңайына көктем келе көгалдандыру жұмыстары да жүргізілетін болады. Жаңа үлгіде салынған мекеменің іші жарық әрі кең. Ғимаратта емдеу, екпе бөлмелері, тіс дәрігері, гинекология, арнайы аспаптармен жабдықталған физиотерапия, ЭКГ, УЗИ және жалпы тәжірибелік дәрігерлер кабинеттері және күндізгі стационар қарастырылған. Амбулаториялық-емханалық бөлімнің меңгерушісі Қаламқас Жүнісованың айтуынша, емхана бір тәулікте 100 келушіге есептелген. Сонымен қатар, мұнда бес дәрігер, 11 орта буын медицина қызметкері, бір акушер және бір медицина тіркеушісі бар. Тұрғындарды толықтай тіркеуге тұрғызу көзделіп отыр. Алдағы уақытта тіркеудегі халық саны көбейген сайын жана штаттар қосылатын болады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.