Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен атқарылған жұмыстардың жай-жапсары өткен аптада түрлі БАҚ-тың назарында болды. Анық ақпараттардың легін өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде жан-жақты жеткізіп, облыс көлеміндегі маңызды мәселелердің шешу жолдарын түсіндірді. Одан бөлек бұл брифинг барысында ауқымды жобалардың жүзеге асырылуы мен өңірдің әлеуетін арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстар айтылды. Оның ішінде, әрине, Қарасай жерінде жоспарланған игілікті істер бар екенін айта кеткен жөн. Ол жайында да облыс әкімі жеке баяндады.
Экономика өсіп, өнеркәсіп өндірісі өркендеуде
Республика бойынша Алматы облысының экономикалық көрсеткіші көңіл қуантады. Басқа өңірлермен салыстыратын болсақ, 5-орынға табан тірегенбіз. Бұрын 10-орында едік.
Марат Елеусізұлының сөзінше, Қонаев қаласы облыс орталығы болғаннан бері өңіріміз барлық негізгі бағыт бойынша тұрақты өсім көрсетіп келеді.
Жалпы өнім көлемі 3,4 трлн теңгеден 6 трлн теңгеге ұлғайған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша облыстың республикадағы жалпы ішкі өнімдегі үлесі 4,4% болса, ал 2025 жылдың алғашқы жартысының өзінде 4,8%-ға жетті.
«Ірі өнеркәсіптік облыстарды озып, шикізаттық емес экономикаға негізделген өсудің драйверіне айналдық. Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 109,7% болды. Барлық негізгі салада оң үрдіс сақталып отыр», – деді облыс басшысы.
Өнеркәсіп өндірісінің әлеуеті де жаман емес. Бұл салада өсім қарқыны 108,7%-ды өсім көрсетуде, оның 90%-ы өңдеу секторында қалыптасқан.
Облыс әкімінің айтуынша, биылғы 10 айда өнеркәсіп көлемі 2,1 трлн теңгеге жеткен. Нәтижесінде Алматы облысы аграрлық аймақтан инновациялық технологиялар мен өңдеу өнеркәсібінің жетекші орталығына айнала бастаған.
«Өңірлік өнімнің үштен бірі өнеркәсіп саласына тиесілі болғандықтан, бұл сала инвестиция тартудың негізгі көзі болып есептеледі. Сол себепті негізгі капиталға инвестиция тарту біздің басты басымдығымыздың біріне айналды», – деп мәлімдеді Марат Сұлтанғазиев.
Елдің игілігі болатын инвестицияға келер болсақ, оның көлемі 2022 жылы 614 млрд теңге болса, былтыр бұл көрсеткіш 1 трлн теңгеге дейін өскен. Осы жыл соңына дейін 1,3 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр.
Капитал көзіне айналып іске қосылған ірі жобалардың ішінде біздің аудандағы «Focus Logistics» ірі логистикалық паркі (70 млрд теңге), «Алтын таға» бетон өнімдері зауыты (35 млрд теңге) бар. Сондай-ақ көршілес аудандардағы «LC Waikiki» көтерме-сауда орталығы (30 млрд теңге), «Шин-лайн» балмұздақ фабрикасы (18 млрд теңге), «Қапшағай Бидай Өнімдері» дәнді және майлы дақылдарды терең өңдейтін агрокешені (12 млрд теңге), «КегенМясПром» ет комбинаты (3,5 млрд теңге) сияқты ауқымды компанияларды атап өтуге болады.
Ал осы жылдың соңына дейін «Kusto Logistics» көтерме-бөлу орталығы, «MP Solution» және «Еуразиялық логистикалық парк», «Imagine Apple Logistics» ірі логистикалық кешендер мен индустриялық парктер пайдалануға беріледі. Осындай кәсіпорындардың бой көтеруі үшін облыс аумағында 15 индустриалды аймақ құрылмақ. Атап айтқанда, Талғар ауданында «Қайрат-2», Еңбекшіқазақ ауданында «Шелек», Жамбыл ауданында «Қазыбек Бек», «Үлкен», Ұйғыр ауданында «Тасқарасу», «Сұңқар», Қонаев қаласында «Қонаев», Алатау қаласында «Береке» және жетеуі Үлкен Алматы айналма жолының маңында болады. Осылардың ішінде «Қайрат-2» индустриалдық аймағы шетел инвесторлары есебінен салынса, Үлкен Алматы айналма жолының маңындағы аймақтарды жер иелерімен бірлесіп жүзеге асырылады.
«Осылайша, облысымыздың инвестициялық потенциалын арттыру ірі кәсіпорындардың ғана емес, шағын және орта бизнестің де дамуына мүмкіндік беріп жатыр. Бүгінде шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 46,3%-ға жетіп, олардың саны 156 мыңнан асты (2022 жылы – 116,6 мың), өсім көлемі 33,8% болды», – деді өңір басшысы.
Жоғарыда аталған салада барлық жұмыспен қамтылған халықтың үштен бір бөлігі жұмыс істейді, яғни 273 мың адам.
Тағы бір жақсы жаңалық ретінде облыстың аумағында әлемдік жетекші компаниялардың жұмыс істейтінін айта кеткен жөн. Атап айтқанда, алдағы уақытта «PepsiCo», «Lays», «Mars», «Marriott» және «Hilton» сияқты дүниежүзіне белгілі компаниялар бірқатар жобасын іске қосуды жоспарлап отыр. Мәселен, «PepsiCo» компаниясы «Lays» чипстерін шығару үшін Нарынқолда өсірілген картопты пайдаланатын болады, ал «Mars» өңірде жаңа өндірістік желі ашу мүмкіндігін қарастыруда. Сонымен қатар халықаралық қонақүй индустриясының алыптары саналатын «Marriott» және «Hilton» брендтері Қонаев пен Алатау қалаларында жаңа қонақүйлер салуды көздейді. Мұндай ауқымды жобалар өңірдің туризм және бизнес-туризм нарығына айтарлықтай серпін бермек.
Аграрлық саладағы атқарылған жұмыстар жемісті
Бүгінгі таңда Алматы облысының экономикалық әлеуетін арттырып отырған маңызды саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Бұл жайында өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев брифинг барысында кеңінен тоқталып, нәтижелі жұмыстар мен жоспарларды сөз етті. Оның айтуынша, агросектор облыс экономикасының басым бағыттарының бірі болып қала береді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 682,3 млрд теңгеге жеткен. Пайыздық көрсеткішпен есептегенде бұл өңірлік өнімнің 7%-ын берген. Биыл бұл нәтиже 3,3%-ға артып, 751 млрд теңге деңгейінде жоспарланған. Ал 2025 жылдың 10 айында жалпы көлем 649,1 млрд теңгеге жетіп отыр.
Облыс бойынша ауыл шаруашылығы өнімдеріне сырттан да сұраныс бар. Яғни экспорт жағынан қарқын бар. Облыс әкімінің мәліметінше, бұл көрсеткіш 345,2 млн АҚШ долларына жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 15%-ға көбейген. Өткен жылы 299 млн доллар көлемінде болған.
Мемлекеттің қолдауы арқылы қарқынды дамып жатқандардың ішінде сүт-тауар фермаларының желісі бар. Ол жайында да өңір басшысы ерекше атап өтті. Айтуынша, қазір таңда өндірісті және сүтті қайта өңдеуді арттыруға бағытталған 13 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оған республикалық бюджеттен 15 млрд теңге бөлінген. Өткен жылы 1,3 млрд теңгеге екі жоба жүзеге асты, ал биыл 7 100 бас ірі қараға арналған 11 жаңа сүт фермасының құрылысы аяқталады.
Субсидияның бөлінуі бойынша Алматы облысы 8-орында тұрғанмен, жалпы өнім көлемі бойынша тұрақты түрде алғашқы бестікте. Бұл да агарлық саланың дамуына едәуір септігін тигізуде.
Агроөнеркәсіп кешеннің инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев оның да жай-жапсарына, жоспарларына тоқталды.
Өңір басшысының айтуынша, облыста суармалы жерлерді кеңейту және су үнемдеу технологияларын енгізу басты басымдықтардың бірі болып отыр.
Қазіргі өзекті мәселелердің бірі – 9 мың шақырым ирригация желілерінің 60%-ы тозып, су шығыны 50%-ды құрауы. Осыған байланысты алдағы жылдары суару желілерін жаңғыртуға «Ислам даму банкі» арқылы 255 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Нәтижесінде Балқаш, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Райымбек және Ұйғыр аудандарында суару желілері жаңғыртылып, 111 мың гектар жер айналымға қосылады.
Алматы облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмаған жерлерді анықтап, мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары да жалғасып жатыр. Нәтижесі жаман емес. 2022-2025 жылдар аралығында 528 мың гектар пайдаланылмайтын жер мемлекет меншігіне қайтарылып, оның 340 мың гектары қайтадан айналымға енгізілді.
Сонымен қатар тұрғындарды ауыл кәсіпкерлігіне тартуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде бүгінге дейін 11 млрд теңгеге 1 373 шағын несие берілген. Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, бұл шаралар ауылдағы табысты өсіріп отыр. Бүгінгі күні ауыл халқының орташа табысы 22,7%-ға артып, 311,4 мың теңгеге жетті.
Назардағы нысандарда құрылыс қарқынды
Алматы облысының құрылыс саласында тұрақты өсу байқалады. Әсіресе, салынып жатқан тұрғын үйлердің септігі баспанасыз жүргендердің мәселесін біржақты шешуге ықпал етуде.
2025 жылдың 10 айында облыстағы құрылыс көлемі 21% өсіп, 948 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Облыс әкімінің айтуынша, әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамтуға ерекше назар аударылған. 2024 жылы 1 281 отбасы үйлі болса, биыл 2 236 әлеуметтік осал топтағы отбасында қоныс тойы тойланған.
Одан бөлек соңғы 30 жыл ішінде ешқандай үй салынбаған шалғай елді мекендердің жағдайы назарға алынған. Атап айтқанда, Нарынқол, Қайнар, Кеген, Үлкен Ақсу, Бақанас ауылдарында мемлекеттік бағдарлама аясында жаңа үйлер салынып, сатып алынып жатыр.
Алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілерді, бюджеттік ұйымдар мен спорт саласы өкілдеріне арналған «Алатау» өңірлік ипотекалық бағдарламасына 3,1 млрд теңге қарастырылып, 120-дан астам азамат баспанамен қамтамасыз етіледі.
Білім, денсаулық сақтау және мәдениет сияқты маңызды салаларда атқарылып жатқан шаруалар ауқымды. Марат Елеусізұлы өз баяндамасында оның әрқайсысына тоқталды. Соның ішінде «Келешек мектептері» жобасының сәтті жүзеге асып жатқанын айтты. 2022 жылдан бері 45 жаңа мектеп және 6 жапсаржай салынды, сондай-ақ 55 мектеп күрделі жөндеуден өткен. Оның 11-і инвесторлар есебінен, ал 20-ы «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған.
Жыл соңына дейін тағы алты мектеп ашу жоспарланып отыр. Оның арасында біздің ауданға қарасты Бұлақты ауылындағы білім ошағы да бар.
Білім нысандарының көп болғаны үш ауысымда оқытатын мектептер санын айтарлықтай қысқартқан. Мектеп инфрақұрылымын кеңейту нәтижесінде кейінгі үш жылда үш ауысымда білім беретін мектептердің саны 52-ден 28-ге дейін қысқарды.
«Осы орайда қалған 28 мектепті бір мезгілде бастап салу үшін отандық және шетелдік инвесторлады EPC механизмі бойынша келіссөздерге шақырамын», – деді М.Сұлтанғазиев.
Облыс әкімі денсаулық сақтау және мәдениет инфрақұрылымының да дамып жатқанын айрықша атады. Алматы облысы бойынша бүгінгі таңда
356 медициналық мекеме бар. Олардың 54%-ы тозған. 2022-2025 жылдар аралығында 55 нысанға құрылыс жұмысы жүргізілді. 6 млрд теңгеге 153 бірлік медициналық жабдық сатып алынды. Мәселен, 300 шақырым қашықтықта орналасқан Нарынқол ауылының тұрғындары Алматыға немесе облыс орталығына келместен толық медициналық қызмет алуға мүмкіндіктері бар.
Сонымен қатар 7 мәдениет үйі, 6 спорт кешені, мемлекеттік архив және өнер мектебі салынды.
Жастарға арналған жарқын жобалар
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамуы жолында түрлі жоба жүзеге асып жатқанын мәлімдеді. Мәселен, білім, спорт және креативті индустрияны дамыту бағытында бастамалар қолға алынған. Өңір басшысы солардың ең маңыздыларына тоқталды.
Жастардың шығармашылық әлеуетін көтеру мақсатында Қарасай ауданында «New York Film» киноакадемиясының филиалы ашылған. Бұл – өңір үшін маңызды мәдени және білім беру қадамы. Академияда 200 студенттің білім алуына мүмкіндік бар. Оқу жүйесі америкалық бағдарламаға негізделген және ол бес бағытта жүргізіледі. Олар – киноөндіріс, сценарий және актерлік шеберлік, ойын дизайны, 3D-анимация. Қазіргі таңда академияда 60 студент білім алып жатыр, олардың арасында Африка және Еуропа елдерінен келгендер де бар.
Спортта да серпіліс бар. Халықаралық деңгейде спортшылар дайындауға бағытталған «Атлетико Мадрид» футбол академиясы Талғар ауданында жұмысын бастаған. Бүгінде мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 113 оқушы футболға деген қарым-қабілетін шыңдауда.
Екі қаланы дамыту
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев брифингтің соңында облыс орталығына айналған Қонаев пен Алатау қалаларының әлеуетіне тоқталды.
Қонаев халқының тұрмыс сапасын арттыру мақсатында «Smart Qonaev» тұжырымдамасы енгізілген. Қалада қоғамдық бейнебақылау камералары, «iQonaev» электрондық жүйесі, жолақы төлеу жүйесі және Біріңғай төлем құжаты іске асырылған.
Инфрақұрылымды жаңарту аясында Қонаевта 39 шақырым жол жөнделіп, 50 жаңа аялдама орнатылды, 73 шақырым электр беру желісі және 26 шақырым су құбыры тартылды, 11 трансформатор жаңартылды. Сонымен қатар қаладағы 65 нысан абаттандырылған. №5 қалалық жағажай «Үздік жағажай» конкурсына қатысып, 30 қатысушының ішінен Бурабайдан кейін 2-орынды иемденген екен.
Ал Алатау қаласына келер болсақ, бүгінде бұл шаһар 88 мың гектар аумақты қамтитын және 54,2 мың тұрғынға қызмет көрсететін дербес әкімшілік-аумақтық бірлікке айналды. Үкімет тарапы қаланың 2050 жылға дейінгі Бас жоспарын бекітіп, 12 негізгі өсу нүктесін анықтаған. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Алатау қаласына арнайы мәртебе берілгені өңірді жаңа, қарқынды даму кезеңіне шығарып отырғанан айта кету керек.
Сонымен қатар бұл мақсатта Алатау қаласын дамыту жөніндегі Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен жобалық кеңсе құрылып, нәтижелі жұмыс жүргізілген. Одан әрі Президент Жарлығына сәйкес, қаланы дамыту жөніндегі Кеңес жасақталды, оны Премьер-министр басқарады. Қазір Конституциялық заң дайындалып, жыл соңына дейін Парламентке енгізу жоспарланып отыр.
Инвестициялық бағыт бойынша Алатау қаласында жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 42 жоба іске асырылды. Олардың қатарында «PepsiCo», «Mars», «Молочная долина», «QazQon Hub» тағы басқалары бар.
Тоқсан ауыздың тобықтай түйінін айтар болсақ, облыс басшысының баяндамасынын аймақта байыпты бастамалар қолға алынып, жоспарлы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Оның бәрі, айналып келгенде, Алматы облысының әлеуметтік, экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Ал бұл жолдағы іргелі істердің ішінде Қарасай ауданының да қосып жатқан үлесі зор.
Сонымен қатар облыс халқын алаңдатқан мәселелер ретімен шешімін тауып келеді. Оның бәрін аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев ел астанасындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында айтты. Одан кейін ол журналистер қауымының бірқатар сауалына жауап берді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
