Сәрсенбінің сәтінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына арнайы келіп, халықпен жүздесті. Президент жұртшылықпен кездесуінде өлкенің еліміз үшін ерекше орны бар екенін атап өтіп, Алматы облысын бөлек әкімшілік аумақ ретінде құрудың және оның орталығын Қапшағай жағасына көшірудің маңыздылығына тоқталды.
– Жұрттың өтінішіне сай қалаға Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Мұны, шын мәнінде, тарихи әділдіктің орнауы және халықтың ортақ қалауы деуге болады. Облыс орталығы мәртебесіне ие болған Қонаев қаласы енді тың қарқынмен дамитын болады, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, бұл қадам өңірдегі әлеуметтік мәселелерді тиімді шешуге жол ашады. Алматы облысының экономикалық әлеуеті зор, инвестициялық мүмкіндігі де өте жоғары. Аграрлық-индустриалды өңір болып саналатын облыс тұрақты дамып келеді. Алайда аймақтың жетістіктерімен қатар, шұғыл реттелуге тиіс мәселелері де баршылық. Мемлекет басшысы осы мәселелердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, жергілікті әкімдік пен Үкіметке нақты тапсырмалар берді.
– Жыл басынан бері өңірде 686 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгеніне қарамастан, пәтер мәселесі аймақтың ең өзекті проблемасы болып отыр. Облыстың саяжай алаптарын 180 мыңнан аса адам тұрақты мекендейді. Бұған қоса, аймақта ескі, апатты жағдайдағы үйлер өте көп, коммуникация желісінің тозығы жеткен. Сондықтан Үкіметке тұрғын үй құрылысы мен апатты жағдайдағы үйлерді күрделі жөндеу үшін бөлінетін қаржыны ұлғайтуды тапсырамын, – деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы Үкіметке облыс орталығын дамыту мәселелерін шешуде әкімдікке қолдау көрсетуді тапсырды, сондай-ақ еліміздің барлық аймағын қаланы өркендетуге атсалысуға шақырды. Анығын айтқанда, өңірде әкімшілік ғимараттар, тұрғын үйлер, ауруханалар, мектептер, балабақшалар, мәдениет және спорт нысандары жаппай салынады, санаториялық және курорттық аймақтар пайда болатынын айтып, облыс орталығын экологиясы таза, өмір сүруге қолайлы «ақылды» қала ретінде дамыту керектігін жеткізді.
Президент Алматы облысы халқының саны ең көп аймақтардың қатарында екенін ескеріп, мұнда білім беру және медицина инфрақұрылымын дамытудың маңызды екенін айтты.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев аймақта үш ауысыммен оқытатын мектеп мәселесі әлі шешімін таппай келе жатқанын атап өтіп, 52 мектепте балалардың үш ауысыммен оқып жатқанына назар аударды. Мемлекет басшысының пікірінше, мектеп құрылысына мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы бизнес өкілдерін жұмылдырған жөн. Сондай-ақ алдағы жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 39 мектеп салынады.
Президент Алматыға шамадан тыс жүктемені азайту үшін келешекте Қонаевта «академиялық қалашық» құру идеясын ұсынды.
– Ірі қалалардың жанынан инновациялық орталық құрған елдер аз емес. Үкімет бұл мәселе бойынша жаңа жылға дейін нақты ұсыныс берсін. Әрине, жастардың Алматы сияқты ірі қалада оқып, жұмыс істегісі келетіні түсінікті. Дегенмен Қонаев студенттер үшін өте ыңғайлы қала болар еді деп ойлаймын. Бұл жақта жатақхана салуға жер жеткілікті, пәтер жалдау да қымбат емес. Құзырлы министрлік Қонаев қаласында Алматыдағы жоғары оқу орындары мен колледждердің бөлімшесін ашу мәселесін қарастыруы керек. Сондай-ақ жаңа заманауи университет ашу жайын ойластыруы қажет, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президент Алматы облысының энергетика саласындағы әлеуеті зор екеніне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда аймақта жүзеге асып жатқан Шелек дәлізіндегі жел электр стансасы, Райымбек ауданындағы шағын ГЭС және Еңбекшіқазақ ауданындағы Бартоғай ГЭС-і секілді ірі жобаларды қоса алғанда, жаңартылатын энергия көздері бойынша 24 нысан бар. Облыста өндірілетін энергияның 20 пайызы осы стансаларға тиесілі. Бұл – жақсы көрсеткіш. Алайда еліміз көміртегі мөлшерін азайту міндеттемесін алғанын ескерсек, бізге жаңартылатын энергия көздерінің жиынтық қуатын әлі де арттыра түскен жөн. Оның үстіне электр энергиясын тұтыну қарқынының ұдайы өсуіне байланысты энергия тапшылығы қазірден сезіле бастады. Осы орайда Президент аталған мәселенің тиімді шешімінің бірі атом электр стансасын салу екенін анық түсіндірді.
– Бұл жөнінде өз ұстанымымды тағы да жеткізгім келеді. Елімізде энергия тұтыну көрсеткіші ұдайы өсіп келе жатқан жағдайда оны тұрақты өндіру үшін бізге атом электр стансасын салуға тура келеді. Мамандар Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылын АЭС құрылысына ең оңтайлы орын деп есептейді. Біз бүгінімізді ғана ойлап, түрлі фобиялардың жетегіне ермеуіміз керек. Себебі еліміздің келешегіне қатысты мәселе шешілгелі тұр. Әйтпесе елдің дамуы тұралап, көрші елдерге энергия тұрғысынан тәуелді болу қаупі бар, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне де арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Алматы облысының мүмкіндігі мол екеніне тоқталып, өңірдегі ауыл шаруашылығы әлеуетін тиімді пайдалану үшін бірқатар міндетті шешу керек екенін айтты.
Президент мемлекетіміз тұрақты дамуы үшін азаматтарымыз бәсекеге қабілетті болуы керектігін айтып, заманға сай мамандық алуға, еңбек пен білім культі орныққан қоғамға айналуға үндеді. Сондай-ақ әлем халықтарының жақсы қасиеттерін бойға сіңіріп, жақсы үрдістерін үйрену үшін тіл білу қажет екенін еске салды.
– Бабаларымыз «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деп айтқан. Шын мәнінде, жастар неше тіл білсе, алдынан сонша елдің есігі айқара ашылады. Бұл туған еліңнің мүддесіне қызмет ету үшін қажет. Дегенмен, ең алдымен, жастарымыз ана тілін – қазақ тілін білуі керек. Ана тіліміз бірінші орында болып, бәріміз үшін негізгі басымдық болуы қажет, – деді ел Президенті Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы сонымен қатар қазақша сөйлейтін жастар көбейіп жатқанын айтып, жалпы тілдік орта түбегейлі өзгергенін жеткізді.
– Қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдері де аз емес. Соған сәйкес қазақша фильмдерге, әндерге және басқа да өнімдерге деген сұраныс жоғары. Мұның бәрі қазақ тілін қолдану аясы жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан, алаңдауға еш негіз жоқ. Қазақ тілін пайдаланып, саяси ойындар жүргізудің қажеті жоқ. Осындай теріс түсініктер кейбір елдерді қасіретке ұшыратты. Өз тілімізді өзіміз ұлықтауымыз керек. Бұл – өте дұрыс. Бірақ өзге тілден бас тартуға болмайды. Біз тіл саясатын байыппен жүргізуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Алматы облысы еліміздің демографиясына да елеулі үлес қосып отырғанын атап өтіп, жас ұрпақтың білімді, тәрбиелі, отаншыл, еңбекқор болып өсуі тиіс екенін айтты. Бұдан бөлек, ұрпақ тәрбиесінде ата-ана маңызды атқаратынын жеткізіп, баласын тәрбиелеу үшін ата-ана алдымен өзін тәрбиелеуі қажеттігін ескертті.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе облыстың дамуына еңбегі сіңген әр саланың өкілдерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Айта кетейік, Қасым-Жомарт Кемелұлының мұндай құрметіне, ізгі ілтипатына Қарасай ауданының азаматтары да ие болды. Жалпы Президенттің ықыласына бөленген, еңбегі еленген жандар кімдер, соған тоқтала кетсек. «Ұлттық қой өсірушілер одағы» кеңесінің төрағасы Тынышбай Досымбеков «Парасат» орденімен, Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны, еңбек ардагері Виктор Волокитин «Құрмет» орденімен наградталды. «Еңбек ері үшін» медалі Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінің аға тілшісі Рәпбек Терлікбаевқа, Қарасай ауданындағы «Агропарк «Оңтүстік» ЖШС бас агрономы Қали Қаңтарбаевқа, Қарасай ауданы Абай ауылындағы №2 орта мектебінің директоры Бәтима Нысанбаеваға табысталды. Одан бөлек «Ерлігі үшін» медалімен Қонаев қаласы құтқару бөлімшесінің құтқарушысы Қуаныш Қайыржан, Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің инженері Жасұлан Нүсіпов марапатталды.
Мемлекет басшысы Алматы облысы жұртшылығымен кездесуден кейін Дінмұхамед Қонаев ескерткіші жанындағы аллеяда қаланың қалыптасуына үлес қосқан еңбек ардагерлерімен, республикаға, облысқа танымал спортшылармен жүздесті.
Ақпарат Президенттің баспасөз қызметінен ықшамдалып алынды.
Дайындаған Дидар МӘЛІКҰЛЫ.