Жуырда Тәуелсіз мемлекетіміздің астанасы – Нұр-Сұлтан қаласында, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) ұйымдастыруымен, «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумы өткізілгені белгілі. Ол артынан аймақтық имамдар форумына үласып отыр. Осындай келелі жиын Алматы облыстық «Қарасай батыр» мешітінде де болып, оны осы мешіт имамы Қуаныш Наржанов ұйымдастырды.
Форумға құрметті қонақтар ретінде Қазақстан мұсылмадары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі С. Құрбанұлы, Алматы облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Ә. Ұзақбаев, Алматы облысы, Талғар ауданының Құрметті азаматы, ақын, сазгер Кәмнұр Тәлімұлы және тағы басқалар қатысты.
Алдымен Сансызбай Құрбанұлы Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының ыстық сәлемін жеткізіп, республикалық имамдар форумында қабылданған үш құжатты жан-жақты таныстырды.
Ал, облыстық мешіт имамы Қуаныш Бақытбекұлы діни қызметкерлердің лауазымдық қызметтері жайында айтып өтсе, Қамнұр Тәлімұлы «Жеті рухани қазық» құжатын айшықтап, оның ұлт пен ұлысты, дін мен дәстүрді терең қамти білген, әрі уақтылы қабылданған еңбек екенін айрықша атап өтті.
Олар өз сөздерін ұлы Абай хакімнің өлеңдерімен сүйемелдеп, өмірдегі алған тәжірибесімен бөлісті, аталмыш құжаттың құндылығын жақсы жеткізе білді.
Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Қанат Айманов аудан әкімінің сәлемін жолдап, форумға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Соңынан Үндеу қабылданып, оның мәтінін Талғар ауданының бас имамы Мұсабек Тағанұлы оқыды.
Форумға қатысқан ауыл, аймақ имамдары діни басқарма құжаттарының мазмұны мен мәнін жамағатқа, бұқара халыққа таратуға уағдаласып, тарқасты.
Алматы облыстық «Қарасай батыр» мешітінің баспасөз қызметі.