Іле ауданының өндірісі қарқынды.
Алматы облысындағы қуатты өңірде тұтас республиканы полиэтилен өнімдерімен қамтамасыз етуге қауқарлы өндіріс ошағы жұмыс істейді. «Pipe-Plast companu» ЖШС негізі 2008 жылы қаланған. Аймақтағы ірі кәсіпорынның кеңге құлаш сермеуіне Кеңес Садықовтың еңбегі сеп болған жайы бар.
Бүгінгі күні зауытта төменгі қысымды, тығыздығы жоғары полиэтилен құбырлары шығарылады. Кәсіпорын құрамында төрт өндірістік жүйе тұрақты түрде жұмыс жасап тұр. Таяу болашақта тағы да екеуі іске қосылады деп күтілуде.
Жоғары сапалы технологиялармен жабдықталған зауыттың өнімдері сапалы. Мұндағы әрбір құбыр тапсырыс берушінің талап-үдесі арқылы құрастырылады. Сондықтан ауызсу мен көгілдір отынды тасымалдауға және кәріз жүйесін жасауға арналған құбырлардың диаметрі өзгертіліп отырады.
Зауытта шығатын су мен газға қажетті құбырлардың көлемі 16-800 мм болса, кәріз құбырлары 1200 миллиметрге дейін барады.
50 жылға дейін шыдас беріп, мүлтіксіз қызмет ететін бұл құбырлардың құрастыру тәсілі әсте оңай, дейді мамандар.
Қажетті шикізат қайдан келеді десек, керек-жарақ, өз отанымыздан емес, Оңтүстік Корея мен Ресейден жеткізіледі. Өндіріс қызметкерлерінің сөзіне сүйенсек, шикі затты алып келуде қиындықтар бар. Басты себеп- полиэтиленнің мұнай қалдықтарынан жасалынуы. Кореядан әкелінетін тауардың құны жол шығынына орай, ал ресейлік шикізат санкция салдарынан әлденеше есеге қымбаттқа түседі екен.
Кәсіптегі кедергіге қарамастан зауыт жұмысы тұралған емес. Мұнда жергілікті 30 тұрғын жан бағып, отбасын асырап, табыс тауып жүр.
Сан белесті артқа қалдырып келе жатқан «Pipe-Plast companu» ЖШС Алматы қаласы мен облысын ғана емес, өзге де өңірлердің сұранысын толықтай өтеуде.