Әрбір адал ниетті адам өз ғұмырының мәнді де мағыналы, атқарған ісінің жемісті де табысты болуын бар жанымен қатты қалайды. Иә, адал еңбегіңмен, қалтқысыз қызметіңмен ғана ел-жұрттың алдында абыройың артады, беделің биіктейді, сый-құрметке бөленесің.
Мұндайда туған-туысыңа да, жора-жолдасыңа да қадірлісің, тіпті, отбасыңның алдында да жүзің жарқын болады.
Айналаңа жақсы жандар үйіріліп, үлкен үлгіңді алады, өне бойы өнегеңнің өрісін кеңейтеді.
Жүнісбеков Едіген ағамыз да әрдайым осындай деңгейден көрініп келе жатқан, көпшілікке айрықша танымал, айтулы азамат. Бұл кісінің өткеніне үңіле қарасаң, үлкен өмір жолын анық аңғарасаң.
Сонау 1940 жылы 26 қыркүйекте дүние есігін ашқан ол кішкене кезінен-ақ, аяулы әкесі Исат пен асыл анасы Алтынның арқасында ерінбейтін еңбекқор болып өскен екен. Осы қасиеті кейіннен жоғары оқу орнына түскенде де көп пайдасын тигізіпті, яғни, студент кезінде қосымша қаржы табу үшін вокзалдарға барып жұмыс істеген. Ал, бұл оның шынығып, шымырлана түсуіне де, бірталай нәрсенің қадірін білуіне де ыңғайлы ықпалын тигізген.
Сонымен таудай талап-талпынысымен, келешегіне деген керемет сенімімен, еліме қызмет етсем деген мағыналы мақсатымен 1964 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын оқымысты зоотехник мамандығы бойынша бітіріп шықты. Еңбек жолын Алматы облысы, Гвардия ауданы, Амангелді атындағы колхозда зоотехниктіктен бастаған жігерлі жас жігіт қайнаған қызу шаруаның ортасына қойды да кетті. Екі жылдан соң туған жері – Қаскелең ауданындағы «Дружба» совхозына оралып, осындағы тауарлы-сүт фермасында бригадир болды.
Мұнан кейін, атап айтқанда, 1972 жылы Едіген Исатұлының жаңадан ашылған Күрті ауданындағы, жиырма жылға жуық уақытқа созылған, қызметі бастау алады. Алдымен басшылардың ұйғарымымен осы өңірдегі «Бозой» қой совхозына табан тіреп, зоотехник, аға зоотехник, бас зоотехник қызметін атқарады. Келесі кезекте оны «Сарытауқұм» түйе совхозы күтіп тұр еді. Яғни, алты жылдан аса осы шаруашылықты директор ретінде басқарады.
Іскер, жұмысына барынша жауапты, ұйымдастырушылық қабілеті мол маман әрқашан көзге бірден түседі ғой. Сондықтан оны жоғарыдағылар аудандық деңгейдегі қызметке өсірді. Енді Едекең, яғни, 1983-1984 жылдары Күрті аудандық атқару комитеті ауылшаруашылық басқармасының бастығы, 1984-1985 жылдары Күрті аудандық партия комитетінің хатшысы, 1985-1990 жылдары Күрті аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болады.
– Күртідегі өмірім мен қызметімді әманда елжірей еске аламын, – дейді Едіген Исатұлы. – Өйткені, дәл осы жерде басшылық қызметті бастадым, дәл осы жерде ауданның сан алуан жұмысының қыр-сырына қанықтым, дәл осы жерде Қазақ елінде өзіндік орны бар өлкенің адамдарымен тонның ішкі бауындай араластым, дәл осы жерде халық дәулетінің артуына өз үлесімді қостым. Сондай-ақ, дәл осы жерден Алматы облыстық Кеңесі төрағасының орынбасары болып көтеріліп кеттім. Ал,1993 жылы облыстық кеңестің төрағасы болдым.
Осы кезеңде егемен еліміздегі басқару саласына әкімшілік жүйе енгізілгені белгілі, осыған орай қандай жұмыстың да байыбына барып, оны жоғары деңгейде атқаруды ұтымды ұйымдастыра алатын Едіген аға Алматы облыстық әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстан Республикасының Жоғарғы кеңесі, қазіргіше айтқанда, Парламенті де өзінің тарихи міндетін атқарды. Елдің жай-жағдайын, қалың жұрттың мұң-мұқтажын, адамдардың арман-аңсарын жақсы білетін,көпшіліктің мүддесін терең түйсініп, түсінетін Едіген Исатұлы да халық қалаулысы атанып, Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайланды. Ал, 1995-1998 жылдары Алматы облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары қызметін ойдағыдай атқарды.
Өмірлік тәжірибесі өте мол, қызметтің талай баспалдағынан сүрінбей өткен, адамдармен сөйлесе білетін білікті де білімді Едіген ағаға ендігі жерде тағы бір жауапты жұмыс сеніп тапсырылды. Ол – Алматы облыстық Тәртіптік кеңесінің төрағалығы.
Яғни, 1998-2002 жылдары қоғамның мүлкі мен қаржысына қол сұғатын жемқорларды ауыздықтайтын, адам төзгісіз іс-әрекеттерімен ұжымының берекесін кетіретін телі мен тентекті тиятын, басқа да теріс қылықтарымен басқа шығатындарды сабасына түсіретін осы мекемеге де жақсы жетекшілік етті. Алматы облыстық мәслихатының хатшысы ретінде депутаттар жұмысын үнемі үйлестіріп отырғаны тағы бар. Ал, 2003-2014 жылдары облыстық Тәртіптік кеңестің төрағасы (екінші рет), облыс әкімінің кеңесшісі, облыс әкімінің Алматы қаласындағы өкілі, облыстық аймақтық кәсіподақ ұйымының өкілі тәрізді қызметтерді атқарып, өзінің ұзақ жылғы тәжірибесін ортақ игіліктің артуына аямай жұмсады.
Едіген Исатұлы – 2019 жылдан бері Қарасай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Еліне еңбегі сіңген, халық үшін қажымай-талмай қызмет атқарған, өмірдің талай бел-белесінен өткен, қай істе де тәлім-тәрбиелік үлгісі мол Едіген ағамыз «Құрмет» орденінің және Алматы облысы мен Қарасай ауданының Құрметті азаматы атағының иегері. Сонымен қатар, кеудесінде көптеген медаль жарқырап, олары жалпыға жаққан жақсы адамның үнемі халық арасында сый-құрметінің жоғары болатынын дәлелдеп тұрғандай.
* * *
Едіген Исатұлы Абай мектебін бірге бітірген өзінің сыныптасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы ерекше бір құрмет сезімімен әңгімелейді.
– Нұрекең шын мәнінде қазақ халқының маңдайына біткен кемеңгер тұлға ғой, – дейді ол кісі. – Иә, жаңа замандағы Тәуелсіздігіміздің басында тұрған мемлекет басшысының туған еліне сіңірген еңбегі ерен. Атақ-даңқы қазір әлемге жайылған осы асыл азаматпен кезінде бірге оқып, бірге жүріп-тұрғанымды айрықша мақтан етемін!
– Сонымен арынды өмір ағысы әркімді әр тарапқа алып кеткендіктен Нұрсұлтан Әбішұлымен көп уақыт көріскен жоқпыз. Мектептен соң екеуміз алғаш рет 1984 жылы кездестік, – деді тағы да Едіген Исатұлы ойланып отырып. – Сол жылы СССР Жоғарғы Советінің сайлауы болған, ал, Нұрсұлтан Жамбыл, Қарасай, Күрті аудандарынан депутаттыққа кандидат еді. Мен Күрті ауданы бойынша сенімді өкілімін, сайлаушыларымен жүздесуге келді. Алдымен Топарға бардық, кездесуден кейінгі ас үстінде Нұрекең: «Мына Едіген менің досым, сыныптасым!» деп беделімді әжептеуір көтеріп тастады. Онан кейін тікұшақпен Ақшиге келдік. Артынан кіріп едім, тікұшақтан орын таппай тұрып қалған сәтте мұнда да Нұрекең: «Кел, менің қасыма отыр» деп шақырды, тағы да мерейім өсіп, шынымен жаным жадырап қалды. Жалпы, аталған екі кездесуде де жиналысты өзім басқарып, жүргізіп отырдым. Сөйтіп, Күртіде жолдастықтың алтын арқауы қайта жалғасты. 1995 жылы Жамбыл бабамыздың 150 жылдық тойында тағы кездестік. Сол жерде арнайы тігілген қазақ үйде ол кісі сыныптастарымен 3-4 сағат бірге болды. Алыста сағымдай бұлдырап қалған жастық шақты еске алдық, әсем әндер айтылды, өрт сезімді өлеңдер оқылды. Әйтеуір, бұл ерекше, ұмытылмастай бас қосу болды. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы: «Бәріңмен жеке-жеке хабарласып тұруға мүмкіндік жоқ, барлық мәселелеріңді мына Едігенге айтып отырыңдар, ол маған жеткізеді» деді. Мемлекет басшысының осы бір ыстық ықыласты сөзі сонда бірге оқыған азаматтардың жанын елжіретті десем, артық емес. Сол күні мен Елбасы сыныптастарының «старостасы» болып сайландым. Біз жыл сайын өзімізше бас қосып отыруды дәстүрге айналдырдық. Нұрекеңді арғы жылы кездесуге келіңіз деп шақырып едік, жұмысы қауырт болғандықтан бара алмайтынын, рахметін айтып арнайы хат жіберіпті. Ішінде өзі жазған мынадай бір шумақ өлеңі бар екен:
Дүние, сені қудым бала жастан,
Өмірім аз ба, көп пе, қарамастан.
Оралыңның барында күліп жүргін,
Не келіп, не кетпейді әзиз бастан!..
Осыдан-ақ ұзақ уақыт ел басқарған салмақты саясаткердің жанының нәзіктігі, жүрегінің жылылығы, әй, әдемі білініп тұр-ау!
* * *
Едіген ағамыз 1963 жылы қақаған суық қаңтардың 1-інде өзінің жан-жүрегі қатты қалаған Мәуе Байғазықызымен бас қосқан еді. Сонда қытымыр қыстың ызғарының бетін бірін-бірі құлай сүйген екі жастың махаббатының ыстық жалыны кері қайтарып жібергендей болған!..
Екеуі үш қыз – үш гүлді аялап өсірді, тәлімді тәрбиеледі, оқытты, үлкен өмірге қанат қақтырып ұшырды. Эльмирасы экономист, өз саласында істейді, Әлиясы заңгер, ол да өз саласында. Әсиясы да экономист, Алматыдағы экономика және статистика академиясында оқытушы. Өмір бойы сыйласып келе жатқан ерлі-зайыптылар бес немеренің ата-әжесі атанды Алла қаласа, енді дүниеге шөберелері де келіп қалады екен.
Еліне елеулі қызмет етіп, халықтың қалаулысы болған мемлекет және қоғам қайраткері Едіген Исатұлы Жүнісбеков те, міне, 80 жастың сеңгіріне көтеріліп отыр.
Сөз соңында газет оқырмандары атынан «Алда да өз биігіңізден түспей, жасай беріңіз, ардақты аға!» дейміз.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.