Осы кезге дейін жұқтырғыш иммундық тапшылығы синдромының (ЖИТС) індеті көптеген адамның өмірін алып кетті. Бұл аурудың алдын алудың ең тиімді жолы мен қолжетімді тәсілі – халықты ақпараттандыру. Осы ретте биылғы қараша айының 5-нен желтоқсанның 5-не дейін еліміз бойынша ЖИТС-ке қарсы күрес науқанына арналған «Қоғамдастықтың – рөлі шешуші» деген ұранмен айлық жарияланды. ЖИТС ауруының қазіргі таңдағы адамзаттың басты проблемасы екенін, оның зиянды жақтарын түсіндіру мақсатында өтіп жатқан айлықты біздің ауданымыздың орталық ауруханасы да қолдап, өңіріміздегі мектептерде түрлі түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай іс-шараның бірін орталық аурухана осы аптаның сәрсенбісі күні Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепте де өткізді.
Оқушыларды аталмыш ауру туралы толықтай ақпараттандыру үшін шараға Алматы облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығының дәрігерлері Ләззат Байманова мен Меруерт Чажаева арнайы шақырылды. Басқосуда сөз алған аудандық аурухананың СӨСҚ бөлімінің дәрігері Дана Таждинова аталмыш ауру бүгінгі күні тек қана медицина қызметкерлерін ғана емес, бүкіл қоғамды алаңдатып отырған мәселе екенін сөз етті. Мұнан кейін облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығының дәрігері Ләззат Байманова облысымызда ЖИТС ауруы туралы қысқаша мәлімет беріп, ауруға байланысты емдеу шаралары, алдын алуға байланысты кеңестерін берді.
– Облысымызда соңғы 9 айдын ішінде індетті жұқтырған адам саны 249-ға жетті. Соның ішінде ЖИТС-пен ауыратындардың 6-ы бала (4-і бір жасқа дейінгі, 2-і 1жастан жоғары). Бүгінде ЖИТС-пен ауратын адамдардың жарты пайызы өздерінің бұл дертке шалдыққандарын білмейді. Сондықтан сіздер ең алдымен өздеріңіздің денсаулақтарыңызға мұқият болып, анализ тапсырып тұруларыңыз қажет – деді Ләззат Отырбайқызы. Мұнан бөлек шарада Сәтбаев орта мектебінін оқушылары өздерінің бұл ауруға табанды түрде қарсылығын түрлі қойылымдар қою арқылы жеткізді. Сондай-ақ, осы тақырыпқа байланысты викторина ұйымдастырылып, сұрақтарға жауап берген оқушыларға сыйлықтар берілді. Шара соңында аудандық аурухана дәрігері Дана Тәждинова осы шараны ұйымдастыруға атсалысқан 10 «г» сынып оқушыларына, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру! Денсаулық – баршаға» ақпараттық түсіндіру кешені аясында өткен спорттық шараға белсенді қатысқаны үшін, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Ербол Сәрсенбаевтың атынан мадақтама мен сыйлық табыстады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.