Халық қалаулысы жұмыс сапары барысында «Алтын жұлдыз текстиль» тігін фабрикасының тыныс-тіршілігімен танысып, еңбеккерлермен жүздесті. Кездесуге «Ауыл» партиясының Алматы облыстық филиалының жетекшілері, өзге аудандағы филиалдардың белсенді мүшелері, аудандық «Ауыл» партиясының өкілетті төрағасы Жанәділ Орынбай қатысты. «Алтын жұлдыз текстиль» кәсіпорны еліміздегі ірі құрылыс компанияларының жұмысшыларына және құқық қорғау, денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне арналған формаларды тапсырыспен тігіп келеді. Ауданымызда орналасқан өнеркәсіп орны қазіргі таңда жүзден астам жергілікті тұрғынды еңбекпен қамтып қана қоймай, отандық өндірістің өркен жаюына да өзіндік үлесін қосуда. Депутат олардың бір күндік жұмысымен танысып, ұжымның пікірі мен ұсыныстарына құлақ асты. Көбісі әлеуметтік мәселелерді алға тартып, ауыл арасындағы жол, көлік, әйелдердің зейнет жасын қысқарту, еліміздегі жеңіл өнеркәсіптің неліктен әлсіреп тұрғандығы бойынша сауалдарын қойды. Халық қалаулысы Анас Ахатұлы әрбірін мұқият тыңдап, жауап бере білді. Соның ішінде ол бірнеше сұрақты Парламент отырысында депутаттық сауал ретінде көтеретінін айтты. Атап айтқанда, аталған мекеменің жұмысшысы, Райымбек ауылының тұрғыны саяжай тұрғындары ауылдың арғы шетіне су ағатын арық арқылы қатынап жүргендерін айтты. Себебі, жақын маңда салынған Үлкен Алматы тас жолында ары-бері өтуге жол қарастырылмаған. Жоғары жылдамдыққа арналған ақылы трасса бұл ауылды да басып өтеді. Депутат бұл мәселеден хабардар екенін және даңғыл жолдың бойына аспалы көпірді орнату бойынша «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ мекемесінің басшысының орынбасарымен тағы да кездесетінін айтты. Ал, келесі мәселені Гаухар есімді тұрғын көтеріп, «жаңа салынған үйлерге неліктен жарық, газ, су тартып, қосу қымбат» деп өз наразылығын білдірді. Анас Ахатұлы өз кезегінде бұл түйіткілді сауал тек Қарасай ауданының ғана емес еліміздегі барлық өңірлерде өзектілігі жоғары болып тұрғанын алға тартты. Мәжіліс депутаты бұл мәселе «Ауыл» партиясының бағдарламасында қарастырылғанын айтып, алдағы уақытта жекеменшік коммуналдық қызмет көрсететін мекемелердің үстінен тексеру жүргізілетінін жеткізді. Соның барысында жоғары үстемақы қойған мекемелерге айыппұл салынатынын, олардың жұмысы осылай бағаланатынын түсіндірді. Анас Ахатұлы аталған мәселелер тек ауызша ғана айтылып қоймай, заңды әрі нақтылы дәлелмен болу үшін тұрғындарға өз атына хат жолдауды тапсырды. Осылайша халық қалаулысы іссапары кезінде Қарасай жеріндегі біраз мәселелерге көңіл аударды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
Халықтың өтінішін Парламент қабырғасында көтеретінін жеткізді
Главная » Новости » Мемлекеттік қызмет » Халықтың өтінішін Парламент қабырғасында көтеретінін жеткізді