Елдің әлеуметтік экономикасының тұрақты дамуы, әрине, алдымен халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруымен сипатталатыны, айтпасақ та белгілі. Ал, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бұл тұрғыда үнемі жүйелі жобаларын атап көрсететін жыл сайынғы Жолдауларын да халыққа арнап келеді. Өткен жылдың 5 қазанында «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауында да байыпты бастамаларын Үкіметке тапсырған еді. Соның аясында еліміздің барлық өңірінде бірқатар істер атқарылып, нәтижесін де көрсетуде. Иә, мемлекет басшысының жүктеген тапсырмасын іске асыру барысында біздің аудан да қалыс қалмай, ауқымды іс-шараларға толы жұмыстарды орындап келеді. Оның бәрі аудан халқының игілігі үшін жасалып жатқан ілгері бастамалар, әрі табыс жолындағы жоспарлы жобалар да бар екенін айтып, сөзімізге дәйек ретінде бірқатарына тоқталғымыз келеді.
І. Халық табысының өсуі.
Ең төменгі жалақы мөлшерінің өзгеруіне байланысты 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтық қызметшілердің, жекелеген санаттарының, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар мен қазыналық кәсіпорындар қызметкерлерінің жалақысын өсіру бойынша қосымша республикалық бюджеттен 575 млн. 743 мың теңге бөлініп, қазіргі таңда 2077 бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақылары өсті. Сонымен қатар, тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеуге, табиғи монополиялар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық субъектілерінің тұтынушылар қаражатын пайдалануын бақылауға бағытталған жедел шаралар кешенін қабылдау бойынша барлық коммуналдық қызмет көрсететін (газ, жарық, су, кәріз, қатты тұрмыстық қалдықтар шығару) телефондандыру және т.б. ұйымдарда тарифтердің құнын төмендету жөнінде тиісті жұмыстар атқарылуда.
ІІ. Тұрмыс сапасын арттыру.
Орта білімнің жаңартылған мазмұнына өту шеңберінде Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесін мемлекеттік мектептерге енгізуге қатысты аудан бойынша 564 мұғалім даярлық курстан өтті. Нақты айтсақ, олар Кембридж және Назарбаев Университеттерінің бірлескен бағдарламасы аясында жаңа форматтағы ұстаздарды дайындайтын үш айлық курсты тәмамдап, жаңа оқу жүйесін білім ордаларында үйретуде.
Еліміздегі оқушы орындарының неғұрлым тапшылығы мен үш ауысымды, әрі апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін шешу мақсатында, аяқталу мерзімі осы жылдың мамыр айы деп жоспарланған Керімбеков, Мәметова орта мектептеріне 300 орындық жапсаржай, Абай ауылындағы орта мектепке 600 орындық жапсаржай құрылыстары жүргізілуде. Одан бөлек, алты мектептің жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Олар: Үштерек және Жармұхамбет ауылына 600 орындық, Батан ауылына 450 орындық жаңа мектеп құрылысына және Іргелі, Алмалыбақ, Жаңашамалған, ауылдарындағы мектептер. 2019 жылға Шамалған бекетіндегі қазақ орта мектебінің 600 орындық жапсаржай құрылысына 660 млн. теңге және осы ауылдағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 600 орындық жапсаржай құрылысына 650 млн. теңге қаражат бөлінді. Ал, Бұлақты ауылындағы бастауыш мектебінің орнына 600 орындық орта мектеп салу жоспарланса, Әйтей ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жобалық құны шамамен 3 млрд. теңгені құрайтын 1200 орындық мектептің құрылысы басталып, оның ашылуы 2019 жылдың 1-ші қыркүйегіне белгіленіп отыр. Жалпы, білім саласында осындай бастамалар іске асумен қатар, біразы атқарылу үстінде.
Енді ауданымыздағы медицина жағына кеңірек тоқтала кетсек, бұл бағытта да көптеген жұмыстар өз деңгейінде жасалынып келеді. Мәселен, осы жылға Батан ауылына 25 қатысушыға арналған дәрігерлік амбулатория құрылысына 337 млн 498 мың теңге қаражат бөлінді, құрылыс жұмыстарының басталуына мемлекттік сатып алу конкурсы жарияланды. Аудандық орталық ауруханада қағазсыз жүйеге өтуді қамтамасыз ету мақсатында «МИС-Жетысу» ақпараттық жүйесі орнатылып, аталған бағдарламамен барлық бөлімдер жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ, медицина жұмысын электронды жүйемен іске асыру үшін дәрігерді үйге шақырту, оның қабылдауына жазылу сияқты қызметтер өзгертілді. Яғни, дәрігердің қабылдауына орта есеппен 2500-дей, ал үйге шақырту 9000-дай электронды жазылу жүзеге асырылды. Цифрландыруды жандандыру мақсатында былтыр қазан айынан бастап емхананың тіркеу бөлімі жанынан цифрландыру пункті ашылды. 2020 жылға қарай халықтың электрондық денсаулық паспортын қалыптастырып, мекемелерде 2019 жылғы 1қаңтарынан бастап медициналық құжаттаманы қағазсыз, цифрлық түрге көшу жұмыстары басталды. Соған орай, аудандық орталық ауруханаға тіркелген азаматтардың медициналық карталарын электрондық жүйеге енгізуді жүзеге асырылу көзделсе, 2018 жылдың 1 қазанынан бері 2000 медициналық карта электронды денсаулық паспортын әзірлеуге көшірілуде.
Спорт саласы бойынша ауданның кейбір округтерінде бірқатар нысандар жоспарда бар. Оның ішінде 2019 жылы құрылыс жұмысы аяқталатын Шамалған ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру орталығын және жобалық құны 800 млн. теңгені құрайтын Райымбек ауылындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын айтсақ болады.
ІІІ. Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру.
Жергілікті бюджеттен білікті педагогтар, дәрігерлер, полиция және басқа да сұранысқа ие мамандар үшін «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде жеңілдікті ипотека бойынша бастапқы жарналарды жартылай субсидиялауды өңірлерде іске қосқан еді. Соған байланысты, аудан бойынша 222 азаматтан өтініш қабылданып, оның тізімі екінші деңгейлі банк-терге ұсынылды. Жалпы, бүгінгі таңда «7-20-25» бағдарламасының тиімділігін пайдаланғандар арасында аудан тұрғындары да бар. Нақты айтсақ, Қаскелең қаласындағы «Қарлығаш» ықшам ауданында 97 пәтер және «Алатау ажары» ықшам ауданында 15 пәтер пайдалануға берілген. Сонымен қатар, аудан әкімінің 2019 жылғы 22 қаңтардағы №14 өкімімен тұрғын үй сертификатын алуға үміткерлердің өтінішін қарау бойынша Қарасай ауданының тұрғын үй комиссиясы құрылды. Қазіргі уақытта жеті үміткердің тиісті құжаттары комиссия қаралуына тапсырылып, оң шешім қабылданды. Алдағы жоспарға сай ауданымызда 2 қабаттан тұратын 544 пәтерлі «Өмірұзақ» тұрғын үй кешенінің жобалау-сметалық құжаттамалары да әзірленіп, оның іске қосылу мерзімі 2020 жылға деп белгіленіп отыр.
Ал, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламасы аясында Жаңатұрмыс және Шамалған ауылдарындағы сумен жабдықтау жүйелерінің қайта жаңарту жұмыстарына 743,8 млн теңгеге құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, аяқталу мерзімдері 2019 жылдың I және ІІ жартыжылдығы деп күтілуде.
Сондай-ақ, ауданның 24 (23+1) елді мекенін толық сумен қамтамасыз етуге арналған жалпы сметалық құны 9,4 млрд теңгені құрайтын «Южная Казачка» және «Қаскелең» өзендерінен тартылатын су жинақтау торабын салу жоспарлануда. Оның құрылыс жұмыстарының І кезеңі 2019 жылы аяқталады деп белгіленген. Кәріз жүйесінің құрылысы және қайта жаңғарту бойынша Абай ауылында облыстық бюджеттен 50 млн теңге, республикалық бюджеттен 546,9 млн теңге бөлініп, 2019 жылдың сәуір айында аяқталатын құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
IV. Азаматтардың қажеттілігіне бағдарланған мемлекеттік аппарат.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді 2019 жылы 80%-ға, ал 2020 жылы 90%-ға дейін электронды форматқа көшіру жоспарланған болатын. Соған байланысты ауданда мемлекеттік көрсетілетін қызметтер 80%-ға электрондық форматқа көшірілді (экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі, ауыл шаруашылық, сәулет және қала құрылысы бөлімдері толығымен электронды форматқа ауыстырылды). ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен 2019 жылға «Сервистік әкімшілік» жоба бойынша жұмыс атқарылып жатыр. 10 ауылдық округте орналасқан e.gov бұрыштары арқылы электрондық мемлекеттік қызметтерді алуға мүмкіндік бар.
V. Әрбір қазақстандықтың елдегі қайта құру процестеріне қатыстылығы.
Ұлтымыз үшін маңызы терең, халқымызға рухани азық болатын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары аясында көптеген мазмұнды жобалар жүзеге асырылуда. 2018 жылы 32 жоба бекітілсе, оның 28-і іске асты. Атап айтсақ: «Туған жерге туыңды тік», «Жомарт жүрек», «Мейірім», «Мақал – сөздің мәйегі», «Тағылымы мол тарихи ескерткіштер», тағы да басқа жобалар. Ал, 2019 жылға 20-сы бекітілді. Олардың қатарына жалпы көлемі 3,5 млрд теңгені құрайтын Шамалған және Қырғауылды ауылдарында спорттық сауықтыру кешенін ашу, Шамалған ауылында өнер мектебін ашу, «Қарасай батыр» ескерткішін қайта жаңғырту, ҰОС ардагерлері алаңына фонтан орнату, Жастар паркін салу, Қарасай ауданының 90 жылдығына орай кітап шығару сияқты, т.б. жобаларды жатқызуға болады. Аталған жұмыстарды халыққа жан-жақты түсіндіру мен ақпараттық қолдау үшін сіздер оқып отырған аудандық «Заман жаршысы» газетінде арнайы шығарылымдар болып тұрады.
Елбасымыздың бұл Жолдау барысында тағы бір ерекше атап айтқаны, ол – биылғы Жастар жылы. Осыған байланысты аудан көлемінде жастар жылын жоғары деңгейде атап өтіп, жас буынның түйіткілді мәселелерін шешуге мол мүмкіндіктер қарастырылуда. Жастар жылының есте қаларлықтай аталып өтілуіне байланысты Қарасай өңірінде көптеген ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылады. Мәселен, «Жастар бірлігі» атты аудандық жастар слеті, «Жастар – еліміздің тірегі» атты жастар форумы, «Біз – ұлы дала елінің жастарымыз» атты этнофестивалі, жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Жас кәсіпкер» атты аудандық форумы, «Жүрегім толы мейірім» атты мүмкіндігі шектеулі жастар арасындағы көрме, жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту мақсатында «Бос орындар жәрмеңкесін» ұйымдастыру, ауданымызды көркейту, аббаттандыру мақсатында «Таза қала», «Таза ауыл» акциялары және тағы да басқа іс-шаралардың ұйымдастырылатынын айтсақ болады.
Осындай Елбасымыздың соңғы Жолдауын ізгі ниетпен жүзеге асыру – арнайы іс-жоспармен айшықталатын, елдің игілігіне бағытталған, іргелі істермен сипатталу керек деп ойлаймыз. Ал, оған белсене атсалысу әрбір қазақстандық үшін абыройлы міндет десек те артық болмас.
Айжан НАЗАРБАЕВА,
Қарасай ауданы әкімінің
орынбасары.