Қазақ елі тәуелсіздік алған сәттен бастап, мемлекеттік күшіне енген заңдар тәртіпті түрде орындалуы үшін заң қызметкерлері қарқынды жұмыс істеуде. Жылдан-жылға осы саланың мамандары көбейіп, халыққа өз көмегін тигізіп келеді. Осы тұста заңгерлерге заң кеңесшісі лауазымын алу үшін де әр өңірде бас палаталар құрылып, халыққа қызмет етіп жатыр.
Жоғарыда атап өткен заң кеңесшісі бас палатасының Алматы облыстық филиалы Қаскелең қаласында да ашылған болатын. Бұл мекеменің төрағасы – Мұхтар Байқұлов. Дәлірек айтсақ, осыдан бір ай бұрын заң кеңесшілеріне құжаттама беретін орталық ашылып, Алматы облысы бойынша халыққа қызмет көрсетуде. Бұл заң кеңесшісі бас палатасының Алматы облыстық филиалына 200-дей заңгер тіркелген. Қазіргі уақытта аталған мекемеден 60-қа жуық заңгер аттестациялаудан өтіп, заң кеңесшісі құжатын қолына алды. Бас палатаның заң кеңесшілері аттестация нәтижесі бойынша мамандардың барлығы жоғары біліктілікті көрсеткен. Аталған құжаттаманы алған 60 мамандардың ішінде бұрынғы судьялар, қорғаушылар, көпжылдық жұмыс өтілі бар заңгерлер алды. Енді «Заң кеңесшісі» мәртебесін алған бас палата мүшелері азаматтарға білікті заң көмегін көрсетіп, заңды құқықтарын қорғауға құқылы.
Осы тұста: «Заң кеңесшілерінен қандай көмек алуға болады, ақылы ма?» – деген сұрақ туындауы мүмкін. Яғни заң кеңесшілері әлеуметтік осал топқа жататын адамдарға, зейнеткерлер мен көпбалалы аналарға және Ұлы Отан соғыс ардагерлеріне әлеуметтік мәселе бойынша тегін қызмет көрсетеді. Ал кәсіпкерлік немесе одан да өзге сұрақтарды шешу үшін ақылы түрде жұмыс істейді.
Мұхтар Көлбайұлының айтуынша, жақында ашылған бұл мекемеге Алматы облысының көп ауданы тіркелген. Алайда өкінішке орай, Балқаш және Еңбекшіқазақ аудандарындағы заңгерлер қатарға қосылмай отыр.
«Бұл бас палатаға Алматы облысынан бөлек республика бойынша да заңгерлер қатысып отыр. Атап өтсек, Астана, Алматы, Ақтөбе, Түркістан, Орал қалаларынан», – деді мекеме төрағасы.
«Құқықтық көмек» жобасы аясында қызмет көрсететін заң кеңесшілері аттестация тапсыру үшін мынадай талаптарға сай болуы керек: «заңгер» мамандығы бойынша жоғары білімі болуы, соттылығының болмауы және осы салада кемі екі жыл қызмет істеуі керек. Егер осы талаптарға лайық болса, заң кеңесшісі құжаттамасын алуы үшін аттестацияға қатысуға мүмкіндігі бар.
Халыққа қызмет көрсету және заңгерлердің білімін тексеріп, мамандығын жетілдіру барысында құрылған бұл Бас палатасы қазіргі уақытта Қаскелең қаласындағы Мақашев көшесі, 84 мекенжайында орналасқан.
Заң кеңесшілері алдағы уақытта жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында заң аясында қызмет көрсетеді. Ескере кететін тағы бір жайт, әлеуметтік мәселелер бойынша жоғары атап өткен санаттағы адамдар тегін кеңес ала алады.