Елімізде коронавирус індетінің таралуы күн сайын артып жатқаны белгілі. Құзырлы органдар өз тарапынан тиісті шаралардың орындалуын қатаң бақыласа, талай сырқаттың өміріне араша болатын медицина саласы да барынша атсалысып келеді. Енді, міне, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың таралуына қарсы шаралар қабылдау жөнінде тағы кеңес өткізіп, осы бір аты жаман аурумен күресу жолындағы жұмысты күшейту керектігін айтты.
Ел Президенті осы бір кеңес отырысында кейбір өңірлердегі бірқатар шенеуніктің атқарған жұмыстарын да сынға алып, сөгіс жариялады. Әрине, елдің қауіпсіздігіне қатысты міндеттер толықтай орындалмай жатса, ескерусіз қалғаны жарамас.
Мемлекет басшысы наурыз-мамыр айында енгізілген қатаң карантин шараларын да сөз етіп, осыған қатысты жауапты жұмыстарды іске асыру бойынша Үкіметке екі күн ішінде ұсыныс әзірлеуді тапсырды. Мұндай жауапты істің орындалуы, әрине, барша халықтың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан шаруа екенін түсінгеніміз дұрыс.
Осы уақытқа дейін жүзеге асып келе жатқан конференция, түрлі кездесу және тағы басқа да салтанатты шаралардың енді болмайтыны өте құптарлық деп есептеймін. Бұл жайында Президент әкімдер мен министрлерге бюджетті қайта қарауды тапсырып, жоғарыда аталған жиындардан бас тартып, соларға жұмсалған ақшаны эпидемиямен күресуге жұмсау керектігін жеткізді. Расымен де, қазір экономиканың тұрақсыздығы орын алып тұрған шақта, қаражатты індеттен құтылу жолында жұмсаған әлдеқайда дұрыс деп білемін.
Еркін ӨКІМБАЕВ,
Қаскелең қаласындағы ветеринариялық
дәріхананың басшысы.