Қазақстан халқы тарихи сәтке куә болып, сенімді шешім қабылдады. 20 қараша күні Президент сайлауы өтіп, елдің ертеңі үшін жұртшылық жаппай өз таңдауын жасады. Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек деуге болады. Неге десеңіздер, ел тарихында алғаш рет Мемлекет басшысы 7 жылдық мерзімге бір рет сайланды. Сондай-ақ осы жолы бюллетеньде «бәріне қарсымын» таңдауы енгізілді.
Сонымен сайлаудың ертеңінде ҚР Орталық сайлау комиссиясы нақты нәтижесін жариялады. Ресми дерекке сүйенсек, Қазақстан халқының 8,3 миллионы өз таңдауын жасады. Соның ішінде 6 млн 456 мың 392 сайлаушы Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс берген. Сәйкесінше Орталық сайлау комиссиясы халық сайлаған Қасым-Жомарт Кемелұлын Президент ретінде тіркеді.
ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің мәліметінше, Жигули Дайрабаев 3,42%, Қарақат Әбден 2,6%, Мейрам Қажыкен 2,53%, Нұрлан Әуесбаев 2,22 % және Салтанат Тұрсынбекова 2,12% дауыс жинаған. Ал «бәріне қарсымын» бағанын 460 484 (5,8%) сайлаушы таңдаған.
«Сайлаудың алдын ала қорытындылары ресми келіп түскен хаттамалармен расталды. Қазақстан Республикасының сайлау туралы Конституциялық заңының 9-бабы 1-тармағына, 65-бабына сәйкес, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 50 пайыздан астамының дауысын алған кандидат республика президенті болып саналады. Осылайша, 2022 жылғы 20 қарашадағы кезектен тыс сайлауда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды», – деді Нұрлан Әбдіров.
Кезектен тыс өткен Президент сайлауына Қарасай жұртшылығы да белсенділік танытты. Аудан бойынша 101 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Қарасай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының ресми хабарламасы бойынша тұрғындардың басым көпшілігі Қ.Тоқаевты жақтап дауыс берген. Анығын айтқанда, 97048 қарасайлық Қасым-Жомарт Кемелұлын Президент болуға лайық деп таныды. Сонымен қатар Қарақат Әбден – 3584, Нұрлан Әуесбаев – 6127, Жигули Дайрабаев – 3928, Мейрам Қажыкен – 7189, Салтанат Тұрсынбекова – 2057 дауыс жинаған. Ал «бәріне қарсымын» бағанын 5447 тұрғын таңдапты.
Естеріңізге сала кетейік Жаңадан сайланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президент ретінде 26 қарашада ант береді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.