Биылғы жылдың наурыз айында өткен парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында жария етілген «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру – еліміз үшін берері мол жақсы жобаларды қолға алуға мүмкіндік туғызады. Елбасының сенімді тірегі ретінде «Нұр Отан» партиясының мүшелері аталған басым бағыттарға атсалысып қана қоймай, жақсы нәтиже үшін белсенділік танытуы тиіс. Бұл мақсатта халық қалаулылары жұртшылық арасына келіп жүздесіп, жаңа бастамалар жайлы мол ақпарат беруде.
Сәрсенбі күні Алматы облыстық мәслихатының депутаты Мұхит Үмбетов ауданымызға арнайы келіп, Абай атындағы орта мектеп-гимназиясында педагогикалық ұжыммен және партия белсенділерімен кездесті. Жиынды партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ықылас Амалбек ашып, жүргізіп отырды.
Алдымен Мұхит Әбікенұлы сөз алып, халықтың әлеуметтік әлеуетін жақсартуға бағытталған бастамалардың іске асуы жаңа жұмыс орындарын құруға, сол арқылы ел экономикасының әрі қарай дами түсуіне жол ашатынын айтып, олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталды. Барша нұротандықтарды бұл мақсатқа жетуге ауызбіршілікпен атсалысуға шақырды.
Сонымен қатар, жиынға қатысушылар атынан Байжанов орта мектебінің мұғалімі Ж.Баймулдина, «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшесі Г.Төлеген және «АлматыГазСервисХолдинг» АҚ-ның инженері Е.Тойжан ортаға шығып, өз салалары бойынша әріптестерінің пікірін білдірді.
Мектеп-гимназиясындағы кездесуден кейін облыстық мәслихат депутаты М.Үмбетов «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында азаматтарға қабылдау жүргізді. Қабылдауға бірнеше күн бұрын жазылған аудан тұрғындары халық қалаулысының алдында жарық, жер, құрылыс аумақтарына қатысты кейбір мәселелерді алға тартып, көмек беруін өтінді. Мұхит Әбікенұлы өз кезегінде кез-келген қиындық, кедергілер уақытымен шешілетінін сөз етіп, айтылғандарды тікелей өз назарына алатынын жеткізді.
К. КӨПБАЕВА.