Мәслихат депутаты ретінде айтар болсам, ұсынылып отырған түзетулер өкілді органдардың жұмыс сапасын арттыруға және депутаттардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған маңызды қадам деп есептеймін. Дауыс беру кезінде әр депутаттың жеке қатысуын міндеттеу, отырыстарға себепсіз келмеуге шектеу қою – халық сеніміне адал болудың нақты тетігі.
Әрбір қабылданған шешім үшін депутаттың жеке жауап беруі ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде мәслихаттардағы тәртіпті нығайтып, депутаттық қызметтің тиімділігін арттырады. Халықтың мүддесін қорғау үшін депутат өз ұстанымын ашық білдіріп, қабылданатын шешімдерге саналы түрде қатысуы тиіс.
Сонымен бірге депутаттардың тәуелсіздігін қамтамасыз ететін нормалардың сақталуы аса маңызды. Құрылтайдың келісімінсіз депутатты жауапкершілікке тартпау қағидаты өкілді биліктің еркін әрі тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Ал мандаттан айырудың нақты және әділ негіздермен ғана жүзеге асырылуы саяси жауапкершіліктің теңгерімді жүйесін қалыптастырады.
Жалпы алғанда, бұл өзгерістер халық пен билік арасындағы өзара сенімді нығайтып, жергілікті және ұлттық деңгейде қабылданатын шешімдердің сапасын арттырады деп сенемін.
Жандос Такимов,
жеке кәсіпкер, Қарасай ауданының мәслихат депутаты.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
