Қазіргі кезде жыр алыбы атанған Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай ауданымызда ауқымды іс-шаралардың өтіп жатқаны белгілі. Әрине, жыр жампозының асқақ рухын қалай ардақтасақ та артықтық етпейтіні түсінікті деп ойлаймыз. Жуырда, аудандық Мәдениет үйінде Жамбыл ақынның 175 жылдығына арналған «Халық – менің шын атым» атты поэтикалық концерт өтті.
Әдеби шара елімізде енгізілген карантин тәртібіндегі барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылған. Айта кету керек, бұл күнгі жылы жүзді жүздесуге аудан әкімі Жандарбек Далабаев, ауданның Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Болат Назарбаевтан бөлек, Жамбыл ауданынан ат терлетіп, арнайы келген құрметті қонақтар да қатысты.
Сахна шымылдығы көтерілген соң ортаға шыққан «Үшқоңыр» этно-фольклорлық ансамблінің өнерпаздары кешті Жамбыл Жабаевтың өлеңдеріне жазылған әндерді әуелете шырқаумен бастады. Одан кейін сахналық қойылымға кезек беріліп, ансамбль әртістері жыр алыбының жалынды жастық шағын аса шеберлікпен көрсете білді. Қос ғасырдың куәгері болған ақынның ұстаздары Сүйінбай Аронұлы мен Сарыбай Айдосұлының сол кездегі бала Жамбылға берген баталары да танымдық тұрғыда сахналанып, көрермен жүрегіне жол тартты. Иә, осылайша оның өмір шындығы мен уақыт бедерін арқау еткен жыр-дастандары, дара дарынның қолтаңбасы, даралыққа тән табиғаты, сондай-ақ, шеберлік пен шешендіктің, шынайылықтың да үлгі-өнегесі барынша әспеттеліп, табиғи тұрғыдан кеңінен көрсетілді.
Айтыс өнерінің алтын діңгегі атанған Жамбыл Жабаевтың азулы ақындармен болған сөз жарыстары да бұл шара барысында шет қалған жоқ. ХХ ғасырдың Гомері атанған өнер дүлділінің Айкүміс пен Бұрым ақындармен айтыстары әдемі дәріптелді. Ансамбльдің жоғары деңгейде өткен концертінен соң сахнаға аудан басшысы Жандарбек Далабаев көтеріліп, құттықтау сөзін сөйледі, Жамбыл Жабаевтың артына қалдырған мол мұрасы жайлы ой-пікірін білдірді.
– «Делебесі қозатын ән-жыр десе, күлкісі де оянар қалжың десе, бәрін айт та, бірін айт, өзі айтпақшы, қазақта жұрт біледі Жамбыл десе» демекші, екі ғасырдың куәсі болған жыршы, халық ақыны, айтыскер, қызыл тілдің жалынды жасыны, Сүйінбайдың сүйікті шәкірті болған Жамбыл Жабаевтың туғанына биыл 175 жыл толыпты. 1846 жылы дүниеге келіп, 1945 жылы 99 жасында өмірден өткен абыз ақын – тарлан тарихтың тағылымды тұлғасы. Кеште өнерпаздар Жамбыл ақынның жырларына жазылған әндерді әуелете орындап, айтыс өнерін де әдемі дәріптеді. Иә, осылайша өмір шындығы мен уақыт бедерін арқау еткен дастандары көрермен жүрегіне кеңінен жол тартып, маған да керемет әсер етті. Осы қойылымға куә болған барлығымыз ақын өмір сүрген кезеңге еніп кеткендей болдық. Сол сәтте сахнаны қазақ даласындағы жыр алыбының рухы кернеп тұрды десек артық болмас. Мәдени шараның соңы сол деңгейде әдемі түйінделді. Демек, халық ақынының өмірі – дастан, өнеге. Өлең-жыры – нұрлы әлем, сырлы мұра. Өмірі – өрнекті, өнері – өрісті. Өзі – дара, сөзі – сара екені де анық, – деді Жандарбек Ермекұлы.
Мұнан кейін ортаға көрермендердің қызу қошеметі аясында зор құрметті білдіретін Қарасай мен Жамбыл аудандары әкімдерінің атынан ықылас гүлі әкелініп қойылды.
Осылайша, жыр жампозы – Жамбылдың 175 жылдығы ерекше аталып өтті. Ұлы даланың мұрагерлері ұлтының асыл перзенті, ақын Жамбылмен мақтанады. Биік парасатты өнерпаз, халық поэзиясының атасы атанған ақынның есімі елінің жүрегінде мәңгі сақталады. Оның өнегелі өмірі мен руханиятқа толы мұраларын ұлықтау шаралары ауданымызда жыл соңына дейін жалғасатын болады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
Суретті түсірген Ерлан Әлиасқаров.