Еліміз бойынша ағымдағы жылдың 5 қаңтарынан бастап кәсіпкерлерге және шағын бизнес субъектілеріне тегін кеңес беретін «Халық бухгалтері» акциясы өтуде. Бұл ауқымды шараға ҚР Қаржы министрлігі ұйытқы болып, оның Қазақстан бойынша өтуіне бастамашыл болып отыр.
Аталған акция аудан көлемінде, яғни Қарасай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында да жүзеге асуда. Бұл мекемеде кәсіпкерлер қауымы үшін Салық кодексіндегі кейбір өзгерістерден хабардар болуға, келелі мәселелер бойынша түсінікті әрі практикалық кеңестер алуға, бухгалтерлік есеп, салықтық есептілік, ақпараттық жүйелерде жұмыс істеуге қатысты ақпарат алуға мүмкіндіктер қарастырылған.
Ал мұндай салықтық сауаттылықты арттыратын консультациялық көмекті кәсіби бухгалтерлер мен аудиторлар, бухгалтерлік қауымдастықтардың өкілдері, заңнама нормаларын түсіндіру үшін мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері көрсетеді. Одан бөлек заңнама нормаларын қарапайым тілмен түсіндіретін, ақпараттық жүйелерде жұмыс істеу бойынша қадамдық нұсқаулықтары бар буклеттер де арнайы кәсіпкерлер үшін дайындалған.
«Халық бухгалтері» акциясы осы жылдың 30 маусымына дейін жалғасады. Қарасай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасындағы кеңес беру кестесі қаңтар-ақпан айларында аптасына үш күнге белгіленген. Яғни дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін тегін ақпарат алуға болады. Ал наурыз айынан бастап акция соңына дейін кеңес беру аптаның екі күнге жоспарланған.
«Халық бухгалтері» акциясы – салық төлеушілермен жұмыс істеуде бақылау моделінен сервистік сүйемелдеуге көшу жолындағы алғашқы қадам.
Соның аясында алдағы уақытта құқық бұзушылықтардың алдын алуға және консультациялық қолдаудың сапасын арттыруға бағытталған қосымша шаралар іске асырылу жоспарлануда.
Өз тілшіміз.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
