Қазіргі жаһандану заманы озық ойлы болуды талап етеді. Өйткені әлемдік деңгейде мықтылармен бәсекелесу үшін талабың мен талантың, білімің мен білігің қатар ұштасу керек. Бұл ретте, әрине, жастайыңнан оқу-ғылымға құштар болып, дарыныңмен даралану маңызды. Ал оған мектептердегі білімнің баспалдағы жол көрсетері анық. Егер білімпаз ұрпақтың бағыт-бағдары айқын болса, оның болашағынан күтер үміт те көп болады.
Сондай білім беру ұйымдарының қатары Қарасай жерінде артып келеді. Әсіресе, жекеменшік мектептердің ұрпақ тәрбиелеу жолындағы ізденістері, жүйелі жұмыстары көптің көңілінен шығуда. Олардың әрбірі оқушыға білімнің кілтін ұстатып, келешегінің кемелденуі үшін сапалы біліммен сара жолы
н қалыптастыруға күш салуда. Ал осындай істің басы-қасында бастамашыл бір адамның болары рас. Себебі көшбасшылық қабілет болмаса, тың идеялардың жүзеге асуы, нәтижелі болуы екіталай. Ондай жандар біздің ауданда да кездеседі. Солардың бірі – жоғарыда атап өткен ізгі қасиетті бойына сіңіре білген, креативті ой қалыптастырып, «білімдінің күні жарық» деп ұран салып жүрген, білім саласындағы кәсіпкер Айгүл Тәңірбергенова. Оның жетекшілігімен ауданымызда ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын «CES for you» білім беру орталығы пайда болды.
Айгүл Қанатқызы еңбек жолын ұстаздық етуден бастаған. Ол – бүгінгі таңда «Білім – күш» қорының төрайымы, «QBIS» деп аталатын Алматы облысы бойынша алғашқы халықаралық мектептің негізін қалаушы. Бір басына бірнеше міндетті арқалап, білімді ұрпақтың болашағына алаңдаған кәсіпкердің істеген істеріне таңғалмасқа болмас. Жақында ол кісімен емен-жарқын әңгімелесудің сәті түсіп, білімге қатысты біраз сауалды тілге тиек еттік. Ендеше, пайымды пікірге толы сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Айгүл Қанатқызы, «CES for you» білім беру орталығының жұмысы қашан басталды? Тіпті, оны ашу үшін жалғыз жылқыңызды сойыпсыз. Сол қаншалықты рас? Бұл тәуекелшіл қадамдарыңыздың бірі ме, әлде амалдың жоқтығы ма?
– Иә, ол рас. «CES for you» білім беру орталығын ашу үшін арнайы ғимарат тауып, жалға алу мақсатында оның қожайынымен келіссөздер жүргізе бастадық. Бір күні әңгіме арасында ол кісінің Өскемен жаққа соғым союға баратынын естіп қалдым. Сөйтіп, Нарынқолдағы жалғыз жылқымызды сол ғимараттың иесіне берсек деген ой келіп, күйеуіммен ақылдастым. Жолдасым басында бұл бастамаға сенімсіздік танытқанымен, кейін маған қолдау білдіріп, сенім артты. Осылайша бір күннің ішінде Нарынқолға күйеуім екеуіміз барып, жалғыз жылқымызды сойып әкеліп бердік. Сол кездегі шешіміме, тәуекел еткеніме еш өкінбеймін.
«CES for you» білім беру орталығы жайлы айтар болсақ, оны алғаш 2013 жылы ашқанбыз. Бұл мекемелерді әу баста жеке-жеке ашқанда, әрине, қиындықтар болмады дей алмаймыз, біраз сынақтарға кезіктік. Дегенмен білім жолында, ұрпақ тәрбиесі үшін ештеңеден тайынбадық.
Бүгінгі таңда олардың жалпы саны – 24. Бірақ олардың бәрі менікі емес. 5-6 орталықты ашқаннан соң, қалғанын адал еңбек еткен, менімен бірге ыстыққа да, суыққа да төзе білген, отбасылық жағдайын жақсы білетін әріптес-қыздарға бергенмін. Бұл – олардың жұмысын бағалау мақсатында менің сый ретінде бергенім. Әркім шамасына қарай қолындағы барын береді ғой, сол сияқты мен де осылай жасадым. Десе де қазіргі уақытта бір меморандум аясында, бір логотиппен, серіктес ретінде жұмыс істеп отырмыз.
Жалпы «CES for you» білім беру орталығын ашу идеясы аяқ асты болды. Ендеше тарихына қысқаша тоқтала кетейік. Мен бала кезде ағылшын тілінен қатты қиналдым. Дәл осындай менің күйіме екі балам түспесе екен, университет қабырғасында ағылшын тілінен қиналмаса екен деп, курс іздей бастадым. Содан бір американдық азамат ашқан орталыққа келіп, кезекке тұрып, ақыры баламды курсқа жаза алмадым. Бірақ сол кезде осы орталықта басқа балалардың білім алып жатқанын көрмедім. Өйткені оларды «сабақ болмайды» деп қайтарып жібереді екен. Енді ойлаңыз, бұл жерде бала білім алу үшін сөмкесін көтеріп сабаққа келеді, алайда лайықты білім ала алмайды. Одан кейін мұғалімдердің бәрі аумағы кішкентей кабинеттерде сабақ өтетінін көрдім. Тіпті, олармен тілдесудің өзі қиынға соқты. Дөрекілік танытқандар да болды. Осындай көріністерді өз көзіммен көрген соң, маған курс ашу туралы ой келді. Себебі сапалы білім беретін орталықтың жоқтығына көзім жетті. Мұндай проблема Алматы облысындағы Талғар, Есік қалаларында және Ұзынағаш ауылында да бар екенін байқадым. Ол жақта да шырылдаған ата-аналар. Балаларын шет тілін үйретуге бергісі келеді, бірақ дұрыс орталық жоқ. Осылайша «елді мекендердегі балалардың не кінәсі бар, оларда сапалы білім алуы тиіс» деген оймен қасымдағы мұғалім қыздарға Алматы облысындағы қала немесе ауылдардан ғимарат іздеуін өтіндім. «Егер табылып жатса, менімен серіктес ретінде жұмыс істеймін десеңіздер, солардың бәрін сіздердің аттарыңызға жазып беремін» деп айттым. Осылай әр жерде орталықтарымыз бірінен соң бірі ашылды. Өкінішке орай, биыл екеуі жабылды. Себебі ғимараттарды жалға алғандықтан, оның өтемақысына шамамыз жетпей жатыр. Оның үстіне халықтың да әлеуметтік жағдайы әсер етуде. Көбісінің қалтасы көтере бермейді. Сондықтан жабуға мәжбүр болдық. Дегенмен білімге құштар балаларға сапалы білім берудің қазір жолын қарастырудамыз.
– Өте керемет, Айгүл Қанатқызы. Сөзіңіз аузыңызда. Осы ретте «білімге құштар балаларға сапалы білім берудің қазір жолын қарастырудамыз» деген ойыңызды кеңінен айтып беруіңізді сұраймын. Қателеспесем, кәсіпкерлерді қайырымдылыққа тарту мақсатында аталған орталықтарыңызда балаларды тегін оқыту үшін бастама қолға алыпсыз? Ол қалай жүзеге асуда? Соның арқасында неше баланы тегін оқытуды жоспарлап отырсыз?
– Біздің 24 орталығымызда баланың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Есептеп қарасақ, осы мекемелерде оқушылар үшін 5000-дай орын бар екен. Демек кәсіпкерлердің қолдауы арқылы осынша баланы тегін оқытуға мүмкіндік болып тұр. Осы ойды жүзеге асыру үшін демеушілер іздеп. қайырымдылық кеш ұйымдастырдық. Мұндай бастамаларды мен Англияда жұмыс істеп жүргенде көретінмін, бағдарламасын да білемін. Мәселен, ол жақта белгілі бір ауруханаға арнайы аппарат қажет болса, қайырымдылық кештер ұйымдастырып, кәсіпкерлерді арнайы шақырып, шот ашып, сол мезетте қажетті дүниеге демеушілердің арқасында қол жеткізеді. Осындай бағдарламаларды өз көзіммен көрген соң, «неге біздің елде осындай жоқ» деп іштей ойлайтынмын. Міне, сол идеяны жақында өзім жүзеге асырдым. Үлкен қайырымдылық кешін ұйымдастырып, бизнес өкілдерінің барлығын қонақ ретінде шақырдым. Осы басқосуда аукцион ретінде әр баланың, яғни 250 000 теңге тұратын жылдық оқу ақысына демеуші іздедік. Нәтижесі жаман болмады. Жаны жомарт жандардың арқасында 100 баланың тегін білім алуына жол ашылды. Олардың бәрі қазіргі уақытта сабақтан қалмай, үздіксіз білім алуда. Арасында белгілі бір себеппен сабақтан қалатыны бар. Бірақ көп емес.
Ал осы жылдың соңында аталған 100 баланың сабақ үлгерімін, білім деңгейін көрсету мақсатында есеп беру кешін өткізуді жоспарлап отырмыз. Өйткені кәсіпкерлердің берген ақшасы қалай жұмсалып жатқанын халық көруі тиіс, бәрі ашық болған жөн.
Жалпы біздің қоғамда «қайырым-дылық» деген ұғымды біреуге үй салып беру немесе өртенген баспанасына көмектесу, өмірден өтіп кеткенге қол ұшын созу деп түсінеді. Алайда осының бәрін алдын алуға болады. Яғни білім алу арқылы адам дүниетанымын, санасын дамытады. Бұл ретте ағылшын тілінің көмегі зор екенін айтқым келеді. Себебі тіл адамның көкжиегін кеңейтіп, әлемді тануға көмектеседі.
Ағылшындардың тарихына қара-сақ, латын тілі арқылы 400 жылда өз тілдерін бренд жасап алған. Қарап тұрсақ, қазір ағылшын тілі әлемдік тіл болып саналады. Осы тілмен ғылым да дамып жатыр. Сондықтан біз өз елімізде ағылшын тіліне көңіл бөлуіміз керек. Егер осы бағытымыздан таймасақ, кім біледі, келешекте ана тілімізді брендке айналдыруымыз әбден мүмкін.
– Ал өзіңіз қазіргі мектептердегі ағылшын тілін үйрететін оқулықтарға қалай қарайсыз? Оларға көңіліңіз толады ма?
– 2020 жылы бастауыш сыныптарына арналған ағылшын тілі пәнінің оқулықтарына көңілім толмай, намысым ұстап, әріптестеріммен үш оқулық құрастырған болатынбыз. Оны министрлікке және басқа тиісті мекемелерге апарып, ұсынып, конкурсқа түскенім бар. Тіпті, Америкағадағы жоғары білікті ұстаздарға көрсеткенде олар жақсы рецензия берді. Алайда өз елімізде сол оқулықтар конкурстан өтпей, бекітілмеді.
Қазіргі уақытта бұл шешімге қатты қуанамын. Өйткені ол құрастырған кітаптарымыз ғылымға негізделмеген еді. Оны уақыт өте келе халықаралық мектепті ашқан кезде Кембридж кітаптарының оқу бағдарламасын көрген кезде түсіндім.
Иә, жасыратыны жоқ бүгінгі мектеп бағдарламасындағы ағылшын тілі пәніне арналған оқулықтар көп көңілімнен шыға бермейді. Егер олар мықты болса, онда елімізде ағылшын тілін үйрететін курстар ашылмас еді. Сондықтан оқулық құрастыруға келгенде елімізде арнайы институт болғаны дұрыс. Сонда ғана баланың ой-өрісін дамытатын, ғылымға негізделген кітаптар пайда болар деген ойдамын.
– Айгүл Қанатқызы, Сіздің жарқын әрі сәтті жобаларыңызды бірі – «QBIS» деп аталатын Алматы облысы бойынша алғаш ашылған халықаралық мектебіңіз. Осы білім ошағын ашу кезінде талай қызықты сәттер орын алыпты. Мәселен, 31 тамыз күні тойдан шыға салып, той көйлегіңізбен еден жууып кетіпсіз. Бұл Сіздің уайымшылдығыңыз ба, әлде жауапкершілігіңіз бе?
– Әрине, бұл халықтың және баланың алдындағы жауапкершілік дер едім. Сіз айтқан қызықты сәттің орын алғаны рас. Ол той – өзіме қатты жақын адамның қуанышы. Бармасқа амал болмады. Осы тойдан кешкі сағат 10-ның шамасында келсем, ғимараттың едені, тіпті әжетханасы жуылмапты. Бұл осы жұмысқа жауапты адамдардың салақтығы, жауапкершілігінің жоқтығы болды. Содан өзім де кірісіп, түнгі 2-ге дейін бәрін тазалап, реттеп біттік.
Білім саласына келгенде әрбір іске тиянақты болу керек. Өйткені біз бала тәрбиесіне, біліміне жауаптымыз. Осы мектепті ашқан кезде «халқына адал қызмет ететін 300 тұлға шығарамыз немесе рухани мүгедектігі бар балаларды тәрбиелейміз» деген мақсат тұрды. Яғни мектепте екі-ақ жол – не адам, не надан шығарасың. Сол себепті мұғалімдерге де «мектепке келерде қай баланың жұлдызын жағам», «оларға не берем деп келіңіздер» деп айтамын.
– «QBIS» халықаралық мектептің басқа білім ошақтарынан қандай айырмашылығы бар? Мұнда қызмет ету үшін мұғалімдерге қойылар талап қатаң ба?
– Өте орынды сұрақ. Ерекшелігіне тоқталар болсақ, біздің мектеп Англияның «Кембридж» бағдарламасымен білім беретін статусқа ие болғандықтан, осы жылдың қыркүйек айынан бастап, бастауыш пен 8 сыныпқа дейінгі оқушылар мемлекеттік және «Кембридж» бағдарламалары араласқан арнайы оқу жүйесімен білім алуда. Нақты айтқанда, оқушылардың ақыл-ойына байланысты 5-тен 8-ге дейін «Кембридждің» пәндерін кіргіземіз. Одан кейін әр бала осы бағытта алған білімі бойынша тест тапсырады. Ал оның нәтижесін, яғни даму картасын Англияның Кембриджі бізге жібереді. Жалпы айтқанда, Қазақстанның оқу бағдарламасы оқушыны өз еліміз үшін дайындаса, «Кембридж» бағдарламасы баланы әлемге танытады. Осы арқылы болашақта ғылымды дамытсақ деген ойымыз бар.
Ал бізге өсем, дамимын, балаларға берерім көп дейтін, біздің миссиямызды түсінетін мұғалімдер керек. Оларға қатты қатаң талап жоқ. Бастысы ағылшын тілін біліп, сол бағытта сабақ бере алуы тиіс.
– Айгүл Қанатқызы, осы білім ошағында орыс сыныбы жоқ екен. Оның себебін түсіндіре аласыз ба?
– Бұл сұраққа жауап бермес бұрын бірнәрсе айтқым келеді. Мен шетелге балаларды апарып жүргенде көп нәрсені байқаймын. Мәселен, орыс тілді қазақ баласы мен қазақ тілді қазақ баласының ойлау қабілеті әртүрлі. Олардың тіл табысып кетуі екіталай. Екі жақта түсініспеушілік орнамасын деген оймен орыс сыныбын ашпадық. Бұл – бірінші себеп. Екіншіден, Қаскелең қаласында орыс тілді мамандардың тапшылығы бар.
Мектебіміздің атауы «Қазақ-Британ халықаралық мектебі» болғандықтан, соған сай болайық деп шештік. «Кембридж» бағдарламасы арқылы оқушыларымыз ағылшынды еркін меңгеріп жатса, оларға келешекте қытай тілін де үйретсек деген ойымыз бар. Осы мақсатта алдағы уақытта аспанасты еліне арнайы барып, білім саласындағы платформаларды және басқа да өзгерістерді зерделеп көруді жөн көріп отырмын. Сондықтан болашақта қытай тілін оқытып жатсақ, таңғалмаңыздар.
– Сіздің осы білім жолыңызда атқарып жатқан жұмысыңызға мемлекет тарапынан қолдау болды ма? Естуімше, 2018 жылға дейін облыстық әкімдікке бірнеше хат жолдаған екенсіз. Қазір мемлекеттік органдармен байланысыңыз қалай?
– Иә, кезінде оқу орталығын ашу мақсатында облыстың да, ауданның да әкімдігінен қолдау іздеп, талай рет есігін тоздырғаным рас. Бірнеше хат жазып, жауаптарын алғанда өзім түсінбейтінмін. Әрине, ол уақыт өтті. Қазір мемлекеттік органмен байланысым жақсы. Халықаралық мектепті ашар кезде Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Тоққожаұлының алдына барып өз ойымды бөліскенде, мені жылы қабылдап, бірден қолдау танытты. Ол кісінің көрегендігі, білімге деген жанашырлығы қатты қуантты. «QBIS» мектебі «Кембридж» бағдарламасы бойынша статусқа ие болғанда да құттықтауын жолдап, ізгі тілегін білдірді. Осындай басшылар көп болса екен деймін.
– Айгүл ханым, қазіргі уақытта тағы бір жобаны қолға алыпсыз. Атап айтқанда, оқушылардың жазғы демалысына сәйкес «Мамандық таңдау академиясын» ашыпсыз. Оның мақсаты қандай?
– Бұл – оқушыларды мамандық таңдауға көмектесетін, өзін-өзі тануға үйрететін академия.
Біз осы уақытқа дейін ағылшын тілін тереңдетіп оқытып келдік. Бірақ онымен жетістікке жету қиын екенін көрдік. Көбінесе бала шатасып, мамандық таңдаудан қиналып жатады. Соны ескере келе, осы бастаманы қолға алдық.
Мен былтыр Америкаға барып, оқу оқығанда ол жақта балаларға арналған мамандық таңдаудың арнайы бағдарламасы бар екенін көрдім. Бұл жақта 5 сыныптан бастап жоғары сыныптың оқушылары үшін барлық университет есіктері ашық болады. Оған кез келген оқушы барып, танысуына мүмкіндік бар. Осылайша олар алдымен жоғары оқу орнын, одан кейін мамандық таңдайды.
Аталған бағдарламаны неге біздің елде жүзеге асырмасқа деген оймен, ауданымызда орналасқан SDU университетінде осы жазда «Мамандық таңдау академиясын» аштық. Мұнда оқушылар саналы шешім қабылдау, сыни ойлау, университет оқытушыларымен, сала мамандарымен танысу мүмкіндіктеріне ие болады. Сондай-ақ медицина, бизнес, қаржы және кәсіпкерлік, компьютерлік және гуманитарлық ғылымдар, инженерия, педагогика, ауыл шаруашылығы сияқты оқу бағыттары бойынша тәжірибелік білім алады.
Бұл мамандыққа қатысты алғашқы жоба болғандықтан, тек маусым айында ұйымдастырылады. Себебі SDU университетін белгілі уақытқа жалға алып отырмыз.
–Айгүл Қанатқызы, сұрағымыздың басым көпшілігін өзіңіз атқарып жатқан жұмысқа арнаппыз. Әңгіме соңында жеке өз басыңызға қатысты бірнеше сауал қойсам деп едім.
Кезінде Сіз көпқабатты үйде тұрғанда подъездің еденін жуған екенсіз. Бұл өзіңіздің даңдайсып кетпеуіңіздің алдын алуы екен деп естідім. Қазір осы әдетіңіз әлі бар ма?
– Иә, бұл әрекетімді әлі жалғастырып келемін. Кейде әріптестерім «неге бұлай істейсіз?» деп сұрап жатады. Бұл менің эгомды басады дегім келеді. Негізі кез келген адамның проблемасы – эго. Әрине, ол жетістікке де, белгілі бір төмен деңгейге де жеткізеді. Сол үшін оны басып тұру керек деп ойлаймын.
Сіз айтқан подъезді неге жуамын? Алдымен ол – тазалық, одан кейін көршілердің алғысы. Сондай-ақ денсаулыққа пайдалы және өзім айтып өткендей эгоны басу. Одан бөлек өзімді тәрбиелеу арқылы балаларыма үлгі көрсеткенім деп білемін. Сол үшін осындай әрекеттерге барамын.
– Сіздің бір сұқбатыңызда «Кәсіпкер алуды да, беруді де білу керек» деп айтқаныңыз бар екен. Осыны кеңінен түсіндіріп өте аласыз ба?
– Осы уақытқа дейінгі өмір жолымда көп кәсіпкерді кездестірдім. Солардың арасында кейбірі – тек қана алуды ойлайтындар. Алайда олар халықтың арқасында өмір сүріп жатқанын түсінбейді. Қарапайым адамдардың еңбек ақысын жеп жататындар бар. Сондықтан олар бизнесті түсінбесе де өмір заңдылығын білсе екен деймін. Өйткені пайдаға молынан кенеліп жатқанымен, ол ақша көлденең шығын ретінде шығып кетеді. Яғни, Алла тағала сол адамның берекесін алып қоюы мүмкін.
Сондықтан әр кәсіпкер біреудің еңбекақысын жегенде ойлану керек. Бұл туралы қасиетті Құранда «Жұмысшының еңбекақысын маңдай тері кеппей тұрып беріңдер» деп айтылған. Сол үшін кез келген кәсіпкер әр табысының қадірін білу қажет. Оның кәсібін жүргізіп отырған қызметкерлерінің еңбегін бағалай білген жөн.
– Айгүл Қанатқызы, соңғы сұрағым – өміріңізде алғыс айтатын жандар көп пе, әлде ренжіткен адамдардың саны басым ба?
– Әрине, алғыс айтатын адамдарым көп. Ал ренжіткендерді мен ұмытып кетем. Олардың ренішін сақтап жүруге менің миымда орын жоқ.
Алғысымды алдымен өмір сыйлаған, тәрбие берген ата-анама айтамын. Одан кейін маған ақыл-кеңесін, сыни тұрғыдан бағыт-бағдар беретін өмірлік жарыма ризашылығымды жеткіземін. Сонымен қатар бауырларыма, әпке-сіңлілеріме рақмет.
Одан бөлек әріптестерімнің, серіктес ретінде қасымнан табылған қыз-жігіттердің еңбегін ерекше бағалаймын. Олардың қызметтері, табандылықтары, білім жолында атқарып жатқан жұмыстары жоғары бағаға лайық. Сондықтан әрбіріне алғыстан басқа айтарым жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет! Армандарыңыз орындалсын, жұмысыңыз жемісті болсын!
Сұқбаттасқан
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.