Қарасай ауданында халық қаһарманы, атақты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай «Жас-Ұлан» әскери-спорттық сайысы мен мерекелік концерт өткізілді. Іс-шараға аудан мектептерінің «Жас-Ұлан» ұйымының мүшелері, әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушілері, ардагерлер және білім беру бөлімінің өкілдері қатысты.
Шараның басты мақсаты – Бауыржан Момышұлының ерлік жолын дәріптеу, жас ұрпаққа отансүйгіштік сезімін ояту, оларды әскери-қолданбалы спорт түрлеріне баулу және батырдың әдеби мұрасын насихаттау арқылы ұрпақ сабақтастығын нығайту болды.
Әскери-спорттық сайыс барысында командалар бірнеше кезең бойынша сынға түсті: саптық дайындықта саппен жүру, пәрмендерді орындау және саптық ән айту шеберлігі бағаланды; нормативтерді орындау кезінде АК-74 автоматын бөлшектеу және жинау, оқжатарды жабдықтау жылдамдығы тексерілді; ал физикалық дайындық кезеңінде турникке тартылу, қашықтыққа жүгіру және алғашқы медициналық көмек көрсету дағдылары сарапталды.
Мәдени-концерттік бағдарлама аясында оқушылар Бауыржан Момышұлының шығармашылығына арналған патриоттық әндерді орындап, майдан даласындағы ерлікті бейнелейтін театрландырылған көріністерді сахналады.
Қорытындысында сайысқа қатысқан үздік командалар мен жекелеген номинация иегерлері Қарасай аудандық білім бөлімінің грамоталары мен бағалы сыйлықтарына ие болды. Іс-шара жоғары деңгейде өтіп, жасөспірімдердің әскери рухын көтеруге және отансүйгіштік сезімін нығайтуға үлкен үлес қосты.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
