Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) мүшелері мен оның жанындағы кеңестердің төрағалары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауында дауыс берді. Атап айтқанда, Алматы облыстық ҚХА мүшелері мен Ақсақалдар кеңестері, Аналар кеңестері және Кәсіпкерлер қауымдастығының төрағалары өз таңдауын жасады.
– Ең бастысы – әділеттілік және шыншылдық. Осы үдеден шыға білейік. Ең маңыздысы – адалдық. Сондықтан да бүгінгі науқанға баршамыз үн қосып, адалдық танытсақ деген ниеттемін. Ертең депутаттар да біздің сенімімізді ақтасын. Елін, жерін, халқын шынайы сүйетін жандар көп болсын деп тілеймін, – деді Алматы облыстық ҚХА мүшесі, қоғам қайраткері Асылы Осман.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан азаматтары мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлап жатыр. Елдің көп бөлігіндегі сайлау учаскелерінде дауыс беру Астана уақытымен таңертең сағат 7.00-де басталды.
Орталық сайлау учаскесінің дерегінше, ел аумағындағы 8272 сайлау учаскесі мен Қазақстанның 12 шет мемлекеттегі өкілдіктерінде ашылған 13 сайлау учаскесінде дауыс беру басталған.