Аудандық «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының ұйытқы болуымен, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында екі жыл бойы атқарылған іс-шараларды талқылау мақсатында, дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиынға ауданда орналасқан «Анаға құрмет», «Батыр бабаларға тағзым», «Шапағат» музейінің қызметкерлері, мектеп директорының орынбасарлары және көршілес Жамбыл ауданынан Сүйінбай Аронұлы мен Жамбыл Жабаевқа арналған тарихи кешеннің өкілдері қатысты. Алдымен, «Атамекен» орталығының ғылыми қызметкері Қыдыр Нұрқожа мекеменің ашылғаннан бері «Рухани жаңғыру» аясында өткізілген деңгейлі шаралары жайында айтып, осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерін слайд арқылы көрсетті. Атап айтар болсақ, жылжымалы көрмелер, ақын-жазушылар кітаптарының тұсаукесері жайлы сөз болды. Әсіресе, оқушылармен тығыз жұмыс жасайтын мәдени орталық, түрлі сайыстар да ұйымдастырып тұрады екен. Оның бір дәлелі, жуырда өткен отбасылық спорттық жарыс. Сонымен қатар, қазіргі таңда мектеп білімгерлерінің арасында «Музей бала көзімен» атты сурет байқауы жарияланыпты. Сондай-ақ, мұражай тек экспонаттар тізбектеліп орналасқан ғимарат қана емес, жиі ғылыми конференциялар өтетін орынға айналған. Мысалы, аталмыш орталық «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлттық бірегейлік – сананы қалыптастырудағы тарихи сананың рөлі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылған. Жас ғалымдар жиналған басқосу барысында бірқатар ұсыныстар енгізіліп, сол бойынша мұражайдың жоспарына да енгізілген. Басқа музейлердің қызметкерлері де осы тақырып аясында ой өрбітіп, өздерінің атқарған жұмыстары жайлы ақпараттарды ортаға салды. Оның ішінде, «Анаға құрмет» музейінің қызметкерлері орталыққа бес жыл толуына байланысты ауқымды шара ұйымдастырылатын-ын айтып, оған қатысты алдыға қойған мақсат-міндеттерімен де бөлісті. Ал, Жамбыл ауданынан келген тарихи тұлғаларға арналған мұражайлардың өкілдері, өз жұмыстары жайлы тарқатып айтып берді.
Сондай-ақ, жиын барысында тек айтулы мерекелерде ғана емес әркезде тығыз қарым-қатынаста болып, жиі тәжірибе алмасып отыру жөнінде ұсыныстар айтылды. Себебі, тарихи кешендердің жас ұрпақты тәрбиелеуде, қоғамға ұлттық құндылықтарды ұлықтауда атқарар рөлі жоғары. Елбасының көрегенді, алысты болжай білетін саясатының арқасында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай екі жыл ішінде тарихи-мәдени орталықтар бірқатар істер атқарып үлгеріпті.
Бұрым ОРЫНБАСАР.