Елбасымыз биылғы Жолдауында құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет екенін айтқан болатын. Осы бағытты жүзеге асыру мақсатында түрлі жұмыстар атқарылып келеді. Оның ішінде еліміздің әр аймағында ашылып жатқан фронт-офистерді де айтуға болады. Жақында біздің аудандық полиция басқармасы жанынан да аталған фронт-офис ашылып, аудан халқына тиісті қызметін көрсетуде.
Полиция жұмысының ашықтығын көрсететін бұл шағын кеңсеге өткен аптада Алматы облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Нұрлан Алмасбеков арнайы келіп, арызданушы азаматтардың түйіткілді мәселелерін тыңдады. Өз кезегінде Нұрлан Сейсетайұлы арыз-шағымдарын айтып келген жандардың сұрақтарына толықтай жауап беріп, шешім жолдарын да нұсқады. Ал, өтініштерін білдіріп келген азаматтардың бірқатары фронт-офистің ыңғайлы екенін айтып, мәселелері қысқа уақыт аралығында қаралғанын да жеткізіп жатты. Өздерінің өтініштерін білдіргендер арасында қару пайдалануға рұқсат сұрау, көлік ұрлығы, көші-қон және тағы басқа мәселелері бойынша келгендер де болды.
Осылайша, полиция полковнигі Нұрлан Алмасбековтың сағат 10.00-ден 12.00-ге дейін қабылдауында болған азаматтар, заң айналасында шешілетін сұрақтарына толықтай жауап ала білді. Бас-аяғы 20 шақты арызданушының түрлі өтініштері осы қызметтік кеңседе өз шешімдерін тапты деуге болады. Жалпы, заманға сай жабдықталған, өтініштер легі қысқа мерзімде қаралатын, қолжетімді бұл кеңсенің алдағы уақытта да халыққа тигізер пайдасы мол деп білеміз!
Дидар МУХАМАДИЕВ.